Муха Мухырлыч. "Телодвижение"

Муха Мухырлычтың әңгімелері жарық көргелі мыңдаған хаттар келіп түсті. Міне, солардың бірі:
«Привет, я стало юрист твоей дяди Веллингтоне живет который. Дело в том, что он умер, и оставил наследство в размере двести тысяч фунтов. Пожалуйста, свяжитесь со мной для оформления денег.».
Оқырмандардың мұндай ыстық пікірлерін естіген Муха Мухырлыч бізге бірден сиясы кеппеген(комппен жазса да нақ!!!) «Телодвижение» атты қуындысын ұстата салды. Ал біз сіздерге жүгірдік.



Муха Мухырлыч. «Телодвижение»

Менде бір керемет сюжет бар...: Муха Мухырлыч. Телодвижение

Ілеуде бір қаззақты кездестірсең шаруам оңбай тұр дейтін болыпты. Іс жүрмейді, шаппайды, болмайды, өтпейді деп пұшайман боп тұрғаны әйтеуір.

Жақсы делік, ал жақсы, әлау-әлау айналайын-ай, неғып бейбақ болдың деп мүсіркедің. Бірақ бір адамның басындағы жағдай болса жақсы. Жыланып екіншісі, сосын үшіншісі келеді. Сосын бір күні күнделікті күйбеңнен басыңды бір көтеріп, бір шолып өтсең — айналаңда шекпеніңе көз жасын сүртпеген адам қалмағанын көресің. Аң-таңсың. Ау, өмірдің қара жолағы мұнша ұзын болар ма! Бейбақтардың ең болмаса біреуіне сәуле көрінетін уақыт болды ғой, ақ жолақ қашан басталады?

Бір кездері — жол болмай, маңдай ашылмайтын ғасырлық кезең туралы ойлай бастағаным рас. Немесе жер бетіндегі өлшеулі-санаулы бақыт таусылып, адамзат біржола қара түнекке бет алды ма дедім. Егер бір жәйтті байқамағанымда, солай ойлап жүре берер ме едім. Аңдасам, жылайтындардың барлығы қаззақ екен. Сонда барып аһ ұрдым. Тауға қарай домалатқан тастары неліктен өздерін жаншып кері айналып түсетінін түсінгендей болдым.

Білесіз бе, бақыт болмаса да, шүкір жағдайды қамтамасыз ету үшін еңбектенбек керек. Есектің артын жуудан арланбай жүрмек керек. Бірақ ресми еңбек еткелі — көрген-жазғаны сегіз сағаттық жұмыс болған сорлы қаззақ соңғы жетпіс жылда масылдық деген кеселге ұшырады-дүр. Әгәрәки, қаззақ сол сегіз сағат бойы тау қопарып жатқаны рас болса, бүгінде жапон-қытайды шаң қаптырған ел болар ек. Бірақ қайда! Екі сағат жұмыс істесе жақсы-ау. Қалғаны — «телодвижение». Иммитация. Тіпті телодвижение үшін — ресми жұмысынан гөрі екі есе жұмыстанады. Өтірік ырғалғаннан гөрі, жұмысын істесе, жұмысты ерте тауысатынын әлдеқашан ұмытып кеткен.

Сосын киелі сегіз сағат ішінде бақ-байлық табатын жер іздеп әлек. Өзімше ізденейін деген ниет жоқ. Мен сегіз сағатта мойным ырғайдай болады, ал бәлен сегіз сағатта айлық табысымды табады деп, біліксіздігін бақытсыздыққа балап әлек. Сүйікті тақырыптары — миллионерлер. Миллион-милард күректеп жатқанның суретін тамашалап тамсанудан қолы тимейді. Билл Гейтс пен Баффеттің бақыты сегіз сағатта емес, семіз талапта екенін аңғармайды. Тамсану-жарамсақтанумен өтіп жатқан өмірі тағы бар. Ағылшын-қытайдың байығанын — жүйенің әділетінен деседі олар. Ал бізде дейді олар, істетпейді ғой құрғыр дейді.

Сондағы істей алмағаны — қымыз сатпақ бопты. Бүкіл қаззақ кенет қымызшыл-дәстүршіл боп кетіп еді, әттеген-айы — санитар келіп қағаз сұрапты! Сұраса — бермейсің бе? Қымызың таза екені рас. Қылмысың жоқ екені рас. Оның сұрауы жөн.
— Жоқ! — дейді онда телодвижениемен жан сақтап келген жан, — жоқ! Ол мені қанамақ! Сосын полиция келіп ауыз салмақ! Сосын әкім де жігіттерін жібереді!

Қаззақ қашпаған сиырдың уызын бұлдап күні осылай өтіп жатыр. Әлі бастамаған шаруасының әлі жоқ жауларымен күресіп әлек. Оған не деуге болады? Қаның тартып жаның ашымаса, мүсіркеуге шама да жоқ…

Бұдан бұрын — Подхалим
Бөлісу:

1 пікір