Менің мақтанышым болар мамандықты біреудің мазағы етпеймін!

Блог - ayzat_bauirzhanqyzy: Менің мақтанышым болар мамандықты біреудің мазағы етпеймін!Топырағының татымы жоқ жерге ағаш ексең бейбақтың күйін бір кешесің. Ал, өңделген жерге егілген ағаштан жеміс шығара алмау – одан өткен сорақылық. Сонда өзгелердің келіп «қытайдың, иранның, өзбектің-ақ жемісін жеп жүре бермейсің бе?!» дегені, сын көзбен қарағаны, күмәнданғаны, күлгені – бәрі шамыңа қатты тиеді. Әйтеуір, тырысып-бағып пішіні қисайған жеміс шықса да, дәмі қандай болмасын айызың қанып жейсің ғой?! Есесіне, не жеп отырғаныңды білесің. Сатып алынғанның да сапасы қандай болатынынан хабардар боласың. Өз қолымен ағаш баптамағандар, оның байыбына барып, бас ауырта бермейді. Мақсат қойып, бір жолға бағытталып, сүрініп-шалынып жүргендер мен жолы болып кеткендердің де айырмашылығы осында болса керек.
Ерігіп отырып, еркіндіктің жолын тауып алдым
Достарыммен бір көште болайын деп, фейсбук желісіне тіркеліп, фотолар мен жеңіл-желпі посттар жазып жүргенмін. 4 курста өткен «Азаматтық журналистикаға» аңсарым ауып, сол туралы іздене бастадым. (Әлі де жауабын таппай келемін, шыны керек). Оның құрамдас бөлігі – блог дегенді де оқығанымыз бар. Содан не керек, профилінде «блогер» деген достарыммен жақын танысып жүріп, Астана интернет форумынан бір-ақ шықтым. Аздап ғаламтор тілі түсінікті бола бастады. Кейін Республикалық блогқұрылтайға қатысып, нәтижесінде, қазақша сайттар мен блогтарға тіркеліп шықтым. Тіпті, өзімнің де ойланып жүрген сайт жобамды қалай жарыққа шығаруға болатынын біліп алдым.
Арман – арманыңның орындалуымен ғана шектелсе ғой?!
Тіркелерін тіркеліп алып, не жазамын деп жүргенмін. Содан КерекИнфодан бастадым да, осындағы өзге қолданушылардың жазбасын қарап отырып, Аяулым атты қыздың «Армандар орындалады» дегеніне көзім түсті. Ол: «мамандықты мектеп жасынан-ақ анықтау керек»-депті. Ұстанымымыз ұқсас. Мен де осы қыз секілді бір жолға тұрақталып, қалғанының бәріне көз жұма қарап өстім. Ақыры арманым орындалып, бүгінгі таңда журналистика мамандығын тәмәмдайын деп отырған жайым бар. Тек, сол арман деген арманыңның орындалуымен ғана шектелсе ғой?! Әйтеуір, өкініш қосылады, қайтадан үміт пайда болады, бір құлап, қайта тұрып жүріп төрт жылдың өте шыққанын байқамай қалыппын. Қуанышым — көзқарасымда. Жоғарғы оқу орны мен отбасыдан жырақта тұрудың бала Айзатты есейтуге қауқары жеткеніне қуанамын.
Көкейге түсініксіз өкініштер келіп қонады
Төрт жыл бойы ақша төлеп теориялық білім алдым. Енді, сол білімді басымда шірітпей, тәжірбиеде әбден пайдаланғым келеді. Кеш те болса, осыны сезініп әрекет жасап жүргенде, қыз екенім, болашақ ұрпақ әкелуші ана екенім есіме түсіп кетеді. Сонда көкейге түсініксіз өкініштер келіп қонады. Шынында, 4 айда үйренетін теорияны оқуға 4 жылды бекер құртқан журналистиканы таңдағаныма өкінемін бе, әлде қоғамға бас болатын, ықпалы зор ер адам емес, қыз баласы болғаныма ма?! Неге бәрін тастап, жәй ғана мұғалім ба, балабақша тәрбиешісі ме немесе мүлде көзге түспейтін жерде жүретін жұмысқа бас қоя салмаймын деп те кетемін. Бұл сезімдер бір менде емес, журналистика саласында жүрген екінің бірінде болатынына күмәнім жоқ. Бағытты таңдауға қандай да бір батылдық жетпей жүреді. Ендеше, бұл құбылмалылыққа бір ғана жалын жетіспей тұрған секілді. Және оның жастығымызда ерте сөнуіне жол бермеймін.
Құлазысам, көтеретінім бар
Кейде жарты адамыңды кездестіруде, қызмет жолында кеш те болса қателесіп «бұл – менің адамым емес», «бұл – маған арналған мамандық емес» деп жатамыз. Ал, ата-ана мен бауырың сендік болудан ешқашан ажырамайды. Және жоғарыда айтып өткен жол торабында шатассаң да, соңына дейін демеулік етіп, ықыласын көрсететін – осы кісілер ғана. Маған да ата-анамның «Сен — Бауыржан мен Клараның қызысың. Қорықпа, саған сенетін біз бармыз» деген сөзі биікке шығарып отырады.
«Дұшпаның болса қорықпа, дұрыс жолға бағыттар...»
Мамандығым бойынша менің екі дұшпаным бар. Біріншісі – «Журналистика қызға тән емес» дейтіндер. Екіншісі – «Оқып-оқып құрып қалғыр уақытыңды бекерге құрттың-ау» дейтіндер. (Өздері құрып қалсын). Қандай өкініш болсын, сүріну болсын осы сөздерді ойлап, намысқа тырысып жігерленіп аламын. Себебі, мен кез-келген мамандықты өмірлік рөлге сай ыңғайлап алуға болатынына кәміл сенемін. Ал, осы сенімнің нәтижесінде жетістікке жеткен күні сіздермен бөлісетін боламын. Әзірге маған да сіздерге де сәттілік!
Өзім еккен ағаштың жемісі қышқыл болса да келесі жолы дәмді болады деген үмітпен оны баптай беремін, өсіре беремін! Менің мақтанышым болар мамандықты, біреудің мазағы болуға ешқашанда жол бермеймін. Ендеше, позитив жазамыз!
Бөлісу:

7 пікір

Daniar-Alan
#А4 акциясына қатысуға болады екен ;)
Gastarbaiter
"Өшкен Өңір" деген газетке берсең болады екен бұл мақалаңды.
ayzat_bauirzhanqyzy
Ондай басылым барын білмеппін((( газетке жазсам, журналистикаға тән батыстық принциптерге сай жазам ғоой
aza
"Құлазысам көтеретінім бар" дейддее…
Сатыбалдының тамыры ма, әлде Батыр Ана ма?