Рахат ӘБДІРАХМАНОВ: "ПОЭЗИЯ ЕРІККЕННІҢ ЕРМЕГІ ЕМЕС"

«Жанымның жазба нұсақасы», «Әдемі менің әлемім» атты жыр жинағының авторы, Қасым Аманжолов атындағы І облыстық ақындар мүшәйрасының бас жүлде иегері, ақын Рахат Әбдірахмановатың «Жүрегім» атты жаңа жыр жинағы жарық көрді. Осыған орай, ақынмен поэзия төңірегінде азды-кем сұхбаттасқан едік. Сәтті сұхбатты сіздермен бөліскенді жөн санадым.
— Сұхбаттымыздың тұздығы ретінде тұсауы жаңа кесілген «Жүрегім» атты жыр-жинағыныздан сиясы кеппеген жаңа туындыңызбен бастасақ… Кітаптың «Жүрегім» деп аталуына не себеп? Жалпы ақындарға деген қолдау қандай?
— Ұқсайтын ол күндердің әлдиге әні…
Жаным-ай, жарық таңдай бал дидары!
Көктемнің берген бағы көзден ұшып,
Өткеннің өкініші жан қинады!

Былтырғы қалпында емес биылғы бақ,
Сәуір де алып кеткен сыйын жырақ!
Көзіңмен көріп жүрген дүниеге,
Көңілдің сенуі де қиын бірақ…

Жоқ іздеп жүгіргендей белден белге,
Сенделіп түсіп кеттім сергелдеңге!
Күннен де жарық еді күлген жүзің,
Сен қандай бақытты едің мен келгенде!

Лепіріген қайран көңіл аласарып,
Білінді бал күндердің бағасы анық.
Мойныма асылушы ең шыдай алмай,
Есікті апыл-ғұпыл жаба салып!

Жалғанып үзілуде нешінші үміт?
Жалықтым өкінуден кеш ұмсынып…
Дәл қазір ештеңе де болмағанда,
Еркелеп жүрер едің есің шығып…

Жүректе дейсің бәрі сыр мен мұңның,
Елесі алаң-қамсыз жүрген күннің!
Түнімен қиналасың ұйықтай алмай,
Түсіңе келіп еді гүлмен кіргім…

Былтырғы қалпында емес биылғы бақ,
Сәуір де алып кеткен сыйын жырақ!
Көзіңмен көріп жүрген дүниеге,
Көңілдің сенуі де қиын бірақ…
Шынымды айтсам, жыр жинағымды оқырмандардың сұраулары бойынша шығардым. Ал, енді оның «Жүрегім» деп аталуының қарапайым ғана себебі, ондағы өлеңдер жүрегімнің жазбаша көшірмесі. Бүгінде ақындарға қолдау жақсы көрсетілуде. Тек ақындарды іріктеу жағы дұрыс жолға қойылмаған. Кітаптың шығуына қолдау көрсеткен бала күннен бірге өскен достарым.
— Бәрекелді! «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп жатамыз...Қалай ойлайсыз бүгінгі поэзияда цензура бар ма?
— Ақындар әр заманда шындықты, халықтың жай –күйін жырлаған. Әр ақын өз шығармасында белгілі бір мәселелерді көтеріп, ақиқатын айтып жатады. Біз қазір Құдайға шүкір, еркін елде тату-тәтті тұрып жатырмыз. Сондықтан да, еліміздің одан ары дамуы жолында, бірлігі жолында қызмет етуге тиіспіз.
— Рахат аға, сіздің көп өлеңдеріңіз лирикалық бағытта жазылған. Лириканы өзіңізше қалай түсінесіз?
— Менің жазып жүргендерім — жүрегімнің сөзі. Қағаз бетіне түскен сезім. Лирика – ол өте мөлдір әрі пәк! Мен тақырып таңдап, идея іздеп, ізденіп жазбаймын. Дәл қазір қандай күйде отырмын, соны қағаз бетіне түсіремін. Ең әдемі жыр-ол ең шынайы жыр.
— «Күндер өтті ала да құла не бір,
Не көрмеді жалғанда мына көңіл?
Бақыт беріп бір сынап көріп еді,
Мұң құштырып тағы да, сынады өмір» дейсіз… «Бақыт» дегенді қалай ойлайсыз? Өмірде «Әттеген-ай» деген сәттеріңіз болды ма?

