Өлген әртіс ... сөйлейді

Сүйікті (болмаса да) актерыңның киноға түсіп жатқанын естіп, ал ол өнімнің бір/неше жылдан кейін жарыққа шығып жататыны қалыпты үрдіс. Өңделуі бар дегендей. Түсірілім барысы мен премьера арасының ұзақтығы/қысқалығы бәрінің ойдағыдай болуына кепілдік емес, себебі, ажал айтып келмейді. Өздері өлгеннен кейін барып киносы көрерменге жеткен жағдайлар аз емес.

Брюс Ли Game of death фильмінің түсірілімі аяқталмай жатып көз жұмған екен. Алғашында фильм толықтай тоқтатылғанымен, басым бөлігі түсіріліп қойғасын ба, қайта қолға алыныпты. Аяқталыпты. Назарға ұсынылыпты. Тек… Техниканың қарыштап дамыған кезі емес, Брюсті дублер алмастырғаны анық байқалады екен. Тіпті, бір сценада актердің кескінін «қиып» алып дублерға «жабыстырып» қойғандары көрініп қалыпты.

Фильм актердің қазасынан кейін бес жылдан кейін жарыққа шығыпты.

Жазушы Деннис Лихейннің «Animal rescue» әңгімесінің желісі бойынша түсірілген The drop — Джеймс Гандольфинидің соңғы фильмі екен. Оскардан үміткер болған, сегіз жылдық «Клан Сопрано» сериалындағы ролі үшін «Эми» сыйлығын алған актер «Жануарды құтқару» фильміндегі (атауы кейінірек «The drop» болып өзгертілген) Марв ролі арқылы мына өмірмен қоштасқандай.

Киностан: Өлген әртіс ... сөйлейді
Джеймс жүрек талмасынан қайтқаннан кейін бір жылдан кейін соңғы фильмі көрерменге жол тартыпты.

«Имаджинариум доктора Парнасуса» — Хит Леджердің соңына дейін ойнай алмай кеткен фильмі. Құрам бар үмітін тек Леджерге артып отырғанда ол өмірден озады. Тылсым мен сиқырға толы сюжет бойынша айнаның арғы бетіне өту арқылы кейіпкерлер өздері армандаған жерлерге, кезеңдерге аттанады екен. Фильмді басқа актермен қайта түсіру, мүлде тоқтату сияқты түрлі ойда жүрген Тери Гиллиамға кенеттен бір идея келеді: Тони Шепард «айнаға кірген» кезде оның кескіні өзгеріп кетеді. Осы ұтқыр шешімі, әрі Джони Депп, Джуд Лоу, Коллин Фарел сынды танымал актерлерді тарту арқылы «The imaginarium of doctor Parnassus» құрамы қиын жағдайдан шығады. Леджердің кейіпкері Тони Шепардтың «айнадағы» әр кезеңдегі болмыстарын сомдаған актерлер гонорарларын түгелімен Хиттің отбасына табыстаған екен.

Киностан: Өлген әртіс ... сөйлейді
Актер қайтыс болғаннан кейін, яғни, 2009-жылы аталған фильмнің тұсауы кесіледі.

Атағы әлемге тараған, жүз шақты фильмге түскен мегажұлдыз Робин Уиллиамс асылып өлгеннен кейін жарыққа шыққан үш фильмнің бірі — Night at the museum 3. 2006-жылдан бері фильмнің үш бөлімінде де Робин АҚШ президенті Теодор Рузвельттің ескерткішінің ролін сомдайды.

Киностан: Өлген әртіс ... сөйлейді
Кино саласына ең ұзақ уақыт арнағаны үшін Гиннестің рекордтар кітабына енген актер Микки Руни ойнаған қарауыл Гас ролі де актердің соңғы кейіпкері екен.

32 жастағы Бриттани Мерфи өзінің «Abandoned» деп аталатын фильмінің премьерасына қатыса алмай, оқыстан қаза тапқан.
Мэри Уолштың көңілін аулап жүрген жігіті ауруханаға түседі. Өзі әкелгенін анық білсе де, бейнебақылауда байқалмаған, тіркеуге алынбаған «елес» жігітті дәрігерлер қыздың жеке өмірде жолы болмай жүргенімен, ұйықтататын дәрі, антидеприсанттар қолданатынымен байланыстырады. Өзінің психикасына күмәндана бастаған кезде шындықтың бір ұшын табатын Уолш образында Мерфи мәңгілікке аттанады.


Премьерадан сегіз ай бұрын дүние салған Бриттанидің құрметіне фильм «In memory of Brittany Murphy» деген жазумен аяқталады…
Бөлісу:

1 пікір

ken
Брюс Лидің ұлы Брендон Ли де өзі түсіп жатқан кино түсіріліп болмай қайтыс болған. Лидің ролін дублер ойнап шығады. Жоғарыда айтылған жағдайлардан ерекшелігі, Ли киноның түсірілу барысында қайтыс болыпты. Кино желісі бойынша Лидің кейіпкеріне тапаншамен оқ атылады, тапанша оқсыз болғанымен атылған кезінде тапаншадағы бітеуіш актердің ішіне тиген екен.