Бастауыш кәсіпкерге 8 кеңес.
Қайырлы күн, достар. Бүгінгі блогымда өз ісін жаңадан бастағалы отырған кәсіпкерлерге керек кеңестер ұсынамын. Кәсіпкер болу тиімді екенін жақсы білесіздер. Бірақ, оңай емес.
«ONTUSTIK» Кәсіпкерлік мектебінде бизнес-тренер болып жұмыс жасағаныма 2 жылға жуықтап қалды. Өзім кәсіпкер болмасам да, кәсіпкер дайындап, оқытып, білім беріп жүрмін. Егер қандай да бір бизнес ашқыңыз келіп жүрсе, төмендегі кеңестерді есте сақтап жүріңіз.
1. Сенім
Ең әуелі адамға сенім керек. Өзіңізге сеніңіз. Өзіңіздің табысты болатыныңызға сеніңіз. Ал егер керісінше, бастаған ісіңіздің мол табыс әкелетіндігіне, табысты кәсіпкерге айналатыныңызға күмәнмен қарайтын болсаңыз — бос әурешілік. Яғни, сенімсіз түрде кәсіп бастау не айналысу – тышпайтын т@тті қинау.
2. Қорықпаңыз
Бизнес бастағалы отырған кез-келген адамның басында алғашқыда үрей мен қорқыныштың болуы заңды. «Бастаған ісім нәтиже бермесе ше? Банкрот болсам не істеймін? Ел- жұрттың бетіне қалай қараймын? т.с.с. сұрақтар адамды жеп қояды. Ештеңеден қорықпаңыз. Егер Сіз қорқақ адам болсаңыз, кәсіппен айналысудың орнына үйде отыратын едіңіз. Өз-өзін дамыту арқылы, алға қойған мақсаттар, өзіне деген сенімділік, білім үйрену арқылы қорқыныштарды жоюға болады.
3. Мақсат
Көз тартар дүниені, жақсы нәрсені көргенде немесе терең ойға берілгенде адам ең бірінші қиялға беріледі (қиялдайды). Қиял деген – жүйрік, түбі терең, тұңғиық. Сол қиялдағаннан – арман туындайды. Армансыз адам – қанатсыз құспен тең. Мақсат деген – сол арманын жүзеге асыру үшін адамның алдына қойған қадамдары. Мақсатқа жету үшін күніге қадам жасаңыз. Мақсат 2-ге бөлінеді. Біріншісі, ауызша (ойша) мақсат. Екіншісі, жазбаша мақсат. Ойыңызда жүрген мақсат келесі күні ұмытылып кетуі мүмкін. Сондықтан да, мақсаттарыңызды қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді етіп қойын дәптеріңізге жазып жүріңіз. Қысқа мерзімді мақсатты орындау арқылы ұзақ мерзімді мақсатты орындай аласыз. Әр мақсаттың орындалуы Сіз үшін мотивация болары анық.
4. Жоспар
Жоспарлаңыз. Жоспарлау құралдарын пайдаланыңыз. Жоспарға сәйкес жұмыс істеңіз. Сол кезде Сіздің жұмысыңыз өнімді әрі берекелі болады. Жоспарыңызға сәйкес бүгін істеу керек нәрсені бүгін істеңіз. Ертеңге қалдырылған істің оның ертесіне қалып кетпейтініне ешкім кепіл бере алмайды. Жоспарыңызды да қағаз бетіне түсіріп жүруді естен шығармаңыз.
5. Әрекет
Алға жетелейтін арман, анық мақсат, жүйелі жоспарыңыз бар. Осыларға әрекетті қосыңыз. Алма піс, аузыма түстің кебін кимеңіз. Әрекет түбі – берекет. Әрекет етіңіз, еңбектеніңіз. Сіздің табысқа жету мүмкіндігіңіз ұлғаяды. «Тоқтыққа үш жолмен жетуге болады: еңбекпен, тілемсектікпен және ұрлықпен. Соңғы екеуі кездейсоқ тоқтық. Кездейсоқ келген жеткіліктілікті, байлықты ұстап қалу қиын, тіпті мүмкін емес. Желмен келген несібе желмен ұшып кетеді». М. Кемел.
6. Шығыныңызды есептеп жүріңіз.
Күнделікті өзіңізге, отбасыңызға, бизнесіңізге кеткен шығындарды жазып жүріңіз. Бизнес-жоспар түзген кезде де, мүмкін болатын барлық шығындарды есепке алыңыз. Бастапқыда бизнесіңізден мол табыс түсті екен деп масаттанып кетпеңіз. Егер, сол табысты түсіруге кеткен шығыныңызды есепке алып жүрмесеңіз бәрі бекер.
7. Тайм-менеджмент
«Уақытты басқару – өміріңді басқару» — дейді. Ханға да, қараға да, бай мен кедейге де тәулігіне 24 сағат уақыт беріледі. Сол 24 сағатты кім қалай өткізіп жатыр, өзіне ғана аян. Өмірдің лезде, байқаусыз зырғып өте шығатынын бәріміз білеміз. Ал, сол алтын уақытымызды ұрлап, тонап жатқан нәрселерді елеп жүрміз бе? Расында, кәсіппен айналысамын деген адам өткен уақыттың кері қайтарылмайтынын, ертеңгі күнің жұмбақ екенін, бүгінгі күннің сыйлық екенін түсінуге тиіс.
8. Білім іздеңіз
Тек қана кәсіппен айналысқысы келетін адам ғана емес, кез-келген адам күн сайын білім іздеуі тиіс. Білімсіздік – қараңғылыққа жетелейді. Білім өмірде – таяныш, жолда –дос, жалғыздықта – жолдас, қуанышта – бастаушы, қайғыда –медет, күресте – құрал, зұлымдыққа қарсы айла деп діни хадистерде бекерге айтылмаған. «Қараңғылық – бар бәленің бастауы, тасырлық та, тоғышарлық та содан, қараңғылықтың бұғауы мен надандықтың кісенінен азат ететін жалғыз күш — оқу» — деген екен академик Мырзакелді Кемел. Білім іздеген адамның алдында қиыншылық аз болады, кез-келген тығырықтан шығудың жолын табады, болашаққа деген мүмкіндік ашылады. Сондықтан да күн сайын ізденіңіз, үйреніңіз, оқыңыз.
Пікір жоқ әзірше