Өмір үзіктері

Тастама әке балаңды,
Оятшы қызым санаңды!

— Менің аяғым ауыр…
— Алдырып таста! Маған бала керек емес!
— Жоқ… Алдыра алмаймын.
— Не? Туып алып, менің мойныма артып қоймақсың ба? Мүмкін ол менікі емес шығар?!
— Жандос, екеуіміз кездесіп жүргелі жарты жыл болды ғой. Осы уақыт аралығында өзіңнен басқа ешкімге көз салған емеспін. Бұлай деуің қалай?
— Мен сені бағып жүрген жоқпын ғой. Бала менікі емес. Не істесң де өзің біл. Менің шаруам жоқ.
— Маған сенен ешнәрсе керек емес. Мен сені тани алмаппын… Саған сеніп едім… Сонда… мені сүймегенің бе? Махаббаттың болмағаны ма?
— Болса, болған да шығар. Бәрі бітті. Енді маған хабарласушы болма. Кездесу де іздеме. Қош бол!
***
— Мақсат, саған бір өтінішім бар еді…
— Ия, айта бер.
— Мен… Мен… Қалай айтсам екен?.. Менің аяғым ауыр.
— …
— Сенен өтінерім… Мақсат, маған үйленші. Бала туылғаннан соң ажырасып кетеміз… Мен… Мен үй ішіме қалай айтарымды білмеймін. Оларды ұятқа қалдырғым келмейді. Сондықтан саған осындай өтініш айтуға мәжбүр болып отырмын.
— …
— Мен түсіндім. Кешір… Бір өтінерім: екеуіміздің арамыздағы болған әңгімені ешкімге айтпашы. Рахмет саған! Сау бол!
***
— Арайлым, сенімен сөйлесуім керек.
— Мақсат? Ия, айта бер.
— Арайлым, кешірші. Маған ойлану үшін уақыт керек болды. Саған бұрыннан айтқым келіп жүрген. Алайда орайы болмады. Мен сені сүйемін… Маған күйеуге шығасың ба?
— Мақсат… Рахмет саған! Тек… Мен сенің махаббатыңа лайық емеспін… Мен… Мен…
— Арайлым, өтінемін, жыламашы. Мен сені және баламызды бақытты етемін.
***
— Арайлым?
— Ия, біз сізбен таныс па едік?
— Мен Жандоспын ғой. Қалың қалай?
— Жандос?.. Мен де бәрі жақсы. Өзіңнің қалың қалай?
— Арайлым… Кешірші мені… Мен бәрін жаңа түсіндім. Менің бақытым баламыз екеуің екенсіңдер.
— Мама, мама! Жүрші тезірек! Әкем күтіп қалды.
— Жарайды, балам. Мен қазір келемін. Сен әкеңе бара бер.
— Мама? Бұл… Бала… Менің ұлым ба?
— Жоқ, Жандос. Ол менің ұлым! Сен қателесесің, Жандос, сенің бақытың біз емес. Бақытыңды басқа жақтан іздегенің жөн болар. Қош бол!
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше