Аяқтан нық тұру - арманым

Айдың, күннің аманында жігеріміз құм болып, туыстар мен достардан көңіліміз қалып жататын кездер болып тұратыны жасырын емес. Мен сіздерді Жанна есімді кейіпкермен таныстырғым келеді. Ол тағдыр тәлкегіне ұшырап, жер бетін өз аяғымен басып жүру мүмкіндігінен айырылып қалса да мойымай, жасымай, әлі күнге дейін әрбір атқан таңы үшін шүкіршілік етіп келеді. Бүгінгі таңда ол жұмсақ ойыншықтар тігумен айналысады. Оның қолымен жасалған мультфильм кейіпкерлерін Қазақстан тұрғындарынан бөлек, Белоруссия, Ресей, АҚШ, Франция, Испания, Латвия, Тайланд мемлекеттерінің тұрғындары сатып алған екен. Шығыс Қазақстан облысы, Көкпекті ауданы, Көкпекті ауылының тумасы, 29 жасар Жанна Жабековамен ғаламтор желісі арқылы хабарласып, әңгімелестім. Оның өз қолымен жасаған туындыларын Сіздермен бөлісуді жөн көрдім!..
Блог - ademi_alem: Аяқтан нық тұру - арманым


Семей қаласындағы ательелердің бірінде тігінші болып жұмыс істеп жүрген ол 2010 жылдың мамыр айында туған жері Көкпекті ауылына келеді. Ұзақ көріспеген достарымен қауышқаннан кейін үйіне қайтар жолда жол-көлік оқиғасы орын алады. Жанна сол қайғылы оқиғаны қайта еске алмауға тырысады:
Сол жол-көлік оқиғасынан кейін менің мойын омыртқама зақым келіп, оң қолым мен аяқтарым мүлде қозғалмай қалды. Екі ай бойы Өскемен қаласындағы №1 Өскемен қалалық ауруханасында жаттым. Аурухана төсегінде жатқан кезімде «Мұның бәрі уақытша нәрсе. Әлі-ақ аяғымнан тұрып, жүріп кетемін» деп ойлайтынмын. Ал ауылдағы үйге келген кезімде әкем маған мүгедектерге арналған арба алып келіп, «Қызым, мойыма, жасыма, берік бол! Тек алға қарап өмір сүр! Әлі-ақ аяғыңнан нық тұрып кетесің!..» деді. Сонда ғана мен мүгедек болып қалғанымды түсіндім… — дейді ол.

Ол үш жыл бойы ел қатарлы еңбек етуге мүмкіндігі болмай, денсаулығын нығайту мақсатында жасайтын жаттығулардан артылатын уақытын ғаламтор беттерін ақтарумен өткізген. Сондай бір сарынды күндердің бірінде ол ғаламтордан қолдан тігілген ойыншықтар мен басқа да бұйымдарды көріп, қызығушылығы оянып, ойыншық тігіп көруге тәуекел етеді.
Блог - ademi_alem: Аяқтан нық тұру - арманым
Блог - ademi_alem: Аяқтан нық тұру - арманым
Блог - ademi_alem: Аяқтан нық тұру - арманым
— Бұл қайғылы оқиға орын алғанға дейін «Күндердің бір күнінде ойыншық тігем-ау» деген ой болып көрген жоқ па?
— Ойыншық тігуге деген қызығушылығым мүлде болған емес. Он екі мүшем сау болған кезде ойыншық тігу былай тұрсын, «мен бірдеңе жасай алам-ау» деп те ойламайтынмын.
— Ойыншық тігумен қатар себет (корзина) тоқиды екенсіз. Бір жұмсақ ойыншық тігу мен бір себет тоқу үшін орташа есеппен қанша уақытыңыз кетеді?
— Мен бір күнде бір ойыншық тігемін. Газеттен себет тоқуды да ғаламтордан үйрендім. Оны көбінеки жазғы уақыттары тоқимын, себебі тоқылған себет жақсылап кебуі үшін жаз мезгілі ыңғайлы уақыт болып табылады.

Блог - ademi_alem: Аяқтан нық тұру - арманым
Блог - ademi_alem: Аяқтан нық тұру - арманым
Блог - ademi_alem: Аяқтан нық тұру - арманым
— Ойыншықтарыңызды әлдекімге берген кезде бойыңызда қимастық сезімі бола ма? Қандай жағдай болса да ешкімге бергіңіз келмейтін ойыншығыңыз бар ма?
— Бұрын ойыншықтарымды сатуға түбегейлі қарсы болатынмын. Үйге келген қонақтарға немесе туған-туыстардың үйіне қонаққа барғанда сыйлайтынмын, бірақ ойыншық тігуге арналған маталар мен керекті құралдарым тез бітіп қала беретін болғандықтан, ойыншықтарымды сата бастауыма тура келді. Ал ең жақсы көретін ойыншық туралы айтар болсам, мен апамның тонынан үш аю тіктім. Оның біреуін ағама, біреуін әпкеме беріп, енді біреуін өзіме қалдырдым. Бұл аю мен үшін ең қымбат естелік, сол себепті оны ешкімге сатпаймын, ешкімге сыйға тартпаймын.
— Жол-көлік оқиғасы орын алғанға дейінгі және кейінгі өміріңізді бір ауыз сөзбен сипаттап бере аласыз ба?
— Жол-көлік оқиғасы орын алғанға дейін мен уайым-қайғысыз, алаңсыз адам едім, ал қазір асқақ арман, айқын мақсаты бар адамға айналдым. Арманым да, мақсатым да, әрине, аяғымнан нық тұру!..
— Егер өміріңізде сол бір қайғылы жағдай орын алмаса, дәл қазіргі уақытта немен айналысып жүрер едім деп ойлайсыз?
— Тұрмысқа шығып, отбасы — ошақ қасында балаларымды тәрбиелеп отырар едім деп ойлаймын.
Блог - ademi_alem: Аяқтан нық тұру - арманым
— Қазіргі уақытта сіздің айналаңызда қолдау білдіріп, демеп жіберетін адамдар аз емес, дегенмен оңаша қалғанда ойға батып, жалғыздықпен бетпе-бет кездесіп қалатын сәттеріңіз болатын шығар? Ондай кезде тағдырыңызға налып, өкініш білдіресіз бе, әлде керісінше бұдан да қиын жағдай орын алуы мүмкін екенін ескеріп, шүкір етесіз бе?
— «Уақыт — бәріне емші» деген сөз рас екен. Бұрын ойға батып, мұңға батып, көз жасыма ерік беретін сәттерім көп болған, ал қазір жалғыздығыма үйреніп те қалдым. Қазіргі уақытта мен бойымдағы өзім де байқамаған қабілетті ашқаны үшін тағдырыма ризашылығымды білдіремін, өйткені басқаша жағдайда мен дәл осы іспен ешқашан айналысып көрмес те едім. Мұңаятын уақыт жоқ, ал болашағыма жоспарларым көп.
— Жоспар демекші, алдағы уақытта қандай жоспарларыңыз бар?
— Мамыр айында әкем үй ауласына шағын шеберхана салу жұмысын бастайды. Ол жерде жұмсақ ойыншықтарды көбірек тігуіме мүмкіндік болады. Жалғыз өзім үлгере алмай жатқандықтан, қасыма жұмысқа көмекші бір-екі қыз алмақшымын. Жұмсақ ойыншықтарды пошта арқылы жіберудің әуре-сарсаңы көп болғандықтан, ойыншықтарымды дүкендерге қойып сатуды бір жолға қояйын деп отырмын. Шеберхана салу барысында әкеме көмектесетін адамдар керек. Көкпекті аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы бізге көмектесуге уәде беріп отыр. Сонымен қатар тігін тігетін машиналар қажет.
— Өзіңіз ертегі кейіпкерлерін тігесіз, демек ғажайыпқа да сенетін шығарсыз? Егер алтын балық ұстап алсаңыз, қандай үш тілек тілер едіңіз?

— Алтын балық дейсіз бе?! ))) Әлемде бейбітшілік болғанын, жаныма жақын адамдардың аман-сау болуын және екі аяғымнан нық тұрып, жүріп кетуді тілер едім. Менің екі аяғым ауырады, яғни аяқтарымда жан бар. Күндердің бір күнінде жүріп кетемін деген үміт те жоқ емес. Күніне төрт сағат арнайы жаттығулар жасаймын. Күн тәртібімде артық уақыт жоқ, бәрі өз ретімен жоспарланып қойған.
— Өзіңіздей тағдыр тәлкегіне ұшыраған адамдарға қандай кеңес берер едіңіз?
— Оларға «Мойымай, жасымай, түн артынан күн шығатынын әрдайым есте ұстап өмір сүріңдер!» дер едім.

— Өзіңізбен әңгімелескеніме қуаныштымын! Сізден ойыншық сатып алғым келген еді. Маған алтын балық тігіп бересіз бе?
— Әрине, тігіп беремін!
— Үлкен рахмет! Армандарыңыздың орындалуына тілектеспін!
(Фотосуреттер Жанна Жабекованың фейсбук парақшасынан және әріптесім Аян Өрібаевтың түсірген фотосуреттерінен алынды)
Бөлісу:

2 пікір

ademi_alem
Жұмсақ ойыншықтардың бағасы 2 500 теңгеден, ал себеттердің бағасы 1 500 теңгеден басталады.