"А мүмкін папамды өлтіріп кетсе ше?"

Үлкендер арасында болатын қақтығыс, жанжалдардың бала санасына қаншалықты әсер ететінін кітаптардан оқып, психологтардан ғана естіп қоймай, бала күніңіздегі өзіңіздің ұлы қорқынышыңызды еске түсіріп көріңізші…
… Бұрын түрмеге отырып келген Энгельсті сыртынан қаны бұзық, наркоман деп атайды жұрт. Әйелі Жанаргүл мамамның құрдасы, анда-санда сырласып келіп, шай ішіп кетеді біздің үйден. Энгельстің ауласынан шығатын айқай-шудың басты кейіпкері де Жанаргүл сол. Байынан таяқ жейді.
Көзіне қан толған Энгельстің кезекті қойылымының үстінен папам түспей ма бір күні. Ауласының жанынан өтіп бара жатқан папамның көзі Энгельстің қолындағы (күннің көзіне жалт-жұлт еткен деп әсірелемей-ақ қояйын) кәдімгі жыңғыл шабатын ағаш сапты балтаға түседі. Бір қолымен Жанаргүлдің қолаң шашын уысына толтырып алып, бір қолымен балтасын сілтегелі жатқан кезінде ауладан секіріп кірген папам араға түскен. Ажал тырнағынан құтқарғаны үшін алғыс айтып жатуға уақыт жоқ, Жанаргүл шашы жалбырап алды-артына қарамай қаша жөнеледі.
Балтасын жерге тастауға намысы жібермей, папама қарай сілтеп қалған Энгельс түрмеге бәлен жыл арқалап кете барды. Көршісін соттайын деген ниеті болмағанын да түсінемін папамның. Балта тізесіне тиіп, сүйегін опырып, қансырап жатқанын көргендер көмекке келіп, сол жерге дәрігері бар, милициясы бар бәрі жетіп, соңы сондай жағдаймен аяқталды. Хош, Энгельс кетсе кетсін түрмеге… Менің қорқынышымды айтайын.
Таяқтан көзі ашылған Жанаргүл жымың-жымың етіп біздің үйде шай ішіп отырған. «Байың түрмеден қашып шығып, кегін қуып жүрмесін, сені қойшы, біздің үйдегі отағасын да қоса кінәлап жүрмесе болды» деген мамамның сөзін естіп алып, ал енді ұйықтап көр. Біреу есікті соқса да Энгельс келіп тұрғандай, папам жұмыстан кешіксе де жолдан Энгельс ұстап алғандай болып тұрады, тіпті үйдің айналасындағы адам өлтіруге, жарақаттауға келетін темір-терсектің бәрін көз көрінбейтін, шөп арасына тығып әбігерге түсемін. Әрі кетсе 1-2 сынып оқимын. Қорқынышымды мамама айтамын, Энгельс папаны өлтіріп тастамай ма деп. Олар мені баласынып, сөзіме, үрейіме мән де бермейді.
От жағатын пештің ауызына келіп папам темекі тартатын қыстыгүні. Сыртқы есіктің кіре беріс алды сол жер. Есіктен Энгельс кіріп келіп, папаны бас салатындай көрінетін. «Папа, ана жерге темекі тартпашы» деп бір қыңқылдадым. «Пештің ауызын асйүйге қаратып өзгертейік» деп тағы да айттым. Ешкім тыңдамайды, мән бермейді де. Ал, сол үрей мені сол кезде қатты мазалаған. Қатты қорқатын едім. Бір-екі жыл жүрген шығармын сол қорқынышпен. Қазір ойласам, болмашы нәрсе.
Айтпақшы, кейін Жанаргүлдің ауласына кешқүрым электрик Жалғас кіріп бара жататын, кейде Сираж ағаның шөп таситын үлкен машинасы түратын сол ауланың алдында.
Бөлісу:

9 пікір

asaubota
қайтып оралған жоқ па сосын Энгельс?
BakytgulSarmek
өкпе ауруынан қайтыс болған сол жақта
Sebastian
Жақсы болған екен. Қуандыңдар ма уффф деп?
patick
Мен де бір рет дайындалғам. Көрші бір мұжық ішсе көрінгенмен төбелесетін. Сол кісі біздің пақанға тіс қайрап жүрді. Бір күні ішіп жүр екен, бүгін біздің үйге келетініне сенімді болдым. Бір таяқ дайындап қойдым. Ху-ху, ха-ха деп аздап жаттығып та алдым кинодағыдай. Бірақ келмеді, сукі
BakytgulSarmek
Минустап кететін қайсысың осы? *Demon* *Demon*
neoaskar
Әкемнің бір кісіні алып ұрғанын көргенмін кішкентай кезімде. бойы аласа болса да қайратты. сол көріністен кейін, қорқыныш деген болған жоқ. әкем біреу тиіссе сындырып тастайтындай көрінетін. қазір 70-ке таяп қалды. әлі тың. Құдай қуат берсін!