Тек қана "Хардкор"

Кезінде «Biting Elbows» инди-рок-тобының «Bad Motherfucker» деген клипі біраз шу тудырып еді. Әрине, позитивке толы шу. Сюжетті баяндау тәсіліндегі жаңа бетбұрыс ешкімді бей-жай қалдырмайтыны анық. Бұл видеоклип Тимур Бекмамбетовтың де көзіне түсіп, осының негізінде толықметр кино түсіру идеясын да көтерген сол еді.

Бекмамбетов режиссер іздеуге бас ауыртпастан, бұл міндетті «Bad Motherfucker» клипін түсірген, «Biting Elbows» тобының мүшесі Илья Найшуллердің өзіне тапсырды.

Жоба толықтай сәтті шықты деу қиын, өйткені халықаралық басылымдардың бірқатары мақтады, бір бөлігі төмен баға берді. Сондықтан да фильмге, өз басым, ұнамай қалу мүмкіндігін ескеріп, іштей дайындалып бардым.

Киностан: Тек қана Хардкор
Фильм 100 пайыз бірінші жақтан түсірілген. Яғни, барлығы басты кейіпкердің көзімен беріледі, құдды шутер ойын ойнап отырғандай сезінесіз. Сіз сенбессіз, бірақ бір тұсын «Call of Duty 4» шутерінен көшіріп алды ма деп ойлап қалдым. Ал иесіз ғимарат ішіндегі атыс тіпті «Counter-Strike»-ты еске түсіреді.

Бұл да эксперимент, соны бағыт қой, сондықтан шайқалып-секірген кадрлардың кейде тым көп болып кетуіне түсіністіктпен қарадым. "Қара юмор" мен жүйкеге тиер қан-жоса қырғынға, визуал азапқа дайын болған жөн.

Сюжеті күрделі емес. Бастан-аяқ негізгі кейіпкердің және оның досының бір міндетті (басты зұлымды өлтіру) іске асырудағы бастан кешкен (көзбен көрген) оқиғаларына куә боласыз. Фантастика жанрында болғанымен де, оның фантастикалығын ақтайтын, уәж келтіріп, түсіндіретін аргументтер жоқ, жай фантастика мен Мәскеу оқиға фоны ретінде алынған. Негізгі акцент — шутер стилінде қызықты фильм түсіруге және сол арқылы көрермендерге ерекше әсер беруге қойылған тәрізді. Фильмнің кіші экранда (ТВ, компьютер) ерекше әсер ететініне күмәнданып тұрмын.

Бірақ мойындау керек, аттракциондық әсері молынан. Кейіпкердің басына кіріп кетіп, бәрін өзің басқарып немесе өзің реал режимде көріп отырғандай әсерде отырасың.

Киностан: Тек қана Хардкор
Фильм Ресей мен Америка актерлерінің қатысуымен түсірілген. Басқаларын білмедім, Шарлто Коплидің сан қырлы актер екенін дәлелдейтін аз киноның бірі осы болды десем артық айтқандық болмас. Әрине, сосын Сергей Шнуровтың 1 минут шамасындағы эпизоды есте қалды. Фильмді жасаушылардың да идеясы осында секілді — Ресейдің сүйікті боқтампаз әншісін көрсету арқылы эмоциялық бонус сыйлау.

«Хардкор» өз атына лайық деп ойлаймын. Ешбір лирикасыз, басқа артық нәрселерге көңіл бөлмей, тек қана бір бағытпен өрбіп отыратын қатал, қатаң фильм. Қаншалықты сәтті жоба болады оны уақыт көрсетер.

6/10
Бөлісу:

2 пікір

asaubota
комедия деуге бола ма сонда?
patick
Жоқ. Бірақ күлкілі жерлері бар.
Жалпы қазіргі тенденция — кез-келген бұқаралық кинода юмор элементтері болады, әйтпесе ешкім көрмейді. «Бэтмен Суперменге қарсы» фильмінің қатты сынға ұшырауы да содан — дым юморсыз түсіргені.