Білгірлер бәйгесі. "Керекинфо" командасының барлық ойыны және бірер сын

Өздеріңіз білетіндей /білмесеңіз осы посттан біліңіз/, бір топ блогер қауым "Қазақстан" ұлттық арнасының эфирінен берілетін «Білгірлер бәйгесі» атты зияткерлік сайыстың 2016 жылғы маусымына қатысты.
Жалпы, ойын дәрежеміз жаман болған жоқ: 32 команданың ішінде біз жартылай финалға дейін жетіп, 3-4 орынға тұрақтадық.
Ойындар қызық, дегенмен біртекті емес. Мысалы, естеліктерден: түсірілімдердің бірі қарсылас команданың қиғылық салуымен, айғай-шумен өтті. :) Ал соңғы ойынымызда Алмас Алтайдың тойы қабаттасып, Маралбек ұшып кетті, сол жартылай финалды ойнай сала артынан мен де асығыс ұштым Ақтауға. Бірақ жеңілісіміз соған байланысты деп тұрғам жоқ. :J

Қазақ телевизиясына интеллектуал жобалар қажет-ақ. Ол факт. Дегенмен, сапалы дүние — жоқтың қасы.
Біз қатысқан бұл сайыстағы сұрақтардың біразы — «ХХ ғасыр көшбасшысы» кезіндегі жұрнақтан қалған сауалдар сияқты. Дәл қазір 27 жасымда мен 16-ымда айтып кеткен «Функцияның экстремумдары» немесе "Қабысу, матасу, жанасу" секілді тіл элементтері туралы жауаптар бергім келмейді. Дегенмен, иә, бұндай сауалдардың болу/болмау мәселесі — талқыланатын, дауласуға тұратын, дәлелдеуді талап ететін сұрақ. Яки, бір жақты емес, әрине.

Сауалдардың және жауаптардың формулировкасы кейде сәл қисынсыз. Соңғы турда кейде не сұрап отырғанын, қандай стильде жауап беру керегін ұғыну да қиын. Бізде жауап іздеуде тым терең қазу мәселесі кездесті. Тым.

Жобаны ең басты екі кемшілігі бар.

1) Жылдамдыққа иек арту — оңай сұрақтарды, мәселен, кімнің қолы шапшаң, сол ала бермек. Біз ҚазҰУ-мен алғашқы ойынымызда сөйтіп жеңдік. Бұл — дұрыс емес, кейбір командалар сол әлеуеті ашылмаған күйі жобадан шығып кеткен шығар.

2) Сұрақтар бөлінісінде бағалау — бұрыс. Ойындардың бірінде, 2-турға, түркілердің «Бөрі» таңбасы туралы сауал келді. Бұрын бастық та жауап бердік. Сол үшін 50 (!) ұпай берді. Ал шартты түрде Рио де ла Плата өзені жайлы сұраққа 5-10 ұпай. Бөрі айуаны түркілердің белгісі екенін білу неге арнасы ең жалпақ өзенді білуден 5-10 есе артық бағаланбақ?

Одан бөлек, өзіндік себептермен біз жоба жеңімпазының адалдығына («Болашақ» командасы) жалпы күмән келтірдік және ұйымдастырушылардың немқұрайлылық ситуациясына іш тартпадық. Жеке өзім жүргізушіге де көңілім толмайды.

Жобаның алғашқы жүлдегерлерін қайдам, өзіміз олардың эфирін жасап бергеннен басқа марапатқа ие болғанымыз жоқ. Жақсы, мен аздап эгомды қасып алдым. Бірақ ұйымдастырушылар қаражатты қалай жұмсағаны қызық.

Жалпы, осы не осындай жоба бір қатар түзетулер мен өзгерістермен эфирде үнемі болғаны жөн деп ойлаймын. IQ-і салмағынан аспайтын бұл қоғам мүшелерін дамытудың бір жолы ТВ-жобалар екеніне кәміл сенемін.

p.s. Өзіміз тек сынай бермей, бір толық серия (оннан аса ойын) жүргізілген «Керекринг» жобасының негізінде іріктелген командалармен жаңа жобаны бірер орындарға ұсынып көргенбіз. Сұрақтар — терең зияткерлік деңгейде (ресейлік «Что? Где? Когда?» бағдарламасының шамасындағы сауалдар), жоғарыда аталған кемшіліктер жоқ. Соған орай кей тв-мамандардың «Шоу-бизнес, әншілер қатыса ма?» деген сыңайдағы сұрақтар болғаны күмілжітті. Әзірге, деңгейміз сол.
Мүмкін, ол жоба да өз уақыты мен арнасын күтіп жатқан шығар.
Бірінші іріктеу кезеңі:

Екінші іріктеу кезеңі:

1/4 финал:

1/2 финал:
Бөлісу:

2 пікір

ken
Танымал әнші, актёр тсс қатыспаса көпшілік қызықпайды. Ресейлік что где когда-да сұрақты көрермендер қоятын ба еді. Және онда ақша ұтып алуға болады. Сонысы бар. Ол ойындар сосын интернет жоқ кезде шықты. Содан да танымал ойынға айналса керек. Қазір ол ойындардың көрермендері бұрынғыдай көп емес қой деймін. Қазір интертейнмент көп.
RaymbekEgemberdiev
Эмм, бірінші кезеңде біртүрлі сұрақ. Bluetooth ешқалай да құрылғы емес, ол жай протокол.