"Сен барсың тек менде"...

Өміріңде кездескен кез-келген адам өзіндік бір із қалдырмаса да, сені бір нəрсеге үйретеді, — деп жатады. Мына бес күндік ғұмырда қанша адамды бір-бірімен жолықтырады Жаратқан. Соның əрбірінің қылығын, ойын, пікірін, көзқарасын елеп-ескеру мүмкін емес те шығар. Бірақ адамның болмысы, қасиеті, рухани танымы қандай болса, əрқайсымен тілдесіп, пікір алмасқан кезде, тура сол таным-түсінікті ұғыну үшін дəл сол деңгейге түсіп немесе өресі жеткенше сол биікке бойлайды. Адам мен адам жолыққанда ең алдымен антиптия, содан соң симпатия орнайды дейді араларында. Кім болса да, бір жолыққанда сынай қарап, келіспейтін қырлары мен ұнамайтын тұстары көзге оттай басылып, оғаш көрінетіні содан. Ал содан соң, тіл табысып, жөн біліскен соң ғана, ол кісінің ниетін, басқасын біліп жатамыз. Осы кезде симпатия оянып, пікірлестік, ортақ көзқарас қалыптасуы мүмкін. Ал одан соңғы эмпатия деңгейіне айлар, жылдар бойы жете алмай жүрген талай дос, бауыр, тіпті сүйем деген ғашықтар да бар көрінеді. Сана мен сананың, адамгершіліктің, танымның, ниеттестіктің, түйсіктің тоғысуы, шын ұғынысудың белгісі осы!

Зымыраған өмір ағынында мұндай адам сен үшін уақытты тоқтатып қоя алады. Əбден көңілің қалып, жан баласына сенбейтін қатал жүрегіңді жібіте алады. Бей-жай тірліктің қамында, өзгені елемейтін, ешкімті ойламайтын тар пейіліңді кеңейтіп, қамсыз, өзімшіл, тəкəппар кеудеңді де иілтетін осы адам.  Біреуге шын жанашыр болсаң, шын ниетіңмен тілекші болсаң,   ішкі сырыңды еш бүкпесіз төге алсаң, ол саған жақсылық жасауды үйретсе, міне, нағыз еркіндік, батырлық, ашықтық — осы! Бұл нəрсеге тек жанымыздағы нағыз жанашыр адам үйретеді.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше