Терезе

Бүгін оның ауырып жатқанына алтыншы күн. Далаға шықпағалы алты күн. Күн мен түннің ауысып, ауа райын болжауға мүмкіндік беретін жалғыз терезе ғана. Содан басқа алданыш жоқ. Терезенің бер жағында тыныштық болса, ар жағында күйбең тіршілік өз қарқынымен жүріп жатыр. Терезе ол үшін құдды бір теледидар тәрізді. Алайда бұл телидардың бір кемшілігі бар. Ол — оның дауысының жоқтығы. Сондықтан терезеден көрген бейнелерге ол өз ойынан тіл бітіреді.
Бүгін де оянысымен бірден терезеге үңілді. Күн шығып, қар себелеп, боран соғып тұр. Адамдар бірі жұмысқа, енді бірі мектепке, балабақша не басқа да жерлерге асығуда. Осы таңертеңгі көрініс күнде қайталанады. Түс ауа күн жылынғандай болып аурухана маңындағы саябаққа адамдар біртіндеп келе бастады. Әне, күндегі қос ғашық бүгін де қол ұстасып қыдырып жүр. Ол сол екі ғашыққа қызыға қарайтын. Оларға қарап өзі де махаббатын кездестіруді аңсайтын. Алайда бұл мүмкін емес…
Ол назарын қос ғашықтан орындықта отырған қызға аударды. Бұл бойжеткен де саябаққа күнде келеді. Бар назары қос ғашықта. Ол сы үш адамды кейіпкер етіп, күнде бір сюжет құрастыруды әдет қылып алған. Орындықта отыратын қыз жігіттің бұрынғы сүйіктісі. Жігіт оны ұмытып, басқа қазір кездесіп жүрген қызына ғашық болған. Ал қыз оны әлі күнге шейін ұмыта алмай жүр. Оны көрмесе, тұра алмайды. Ал жігіт қазіргі сүйіктісінен басқа ешкімді көрмейді, тек соны ғана сүйеді. Осы тәрізді ойлар келеді оның басына. Сценарий күнде өзгеріп отырады. Терезеден басқа ермек жоқ…
Міне, тағы бір күн өтіп, жетінші күн басталды. Ол әдеттегідей терезеге үңілді. Терезеде бір өзгеріс байқалғандай. О, ғажап, терезеде хат ілініп тұр. Бұл не қылған хат екен? Ол терезені ашып, хатты алды. Хатта: «Сәлеметсіз бе?! Сізбен таныссам бола ма?» деп жазылған екен. Ол жауап жазып, хатты жіпке іліп, тартып еді, хат ғайып болды. Осы күннен бастап олар терезе арқылы хат жазысатын болды. Хат жоғарғы қабаттағы бір жаннан екен.
Күн артынан күн өтіп, хат жазысқалы екі аптаның жүзі болды. Бұл күнде оның халі нашарлаған. Туғандары үйге алып кетпек болған, алайда ол келіспеді. Келіспеу себебі осы хаттар еді. Хат тасушы – жіп, куәгер – терезе.
Бүгін де оның күні осы хаттардан басталды. Түнде түсіне апасы кіріп шықты. Бұны өзіне шақырды, бірақ ол әзірше бармады. Қолына қаламын алғанмен, бүгін бірінші рет не жазарын білмеді. Екі аптаның ішінде жүзін ешқашан көрмеген жан бұның ең жақын адамы болып кеткендей. Ақ парақ әлі сол ақ күйінде. Бір кезде ақ бетке сия тамып, маржандай жазу жазылды. «Мен сені басқа дүниеде күтемін...». Хат жіпке ілініп, иесіне тартты. Ол осы күндер ішінде бұған алданыш, демеу болған терезеге соңғы рет үңіліп, іштей алғысын айтты.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше