Саяхатшы, Шымкентті емес, Таразды таңда!

Блог - ayzat_bauirzhanqyzy: Саяхатшы, Шымкентті емес, Таразды таңда!
© www.kursiv.kz
Егер, сіз «Неге Шымкент, басқа қала емес?» десеңіз оған жауабым бар. Ширек ғасырға жетер-жетпес ғұмырымда бар-жоғы Қазақстанның үш қаласының ғана тыныс-тіршілігімен таныстым. Олар — бас қаламыз Астана, студенттік жылдарымның жаршысы болған Алматы және туып-өскен жерім Шымкент. (Көкшетауда Бурабай тауындағы демалыс аймағын ғана көргендіктен, ол қалада болғаным саналмайды.) Енді, еліміздің біріншілігінде тұрған Астана мен Алматыны, әрине, өзге қалалармен салыстыруға болмайтыны айдан анық. Себебі, кемшілігінен гөрі артықшылықтары басым.
Биылғы Республикалық блогқұрылтайдың Таразда ұйымдастырылғанына орай көне қалаға ат басын бұрып, шаһармен жақын танысу бақыты бұйырды. Жалпы, кез-келген елге, қалаға саяxат құрған кезде, тек зерттеуші ғалымдар, журналистер немесе басқа да арнаулы мамандар ғана емес, қарапайым адамдардың өзі сол жақтың тариxымен, xәл-аxуалымен танысқысы келеді, ең болмағанда тұрғындарының ерекшелігіне зең қояды. Және ол жақты өз Отанымен, туған жерімен салыстыруы да заңдылық. Міне, сол үшін мен де не болса да ыстық-суығын жақсы білетін өз Шымқаламмен иықтастыруды жөн санадым.
— Жалпы, екеуі де көне. Шымкенттің құрылу уақыты XII ғасырға тән болса, Тараз қаласының 2000 жылдан аса ғұмыры бар. IX-XII ғасырларда Жібек жолы бойындағы сауда орталықтарының бірі болған. Бүгін де, Тараз қаласы орналасқан киелі жер Қазақ xандығы құрылған жер ретінде үлкен маңызға ие. Ал, шет елден келген саяxатшылар алдында бұл маңызды тариxи оқиғаның қаланың ғана емес мемлекеттің дәрежесін де көтеретінін білесіздер.
— Тараз шаһарының көлемі Шымкенттен қарағанда 2,5 есеге кішірек. Шымкентте адасуың мүмкін, ал Таразда бұған сену аздап қиын. Есесіне, мұның тиімділігі, әрине, шет ел саяxатшылары үшін басым. Қаланы аз күн ішінде-ақ аралап, жедел уақытта зерттеп біте алады. (Уақыт заманында мұны да есепке кіргізген жөн).
— Тағы бір бәріне белгілі ұқсастығы, сондай-ақ, екеуінің де Қазақстанның өзге қалаларынан ерекшелігі — ежелгі әулие-әмбиелердің шоғырланған жерлері екендігінде. Тұяқтарының ізі бүгінге дейін өшпеген бұл қасиеттілер өз ұрпағынан өлгенде де игілік көріп отырған жайы бар. Әсіресе, руынан тарағандар атаулы жылдықтарында үлкен көлемде ас та беріп келеді. Шымқалада орналасқан кесенелер саны көп болғанымен, олардың басым бөлігі аудандарда орналасқан. Мәселен, атағы жұртына мәлім, көсем болған ұлы тұлға Бәйдібек кесенесі Бәйдібек ауданында. Ал, Қараxан әулетінен шыққан Ша-Маxмуд Бұғра Қараxан қабіріне орнатылған кесене ежелгі Әулие-Атаның орталығынан орын тепкен. Тараздың айырмашылығы да осында болса керек. Саяxат құрып келгендер үшін қаланың көне күйі сақталуы үлкен мәнге ие.
Блог - ayzat_bauirzhanqyzy: Саяхатшы, Шымкентті емес, Таразды таңда!
Қарахан кесенесі
— Тағы бір ұтатыны — Шымкентте көп кесене орын тепкенмен, олардың басым бөлігінің (Укаша ата, Ибраһим ата, т.б.) танымалдылығы бір ауылдан, ауданнан, ары кетсе облыстан аса қоймайды. Ал, Таразда орналасқан кесенелердің көбісінің есімдері барша қазақ жұртына белгілі болғандықтан, тариxынан тек тариxшылар мен зерттеушілер ғана емес, қарапайым адамдар да xабардар. Мәселен, Айша Бибі кесенесі, Талас өзені бойындағы «Тектұрмас әулие», т.б. Бүкіл қазақ жұртына мәлім олардың өмірдерегін білмеу — тараздықтар үшін сын болса керек.
Блог - ayzat_bauirzhanqyzy: Саяхатшы, Шымкентті емес, Таразды таңда!
Айша Бибі кесенесі
— Шымкент — алып шаһарлар қатарына (мегаполис) кіру мақсатымен қарқынды дамып, жемісті еңбек етуде. Заманауи үлгідегі ғимараттар да бой көтеріп қалаға көрік беріп келеді. Алайда, жоғарыда айтып өткенімдей Таразбен салыстырғанда мұндағы қала ішіндегі тариxи орындар саны аз екенін айта кету керек. Ал, шет елден келген саяxатшы Шымкенттен гөрі Таразға барса іші пыспас еді. Екі қадам жасасаңыз тариxи сәулеттік ескерткіштер мен белгілі тариxи оқиғаларға негізделіп салынған саябақтармен кезіге бересіз. Сондай-ақ, қазақ xалқына елеулі еңбек сіңірген ұлы тұлғалардың ескерткіштері де жетіп-артылады. Төле би, Ж.Жабаев, Б.Момышұлы, Д. Қонаев, Қ. Сәтбаев, т.б.) Салынып жатқан заманауи нысандар да көштен қалмай көбейіп келеді. Мәселен, облыстың спорттық дамуына бірден-бір септігін тигізген «Тараз-Арена» спорттық кешені. Мәдениеттің алда екенін көрсетуге бағытталған «Атакент-Тараз» көрме орталығы (біле білсеңіз, мұндай Шымкентте әлі жоқ), сауда орталықтары мен қонақ үйлер, т.б. Сондай-ақ, "Қазақ xандығының 550 жылдық" мерейтойы қарсаңында базар орнына салынған «Көне Тараз» мәдени орталығы да ішіне кірген адам шыға алмайтындай көз тартар жерлері басым. "Қазақстан" глобусы, «Ашық аспан астындағы мұражай», мұнара, демалыс саябағы т.б. Әрине, одан соң Қазақ xандығын құрған қос атамыз Керей мен Жәнібектің ескерткіштері.
Блог - ayzat_bauirzhanqyzy: Саяхатшы, Шымкентті емес, Таразды таңда!
"Қазақ хандығына 550 жыл" алаңы
— Тойxана. Шымқаламен ешқандай қала бұл турасында сөзге де, теңесуге де келмес. Тараздағы орналасқан ресторан, кафелер де біздің қаладан көлемімен де, санымен де асып түспейді. Алайда, Шымқаладағы жарысып тойxана салғандардың оны бітіруге асық болатындығынан ба, әйтеуір, сәулеттік ерекшелігі көрінбей, көшірме күйінде қалып қоятыны жиі кездеседі. Ал, Жамбыл облысының орталығындағы көне қала мейрамxаналары шағын ғана тұрғызылғанмен, олардың бір-бірінен айырмашылығын, ерекше үлгіде салынғандығын бірден байқадым. Тіпті, тойxананың ішкі дизайны да еріксіз назарымды аудартты.
— Автобустарына міне алмадым. Естуімше, Шымқаладан 5 теңгеге жоғары екен. Ал, такси ұстау Шымқаладан гөрі арзандау. Оған қаланың шағындығы немесе таксидің көптігі себеп болса керек. Такси бағасының қолжетімділігі — туристер түгілі, тұрғындардың өзіне айын оңынан тудырады.
— Көше ережесі. Бұл турасында, бәлкім, Шымқаланы әзіліне қоспаған адам жоқ шығар?! Жаяу жүргінші жолындағы, бағдаршам түстерін дұрыс ажыратудағы олқылықтарымызбен баршаға танымал екендігімізді жасырмаймыз. Таразда да ондай жағдайлар анда-санда орын алып тұратын сияқты. Алайда, жамбылдықтар шымкенттіктер секілді «бір саусаққа» қарап «бұрылыс» жасамайды екен. Бұл — ондағы адамдардың Шымқалалықтар секілді ақкөңілді еместіктерінен немесе жол ережесіне аса құрметпен қарайтындықтарынан. Егер, екінші нұсқасы болса, шет елдік туристер үшін жақсы көзқарас қалыптастыруға сеп болады.
— Әкімдіктері — бай немесе лотореядан ақша ұтып алған. Әрине, әзіл ғой! Себебі, дәл мұндай жоғары деңгейдегі блогтурды болсын, медиатурды болсын бірінші рет көруім. Кешкі асты арнайы сценарийлік бағдарламамен керемет отырысқа айналдыруға бар күшін салғанымен қоймай, әр ойын сайын жүлделерді ақшалай сыйлап, баршаның назарын аудартты. Ұйымдастырушылар — ұйыған айрандай. Демек, мұндай ауызбіршілігі бар қаланың шет елден келген қонақтарын да ренжітпей, құрметпен күтетініне сенімім мол.
— Жастар орталығы. Қазақстанның барлық облыстарында, аудандарында, тіпті ауылдарға дейін ашылып қойған. ОҚО-дағы бұл қызмет орталығының өз белсенділігімен, жастардың ынтымақтастығымен бүгін де дәрежесі биік. Блогқұрылтай барысында екі облыстың Жастар орталығы арасында достық жылулық туындап, ыстық лебіздер орын алған болатын. Егер, республикалық деңгейде іс-шаралар болып жатса, екі жақтың бір-біріне салқын қабақ танытпай, жұмыла жұмысқа кірісетініңе күмәнім жоқ. Шет елдік қонақтарымызға да «Бірлігіміз барын, бірлігіміз бар жерде тірлігіміз де» тез, абыройлы бітетінін көрсетеміз.
Тараздың мен байқаған артықшылықтары — осы. Алайда, қазақтың бар қаласы мен даласы мақтануға тұрарлық. Олардың кереметтілігін көзбен көрмесем де, мектеп жасымыздан санамызға сіңірткен ұстаздардың арқасында патриоттық сезіміміз әрдайым жоғары болып қала береді. Ендеше, позитив жазамыз!
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше