Домбыра Party: Reloaded

Сағынып қалыппын. Ән сұрап кеу-кеулеген көрерменді, «Бері әкел домбыраны»,- деп ортаға ұмтылған өнерпазды, жастығы есіне түскен қарияны, таңырқай қараған бөбекті, бәрін сағыныппын. Бүгін құмарымыз қанды. 2017-нің жазындағы алғашқы Домбыра Party рахатқа бөледі де тастады. Блог - Marco: Домбыра Party: Reloaded

Алматы патиларын ұйымдастырып жүрген Сағыныш деген қарындасқа сырттай ырза болушы едік, бүгін өзімен танысып, өнеріне куә болып, қол соқтық. Бір емес бес өлең айтқан еді, видеоға дұрыс жазылғаны осы ғана екен.



Домбыра патидің маған ең ерекше ұнайтын тұсы — өнері бар адамның қарап тұра алмайтыны. Басында қысылса да, қызды-қыздымен күтпеген адамдар сайрап кетіп жатады. Бүгін Асқар деген ағамыз суырылып шықты.



Домбыра тарта алмаса да ән айтқысы келген көрермен көп болды. Бір-екеуін мен сүймелдеген болдым, қалғаны домбырасыз-ақ шырқап жатты. Тағы бір қызық — осы сайттың қолданушысы, Домбыра Party идеясына мұрындық болған жігіттердің бірі Aldeken -нің ұлдары өнер көрсетті. Кішісі Аронға тамсанып тұра беріппіз, ал Ахметті әйтеуір суретке түсіріп үлгердік.

Блог - Marco: Домбыра Party: Reloaded

Қуырдақтың көкесі әдеттегідей пати аяқталар тұста келді. Түрлеріне қарасаң, аузынан ана сүті кетпеген титімдей ғана үш бозбала келе қалды. Сен тұр, мен атайын деген мыңболғырлар екен. Ортаны әбден қыздырды. Ақылтай, Елнұр, Құштар есімді үшеу «Шабыт» колледжінің бірінші курсында оқып жатыр екен. Көп ән айтып еді, камераға ілінгені мыналар ғана.









Шабыт колледжінің студенттерімен қимай қоштасып жатқанда Шабыт университетінің студенттері келе қалмасы бар ма. Бұл жігіттер күйдің шебері екен.









Мереке мен Бақытжанның күйінен алған эйфориямен қайта қойғанды жөн көрдік. Бірақ бұл биылғы патилардың басы екенін ұмытпаңыз. Енді әр бейсенбі, сағат сегізде, Нұржол бульварында кездесеміз
Бөлісу:

6 пікір

MERmukhanov
Алғашқы бетке лайық!
Marco
Мен де солай ойлаймын %)
AyazhanMuhatai
Күштііі )) Керемет) биыл жазда міндетті түрде барамын деп отырмын )
Marco
Әрине, қалмаңыз. Ақпаратты тарата жүріңіз.
asaubota
неше жыл үзілістен кейін және жарнамасы аз болғанына қарамастан біраз жиналыпты. мықты!
Marco
Қой, үзіліс көп болған жоқ. Былтыр жазда да бір-екі рет өтті ғой деймін. Тек сиреп кетті. Енді бұйырса, суытпауға тырысам ғой.