— Бұл жалғанға келген әр адамның өзіндік атқаратын қызметі, өз миссиясы бар. Мен жылдар өткен сайын, өзімді өлең үшін жаралғандай сезінуім артып келеді. Сорым да бағым да осы өлеңнің айналасында. Менің бақытым, өлеңді пайдаланып атақ не болмаса сый-сияпат алу емес. Менің бақытым-жүрегімдегі сезімді со қалпы өлеңге айналдырып, өзге жүректерге жеткізу. Әттеген-ай әркімде бар болғандықтан, менде де бар! Көп!
— Қазіргі таңда «сүйдім- күйдім» деп, бір өлең жазып, ақын атанып жүргендерді көзіміз көріп жүр. Жалпы бүгінгі поэзияны қалай бағалайсыз?
— Поэзия еріккеннің ермегі емес. Өлеңнің өз ғажабы мен өз азабы бар. Оны ұйқасын үйлестіре салып, әдемі сөздерді тізбектеп шығу деп ойлайтындар оңбай қателеседі. Бүгінде ақын көп деп жатады. Шын мәнінде ақын өте аз. Жүрекке жетпейтін, бірді екілі шумақпен ақынмын деп жүргендер өте көп. Біз поэзияны қадірлесек, әр нәрсені өз атымен атап, әркімді өз орынынан көруіміз керек.
— «Әннің сөзі рухы да, ал әуені сүйегі» дейді. Осы уақытқа дейін қанша әндеріңіз жарыққа шықты?
— Мен әнін де сөзін де өзім жазған 4-5 ән, сонымен қатар мен мәтінін жазған 30 шақты әндер орындалып жүр. Олардың қатарында, Ақбота Керімбекова, Ердос Қанаев, Нұрсұлтан Батырқұлов, Жаңабай Өтегенов, Ерлан Малаев, Төреғали Төреәлі сияқты бірнеше әншілер бар. Еркін Нұржан, Мақсат Базарбаев тағы да басқа әншілермен жаңа әндер жазу үстіндеміз.
— Сіздің көп туындыларыңызды өзге атпен ғаламторда жарияланып жатқаның жиi байқаймыз. Плагиат жайында не дейсіз?
— Иә. Ондай жағдайлар бар. Бірақ, мен нақты бір туындымды сол беті өз атынан жариялап жіберіп жатқан бауыр-қарындастарыма еш ренжімеймін. Олар әдейі емес, байқамай солай болып жатыр деп ойлаймын. Ал, енді өлеңдегі идея, ойыңды, тың теңеулеріңді өңін айналдырып өз өлеңі етіп жіберуді қоштамаймын.
— Алдағы уақытта шығармашылық кеш беру жоспарыңызда жоқ па?
— Шынайы өлең сүйетін оқырмандарымды жинап алып, алдарында өлең оқығым келеді. Менің арманым сол. Көрерменді белгілі бір эстрада жұлдызының беделімен емес, өлеңмен жинағым келеді.
— Сұхбатыңызға үлкен рахмет! Жазар дүниеңіз көп болсын!
Бөлісу:

3 пікір

DinaAbdigalieva
Рахат ағайдың өлеңдері ұнайды. Әлбетте барлығы емес енді. Бірақ түртіп-түртіп алар, жаныма майдай жағатын бірнеше өлеңдерін сүйіп оқимын%)
Kutpegen-konak
Әркімнің талғамы әр түрлі ғой Динажан. Жай оқып қана қоймай, жаттап алуға тұрарлық өлеңдері де жетерлік… Оқыныз)))
abilbekova_inabat
Рахат Әбдірахманов — нағыз лирик ақын, ішкі дүниесін өлеңмен өрнектеген жан. Өлеңдері жаныма жақын. Ақын ағама шығармашылық табыстар тілеймін!