Моника

Блог - BakytgulSarmek: Моника
Әйнегі арзан қауырсын қара көзілдірік киген таксиші жігіт бит тістеген әйелдей сағызды алдыңғы тістерімен былай да солай уатып, иегін дір-дір етіп әлі шайнап келе жатыр. Тіпті түкірігін көпіршітіп шашып, сағызын үріп-жарып алды. Мен терезеден көз алмай сыртқа келе жатқаныммен оның жалтақ-жалтақ етіп бетіме бір, қысқа етегім жетпей қалған жалаңаш тіземе бір көз жүгіртіп отырғанын сезіп келемін.
Төбесіне тырбиған сұр жыңғылдар өскен құм төбелердің арасынан үйлердің мүк басқан сарғыш шатырлары да көріне бастады. Ауылдың бейнесі салақ әйелдің көйлегіндей солғын тартыпты.
Ана төбелердің бержағында орналасқан бейіт қоршауы ентелеп жол жиегіне жетіп қалыпты, мола көбейген ғой. Таксиді тоқтатып, далаға шықтым. Бұрын бейіт қоршауының ең шетіне қаланған бауырымның бейітін әрең таптым, ортасына қарай жылжыпты. Күн жеген құлпытастың жазуы өшуге айналған, бейіт тастары мүжіліп, үгітілілген. Менің де сағынышым сейіліп, күрсінуім азайыпты. Көзімнен жас шықпады, мұңайған да жоқпын.
Қаңылтыр көліктің қабырғасын сөгіп түсірердей даңғырлатып магнитафонның музыкасын бар дауысына шығарып қойған мына есалаң таксишімен ұрысайын дедім де ерініп қалдым.
-Болат ақаның қызысыз ба?
-Ммм…
-Болат ақа дүкеннің алдында мас болып жүр екен, басым ауырып тұр деген соң шамалы ақша беріп кетіп едім алдында…
— Ммм…
-Сізді бір жерде бастық дейді ғой…
-Ммм…
Әкемнің оған қарыз екенін ескерте отырып, мас болып жүргенін қоса атап өтіп өзінің пәсін көтеріп алғысы келгендей қауырсын көзілдірігін бір дұрыстап, иығын қомдап қойды. Базардан алынғалы үстінен шешіліп көрмеген кір-кір көйлегінің жағасын дұрыстап, көзілдірігінің үстінен маған қарады.
Кешке таман Болаттың қызы келіпті деп көршілер, туыстар жинала бастады. Амандық-саулықтан соң әрқайсысы бастан аяққа дейін сын көзбен мұқият қарап алып жатқандарын байқадым. Ертеңгі күнге талғажау қылар жаңа өсек керек шығар оларға.
Шай ортасында сыртқа шықпақ болып ауызүйге шықсам қазан жақта жүрген келіндердің бірі есік алдында сыңары тоңқайып жатқан туфлиімнің бірін аяғына өлшеп киіп қарап тұр екен. Ыңғайсыз жағдайдан аулақ қашып, әзілге көштім:
-Ініме дұрыс қарап жүрсең, туған күніңе беріп жіберемін осындай туфли. Бетіндегі қоңыр секпілдерді қанға тотыға қоюланып, ұялып қалды.
Көктемнің жылы күні болса да үстіне киіп алған қалың тоқыма көйлегінің етегі делеңдеп ана жақтан Моника жүгіріп келе жатыр. Елуге жақындап қалған жасына қарамастан ақыл есінің кемдігі мен тілінің мүкістігіне бола бала-шағаға дейін Моншақ деген әсем атын ұмытып, Моника дейтін. Еркелету ме, көзінің қыли, мұрынының пұшық екенін мазақтап, ұсқынсыз түрін сұлу Моника Беллучимен салыстырып атады ма, ол жағы маған әлі күнге белгісіз. Бас салып құшақтап, түсініксіз былдырлап асығыс сөйлеп жатыр. Мойыныма ып-ыстық жас тамып кетті.
-Қой, Моника, үлкен қыз жылай ма? Болды, қой, -деп арқасынан қағып жұбатсам да қояр емес. Бетімді сүйіп-сүйіп, сілекейден құрғақ жер қалдырмады. Айран ішті ме, әлде құрт жеді ме білмеймін, сүйген жерлерінен ашыған сүттің иісі шығып тұр.
Құлағындағы ауыр темірден соғылған сырғасы дір-дір етіп солқылдап тұрып жылайды. Бұрын тілін аздап түсінетін едім, қазір тіпті ұмытыппын.
Мені босанар уақытында шешем перзентханада Моникамен бірге жатыпты. Құшағындағы балпанақтай сәбиін кеудесіне басып, қуыршақтай қызықтап жүрген кезінде туыстары бала бағуға оның қабілеті жоқ деп алаңдап, ұйықтап жатқан кезінде жөргекке оралған бөбегін баласы жоқ ерлі-зайыптылардың құшағына салып жіберген. «Бөпесінің жоқ екенін біліп Моника аңырап жылап, ешкімге жұбанбады. Сүт толған омырауы тасырайып, кейін жара болып, әбден қиналды сорлы» деп айтып отыратын мамам. Өксігін басып, жасқа шыланған дымқыл кірпіктерін үздіксіз қағып, көзін жыпылықтатып, мамамның қасына келіп жөргектегі маған ұзақ қарап отырады екен.
Желкілдеп көз алдында өстім Мониканың. Ағайындарының үйінде тұратын Моникадан су тасу, қой бағу, егіннің шөбін жұлу жұмыстары артылмайтын. Қолы босағанда бізбен бірге доп ойнайды. Ойнап жүріп елеусіздеп келіп мені құшақтап алу, балалармен керіскенде қарсыласымды мен үшін түйіп құлатып жіберу сияқты қылықтары үйреншікті болып кетті.
Міне, сол Мониканың жүрегі жарылардай егіліп жылап тұрысы мынау. Көз жасының білегімен сүрте салып, етегін түріп, қарынындағы бір қарыс тыртықты көрсетіп жатыр. «Қой, ұят болады» деп етегін жапқаныма қарамастан былдырлап айтқан арызынан жақында соқырішектен ота болғанын түсіндім.
Ауылда болған екі-үш күнімде Моника менің жанымнан шықпады. Таң атпай тістері түсіп қалған қызылиегін мыжырайтып күлімдеп келіп тұрады. Кеш батқанша менің жанымда.
Ойыма қай сайтан салғанын кім білсін:
-Бөпенің папасы кім?-дедім қолымда әлди жатқандай құшағыммен ауаны қармап көрсетіп. Шошынып қарады. Құбыжық көргендей тоқыма көйлегінің етегі далаңдап жүгіріп кетіп қалды. Және жолында жатқан құман-шылапшындарды аяғымен қағып, ауызүйді азан-қазан қылып кетті.
Кешке қарай ретсіз қиылған шашы жалбырап, есік жақтауынан сығалап тұрған Мониканы көрдім де сыртқа шықтым. Айналасына алақ-жұлақ қарап алақаныма бірдеме қыстырып жатыр. Әскер киімін киген үш жігіт түскен ескі фото. Шеті жиырылып, бояуы өше бастаған сарғыш фотоға үңіле қарап, екі орыс жігіттің жанында тұрған сұлу мұртты жігітті шырамытқан сияқтымын. Саржа әженің Алматыдағы үлкен ұлы болса керек. Ауылда өткен бір-екі тойға келген кезінде дене бітімі сұлу жігіт ағасын ауылдағылар тамсанып біраз әңгімелеп еді. «Әйелі театрда ойнайды екен», «Ұлдары шетелде оқиды екен», «Саржаны келесі жылы шетелге курортқа алып барамын депті», «Профессор екен өзі», «Тіпті ана жарымес Моникаға да сырға алып келіпті» деген әңгімені аңыз айтқандай өршітіп еді.
Саржа кемпір кенже сіңілісі Мониканың ақыл есі кем болса да мүгедектерге арналған үйге тапсырмай өз үйінде ұстады.
Суреттегі мұртты жігітті нұсқап «Бәбә» деді. «Папа» дегені шығар. Көзінің ағы молайып, жан-жағына ұрланып қарады да саусағын ерініне тақап «Түшшшшш» деп ымдады. Неге екенін өзім де білмедім, бұрыннан өзім білетін құпия сияқты, бұған аса таңырқай алмадым. Мүмкін тосын жағдайларға, ақылға сыймайтын кейбір келеңсіздіктерге, небір сорақылықтарға әбден етім үйреніп қалған шығар.
Таңертең күн шықпай қалаға кеттім. Ұйқысынан тұра сала арсалаңдап біздің үйге жетіп келген Моншақ менің кетіп қалғанымды естіп мұңайған шығар, мүмкін қорсылдап жылады…
Бөлісу:

2 пікір

asaubota
әңгімелерің ұнайды маған. адамды күшті суреттейсің
ken
Бетінен сүйген жері күшті кетіпті))