ҰБТ нәтижелері қорытындыланды

Астана қаласында ҰБТ бойынша орташа балл — 89,2 болды деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz.

2016 жылғы 2-6 маусымда елордада Бірыңғай ұлттық тестілеу өтті. Қала бойынша орташа балл 89,2 құрады, өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 2,6 баллға өскен.

Биылғы жылы 4695 түлектің 3785-і тестілеуге қатысты, бұл түлектердің жалпы санының 80,6% құрайды. 887 оқушы (18,9%) дәстүрлі емтихан тапсырды, оның ішінде 262-сі — халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (жарыстардың) жеңімпазы, 625 – таяу және қиыр шетелдік ЖОО-ларға оқуға түсетін түлектер. 23 оқушы денсаулығына байланысты қорытынды аттестациядан босатылды.

Астана жаңалықтары: ҰБТ нәтижелері қорытындыланды

Ұлттық емтиханның қорытындысы бойынша № 72 мектеп-лицейінің түлегі Нұрасыл Ержанов 125 сұрақтың барлығына дұрыс жауап берген. 1460 (38,6%) түлек 100-125 балл жинады, 150 (5%) оқушы шекті балл ала алмаған.

«Алтын белгіге» үміткер 187 түлектің (Назарбаев университетіне түсетіндіктен біреуі емтихан тапсырудан бас тартты) 127-сі өз білімін растады, бұл 67,9% құрайды, 10 оқушыға 1 баллдан жетпей қалды, 3 оқушы қайта тапсыратын болды.

«Алтын белгі» иегерлеріне аттестаттар табыстау рәсімі 17 маусымда елорда әкімдігінің алдындағы қалалық алаңда өтеді.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше