Мен тамашалаған Тараз (тарих)

Адамзат өркениетінің дамуына серпін әкелген Ұлы Жібек жолының солтүстік бөлігінде, Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан, ежелгі қаңлы, ғұн, үйсін, сақ тайпаларының астанасы болған, түрік, қарлұқ, түргеш қағанаттары кезінде едәуір гүлденіп бой көтерген, талай тарихи оқиғалардың сүрлеуінде талқандалып, феникс құсы секілді қайта түлеп, қазақ хандығы тұсында тарих аренасына қайта шыққан, кеңес заманында “Мирзоян” аталып дәуірлеген, кейін XIX ғасырда “Әулие Ата” аталып, онан соң “Джамбул” болып, Қазақ Тәуелсіздігін алғаннан кейін, елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен “Тараз” атауын қайта алған Ежелгі Тараз шаһарының екі мың жылдан аса тарихы бар.
Қатарынан алтыншы рет өтіп отырған блогқұрылтайдың биылғы табан тіреген жері де осы Талас бойындағы Тараз қаласы.

Блог - ErbolAliaskaruly: Мен тамашалаған Тараз (тарих)   Блог - ErbolAliaskaruly: Мен тамашалаған Тараз (тарих)

Блогтур шарасы бойынша, біз барған алғашқы нысан түп тарихымызды заттай айғақтайды. Ол қазақ хандығының 550 жылдығына орай бой көтерген “Көне Тараз” тарихи-мәдени орталығы. Бұл саябақ құрамына “Көне Тараз” мұражайы, “Достық үйі”, шолу мұнарасы мен “Мыңбұлақ” сквері кіреді. Бұл орталықтағы зерттеу жұмыстары 2011 жылдан бері жүргізіліп келе жатыр. Орталықтан археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған барлық құндылықтар “Көне Тараз” тарихи мәдени орталығындағы музейде, сонымен қатар Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейлерінде ел назарына ұсынылған. Өткен тарихпен қайта қауышу үшін, онда қойылған әрбір экспонат пен құнды қалдық заттардың тарихын білу маңызды. Біз көне қала орнын аралай келе, қала мәдениетіне қатысты көптеген мағлұматтарға тәнті болдық, қажетін түртіп алдық, теориямызды практика тұрғысынан байланыстыруға тырыстық.

Блог - ErbolAliaskaruly: Мен тамашалаған Тараз (тарих) Блог - ErbolAliaskaruly: Мен тамашалаған Тараз (тарих) Блог - ErbolAliaskaruly: Мен тамашалаған Тараз (тарих)

Негізінен Тараз қаласы туралы әлемдік Бартольд, Берштам, Әлкей Марғұлан, Алпысбаев секілді зерттеуші, археолог, саяхатшылардың еңбектерінің нәтижесінде, қаладағы көкбазар орынының астында, ежелгі қала орынының бары анықталған және аталмыш орынды түгелдей дерлік зерттеу жұмысы мен археологиялық қазба жұмыстарына тек отандық археологтар ғана емес, сонымен бірге шет елден, нақтырақ айтқанда Лондондағы IICEL университетінің археолог зерттеушілері, және “Қазархеология” ЖШС серіктестігі жұмылдырылған. Тынымсыз еңбек пен төккен тер нәтижесінде қала мәдениетіне, тұрмыс тіршілігіне қатысты көптеген жаңалықтар ашылған. Бұл елбасы Н.Назарбаевтың “Мәдени мұра” бағдарламасы бойынша жүзеге асып жатқан тыңғылықты шаралардың бірі екендігін айта кету керек.
Жалпы Тараз аумағында палеолит дәуірінен жеткен 1500 ден аса мәдени ескерткіштер кездеседі. Ежелгі Тараз орнында жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде оларды 5 санатқа бөліп қарағанымыз дұрыс:
1. Қазіргі заман
2. XIII-XVғғ аралығындағы мәдени іздер
3. XI-XIIғғ қаланың бар болғандығын көрсететін жәдігерлер
4. VIII-Xғғ Түркеш, қарлұқ мәдениетінен хабардар ететін қалдықтар
5. V-VIIғғ үйсін, ғұн, түрік қағанаттары кезеңдеріндегі қалдық заттар.
Зерттеушілердің тұжырымы бойынша қала негізінен үш бөлікке бөлінген. Олар Цитадел (орталығы), Шахристан, Рабат. Зерттеулер нәтижесінде, қала орынынан ежелгі қала әкімшілігі құрамы болған цитадел орынынан ежелгі Тараздың басқарушысының сарайы және қала қазынасы, ақша шығаратын кәсіпорындар ізі табылған. Біз бұл қазба жұмыстары нәтижесіне қарап, қалада кезінде теңге соғатын сарайдың болғанын және және табылған 78 ден аса монеталарға қарап, өркениеті дамыған озық үлгідегі қалалардың бірі болғанын білеміз.
Шахристан көбіне бай көпестердің, және сырттан келген саудагерлердің қоныстанған жері болған, ал Рабатта көбіне қолөнершілер мен кедей кепшік саудагерлер тұрған.
Өте жауапты қазба зерттеу жұмыстарының нәтижесінде табылған тағы бір көне жәдігердің бірі, бұл Түрік моншасы. Тараз ежелден-ақ сапалы моншаларымен аты шыққан ірі қаланың бірі болған. Зерттеу нәтижесі, моншаның Түрік моншасы екендігін және сол қалыпы сақталғандағын көрсетіп отыр. Бұл монша құрылыстарына қарап, көне шаһарда кәріз су құбыры технологиясын жоғары меңгергендігін, және су құбыры бірізге қойылғандығын көру қиын емес. Орта Азия бойынша тек Тараз шаһары ежелден жақсы моншаның пайдасын білген екен, және ол тек суға түсетін орын емес, онда келіссөздер, іскерлік қарым қатынастар жүріп отқан. Осы секілді тағы бір моншаны Тараздық көпес Қали Жүніс салдырған көрінеді. Монша ауданы 300 шаршы метрден асады. Және өткен ғсырда бұл моншаға қосымша жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бүгінде сырттан келген қала қонақтарының назарын аударып отыр екен. Бірақ, біз ол моншаны өкінішке орай тамашалай алмадық
Блог - ErbolAliaskaruly: Мен тамашалаған Тараз (тарих)   Блог - ErbolAliaskaruly: Мен тамашалаған Тараз (тарих)

Көне Тараз жерінде ислам дінінің орын тепкені белгілі. Ұлы Жібек жолы бойымен тек тауар тасымалданбаған, сонымен бірге діни идеяларда тарап отырған. Оның бірі християн болса, екіншісі ислам діні. Қазба жұмыстары кезінде, аталмыш орыннан 2006 жылы көне мешіт қалдықтары табылған. Оны шамамен XI-XII ғасырларға жатқызуға болады.
750 шаршы метрді қамтитын көне Тараз жерінен бұдан да басқа көптеген қалдық заттар табылған. Олардың барлығы да ежелгі Тараз мәдениетінен сыр шертеді. Атап айтар болсақ, тас кірпіштер, құмыралар, тұрмысқа пайдаланылған ыдыс-аяқ қалдықтары, керамикалық заттар, құман тұтқасы, сүйектер, және т.б. Бұл заттардан біз, шаһарда қолөнер технологиясының жоғары дамығандығын көреміз. Соңғы жылдары “Көне Тараз” тарихи мұражайы, ежелгі Тараз өмірінен сыр шертетін көптеген құнды экспонаттармен толығып отырған. Көзіме ерекше көзге түскендері, Тараздан табылған екінші алтын адамның макеті және Берел қорымынан табылған ерлі зайыптылардың макет экспонаты. Онда ерлі зайыптылар күнделікті тұрмысқа қолданатын ыдыс-аяқтарымен, ат-әбзелдерімен қоса жерленген. Көшпенділер тарихында, о дүние де өмір бар деген діни наным сенімнің негізінде мұндай үрдісте жерленген қорымдар өте көп болған. Берел қорымының көптеген обаларын жүйелі зерттеген тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашев.
Блог - ErbolAliaskaruly: Мен тамашалаған Тараз (тарих)   Блог - ErbolAliaskaruly: Мен тамашалаған Тараз (тарих)

Жамбыл атындағы тарихи өлкетану мұражайы, кешегі тарих толқынын түгел көрсете алатын бірегей мұражай. Мұражайдың үлкен залдары мен бөлмелерінде 35 мыңға жуық бағалы экспонаттар сақталған және олардың көбі Көне Тараздың гүлдену кезеңіне жатса керек. Тараз, бір кездері тайпалық одақтың астанасы болғандығын ескерсек, осы кезеңдерге жататын сауыт құмыраның өзіндік құпия сыры бар. Бір қызығы, құмыра мұздатқыш есебінде қолданылып, онда шарапты сақтаған, оны салқындату үшін қолданған. Қабырғаға ілінген үлкен көлемді картиналарды қарап шықсаңыз, құдды өзіңіз сол ғасырға еніп кеткендей әсерде жүресіз. Соңғы жылдары мұражай қоры көптеген экспонаттармен толыққан. Әрине жасалған жұмыстың нәтижесінің барлығы осында сақталатынын ескерсек, бұл күрделі әрі жауапкершілікті қажет ететін аталмыш ғимарат, қазақ тарихы, мәдениеті үшін үлкен құнды қазына екені сөзсіз. Қос мұражайдан көрген білген заттардың әрқайсысының табылу тарихы және соған орай сипаттамасы бар. Олардың барлығына тоқталу әсте мүмкін емес.
Блог - ErbolAliaskaruly: Мен тамашалаған Тараз (тарих)

Ежелгі Тараз орынын келешекте аспан асты мұражайына айналдырып, қала қонақтары мен сырттан келетін меймандарға көрсетілетін ең тарихи мәдени орын ретінде көрсетуге жұмыс жасап, сол бағытта болашақ Таразды туризм бағытына қарай жақындатып, туристік кешен есебінде халыққа ұсынуды жөн көрген, бұл бағыт бойынша мемлекет тарапынан тікелей қолдау көріп отырған Тараз әкімшілігі мен Тараз жұртының алға қойған мақсаттары ұшан теңіз. Бұйырса біршама жылдардан кейін ол мақсат мүдденің үдесінен шығады деген ойдамыз. Біз бас сұққан келесі нысаналардың дені, ежелгі Тараз мәдениетімен тығыз байланысты. Оларға да аз кем тоқталып, ерекшеліктерін тілге тиек еткенді жөн көрдік.

Мәдени ескерткіштер. Шаһардағы әр мәдени ескерткіш пен тұрғызылған кешендердің барлығы дерлігі белгілі бір кезеңде құрылған немесе салынған. Тараз дегенде әуелі Талас өзені еске түседі, оның да себебі бар. Қаланың алғаш бой көтеруі осы Талас өзенінің оң жағында, Тараздың шығыс жағында орналасқан Тектұрмас әулие кесенесімен тікелей байланысты. Төбенің басында салынғандықтан да, оны кезінде қамал есебінде пайдаланса керек. Айта кетейік, Тараз жерінде алғашқы қамалдардың көп болғандығы, ол уақыттағы ұрыс керіс, соғыс секілді тарихи оқиғалардың көп болғандығымен де тығыз байланысты. Бұл кесене, ғалымдардың айтуы бойынша, Ұлы Жібек жолына дейін тұрғызылған, яғни арғы бір тегі сақ дәуірі. Мұнда Сұлтан Махмұд хан жерленген. Тектұрмас халықтың берген лақап аты. Діндар адам болған, дінбасылығымен қоса, адам емдегіш, әулиелік, бақсылық, көріпкелдік қасиеттерге де ие болып, ел кезіп адам емдейтін көрінеді. Сол себепті де Тектұрмас аталып кеткен. Кесене күйдірілген кірпіштен салынған. Жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдарында кесене, дінге қарсы большевиктердің ықпалымен қиратылып, аталмыш ғасырдың сексенінші жылдарында түсірілген фото суреттерге қарап, кесенені қайта қалпына келтірген. Бұл ескерткіш негізінен, зиярат ету орыны болып табылады. Кесененің оң жағында, қазақтың ұлы батыры Мәмбет батырдың бейітінің үстінен салынған кесене тұр. Ол тарихтан белгілі, қазақтарды Жоңғар шапқыншылыған азат етуге ат салысқан, Тараздан шыққан ежүрек батырларлың бірі.
Блог - ErbolAliaskaruly: Мен тамашалаған Тараз (тарих)   Блог - ErbolAliaskaruly: Мен тамашалаған Тараз (тарих)

Блог - ErbolAliaskaruly: Мен тамашалаған Тараз (тарих)   Блог - ErbolAliaskaruly: Мен тамашалаған Тараз (тарих)

Мұндағы әр ескерткіш пен әр мәдени орынның өзіндік тарихы мен салыну ерекшелігі барын атап өттік. Соның бірі, Қарахан кесенесі. Кесене негізінен қараханид әулетінен шыққан, даңқты батыр, ержүрекҚараханның(Ша Махмұд Боғра хан) атына салынған. Шамамен XI-XII ғасырларға жатады. Кесенеге отыз түрлі оюлы кірпіштер қолданған. Осыған дейін, тек күмбезі ғана құлап, ол 1906 жылы қайта өңделіп, 1979 жылы күрделі жөндеуден өткен. Қарахан батырға қатысты айтылатын есті әңгіме былай өрбиді. Төрелігін бетке айтатын хан ештеңеден тайсалмайтын ержүрек батыр болған екен. Ол тіпті арыстанның өзін жеңген адуынды күшке ие болған көрінеді. Тек бәйбішесіне ғана сөзі жүрмей, айтқанын жасата алмаған екен. Таң қалған бір уәзірі: “Алдыңызда бүткіл әлем иіліп тұрғанда, әйеліңізге қалайша сөзіңізді жүргізе алмайсыз”- деп сұрайды. Сонда Қарахан: “Жарымның осындай болғанына шүкірлік етемін. Бүкіл әлем менің алдымда бас иіп тұрса, өзімді бәрінен биік көріп, ібілістің алдауына алданып, тәкаппарлықтың торына түсер едім. Әйелімнің арқасында, өзімді Құдайдың көп бейшара құлы екенімді түсініп, үнемі тәубеме келіп отырамын”- деген екен. Кесенеге қатысты тағы бір айта кететін жәйт, кесене алдында елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 1996 жылы салынып, ұрпақтарына жазған аманат хаты бар. Алла жазса, ол хатты 2100 жылы біздің ұрпақтарымыздың ұрпақтары оқып, тарих беттерімен танысатын болады.
Блог - ErbolAliaskaruly: Мен тамашалаған Тараз (тарих)   Блог - ErbolAliaskaruly: Мен тамашалаған Тараз (тарих)

Блог - ErbolAliaskaruly: Мен тамашалаған Тараз (тарих) Блог - ErbolAliaskaruly: Мен тамашалаған Тараз (тарих)

Айша бибі кесенесі. XI-XII ғасырдағы сәулет өнеріндегі бірегей туынды. Ел аузындағы аңыз әңгімелердің бір парасы осы Қарахан мен Айша бибі сұлудың мәңгілік махаббатына арналып айтылады. Ертеде бір көпестің Айша бибі дейтін елден асқан сұлу қызы болған деседі. Ол сұлуға, Қарахан батыр ғашық болып, баянсыз тағдыры, қыздың өлімімен аяқталады. Бірақ соған қарамастан некесін қидырған Қарахан, аруына арнап күмбезді ескерткіш кесене тұрғызады. Және өзіне де сол кесенеден алыс емес жерге мазар салғызады екен. Қарап тұрсаңыз, екі ғашықтың кесенесінің арақашықтығы сол уақыттағы Айшаның жасымен бірдей, яғни 18 км. Аталмыш кесенеге қатысты тағы бір қызықты мәлімет, бұл кесенеге 62 түрлі саз балшықтан жасалған кірпіш қолданған. Негізгі ою өрнек түрі арқар мүйіз. Сол өрнекті 62 түрлі етіп қолданған, яғни Қарахан кесенені тұрғызуға, алпыс екі түрлі тайпаның шеберлерін шақырса керек. Және қос ғашықтың кесенесі геометриялық сызумен салынған.
Блог - ErbolAliaskaruly: Мен тамашалаған Тараз (тарих) Блог - ErbolAliaskaruly: Мен тамашалаған Тараз (тарих)

Блог - ErbolAliaskaruly: Мен тамашалаған Тараз (тарих) Блог - ErbolAliaskaruly: Мен тамашалаған Тараз (тарих)

Бұл тарихи орындар тек біз барып, өз көзімізбен көріп, тарихымен етене танысқан жәдігерлеріміз ғана. Қала да бұдан да бөлек, Дәулетбек кесенесі, Қали Жүніс салдырған шығыс моншасы, Ақыртас сарайлық комплексі секілді көне іздерге бай, жаңартылған ғимараттар өте көп. Алла бұйыртса, келесі сапарларымызда олармен де жақын танысатын боламыз.

Қорытынды. Қазақ елінің құрылу тарихымен тікелей байланысты қасиетті Тараз шаһарының тарихын білу, шыққан тегіңмен, тұтас алаштың тарихын танығанмен бірдей десек артық айтпағандық болар еді. Жоғарыда сөз еткен бір ғана Тараз қаласының тарихы, көптеген ескі кезеңді артқа тастап, сол көне жәдігерлермен бүгін дараланып, маңызданып отыр. Сонысымен де құнды. Бұл тарихты әрбір өскелең ұрпақ білуі керек, қаншама қиын соқпақпен жеткен азалы күндердің қадірін жоғалтпауы тиіс және біліп қана қоймай қала тарихына келешекте өзі де, білім, ғылым, өнер салалары бойынша тамшыдай үлес қосып, бабалар аманатын қастерлеп, биіктете беруі керек деп ойлаймыз.

Мен тамашалаған Тараз келешекте, әлемдік туристік кешендердің біріне айналуы керек. Мен тамашалаған Тараз әлем мәдениеті мен өркениетіне қосқан өлшеусіз үлестері арқылы, әлем тарихында мәңгілік қалуы керек. Мен тамашалаған Тараз, болашақта барлық сала бойынша алдыңғы қатарлы, озық қаланың қатарынан түспеуі керек. Құрсағы алтын Тараз, елі сүйген Мәмбет пен Сыпатайды да, елге жыр нәрін себе білген Жыр алыбы Жамбылды да, Қазақтың нар тұлғалы, от ауызды орақ тілді, көсем Бауыржанды да әкелген қасиетті құрсақ. Лайым да сол құрсақтан, алдыңғы ізгі буынның жолын қуар, асыл азаматтар мен тұлғалаларды дүниеге әкеле беретініне сенім мол. Қасиетіңнен айналайын бабалар отаны, тарихымның алтын діңгегі Тараз елі!
Блог - ErbolAliaskaruly: Мен тамашалаған Тараз (тарих)
Бөлісу:

1 пікір

FaraOn1
Көпәріп екен))) негізі осы тараздықтар таза городской қазақтардың ұрпағымыз деп мақтана алады иә?)