Қорқынышты әңгімелер. Қара кемпір

Маған жеткізушінің айтуына қарас ам, бұл шамамен 1970-80 жылдардың арасында болған оқиға екен.

Қорқынышы әңгімелер: Қорқынышты әңгімелер. Қара кемпір

Маман да, адам да қат жүз шақты түтіні бар ауылға шүйкедей қара кемпір көшіп келгенде — ешкім кет демепті. Ақкөңіл де көпшіл ауыл халқының жастар жағы — енді әжеміз болады десіп; кемпір-сампырлар шүйіркелесетін құрбы таптық десе, қуақы шалдар — кекетіп-мұқататын тағы бір қубас кемпір артық болмайды депті.

Қара кемпіріңе ауыл өмірі таныс сияқты. Келе сала қараусыз тұрған үйлердің бірін әктеп кіріп алып, жұрт жинаған жылудан келген сиыр, қой-ешкі, тауық-үндікті кәнігі ауыл адамынша бағып-қағып әкете алыпты. Әйтеуір, бірер айдан соң жергіліктілерден айырмашылығы болмай қалыпты.

Бар уайым-қайғысы — жем-шөп пен өндірістік жарыстағы орын болған ауылға, бәле үш айдан кейін келеді. Еңгезердей, елдің алдындағы тепсе темір үзетін азаматтар бірінен соң бірі төсек тартып жығылса, қариялардың есі ауысып («алжып»), дел-құлы болады да қалады. Бураны жығатын балуан жігіттерге дейін көз алдында семіп бара жатады. Кешегі тойлы ауыл бірер айда қара жамылады.

Мұндай жағдайда ауыл не істейді? Жөн-жоралғы, дін-жоралғының барлығын жасайды, бірақ ештеңе көмектеспейді. Енді ауылды қойып, белгісіз кесел осы ауылдан шыққан адамдарды да жалмай бастайды. Бірінің оқудағы баласы, бірінің қызметтегі ағасының шаруалары насырға шауып, оңбауға қарайды. Таңы да, кеші де әнмен басталатын ауыл осылайша күйреген жылы шашымның жартысы ағарып, кісі болдым дейді жеткізуші аға.

Тоқетері, жем-шөп науқанында шөпті артық бастырып, қалғанын көрші аудандарға сататын бір кездегі шіріген бай кент — сол жылы қалт-құлт еткен тақыр кедейге айналып шыға келеді. Мұндай көрсеткіш үшін басың кететін заман екен. Буыншақ-түйіншегін сайлап, осы кеткеннен шатылмай-сотталмай қайтсам жақсы деп, совхоз директоры түнделетіп аудан орталығына жолға шығады. Ауылдан отыз шақырымдай ұзаған кезде жолға әлдекім жүгіріп шығып, бастықтың машинасын тоқтатады. Қараса… бұрынғы почтальон екен…
***

Почтальон совхоз бастығын өзі тұратын жеркепеге алып барып, ауылдағы оқиғалар мен өзінің жоғалу себебін айта бастайды.

— Алғашқы күдігім әлі ешкім ауырмаған кезде-ақ пайда болды. Білесіз бе, анау қубас қара кемпірдің пенсиясы — 350 сом! Ондай пенсия тек қана дербес пенсионерде ғана болады! Енді қараңыз: кім өлетін шағында сонау қаладан, ыстық-салқын суы ағып тұрған үйін тастап, бір күн от жақпасаң қатырып тастайын ауылға келеді? Кім өзі? Мақсаты не?

Екінші күдігім. Жеңіс күніне берілетін премияны апарғам. Есігі ашық тұр екен, апеке құтты болсын деп, айғайлап тұрып кіріп барып едім, кемпір үстелден бірдеңелерді тез-тез жинаймын деп, шашып алды. Қарасам — отыз шақты біп-бірдей фото, сосын барлығы да — бір адамның суреті! Кемпір сонда маған жаман қарады, баяғы біз қарсы алатын момын кемпірдің табы да қалған жоқ. Содан кейін әлгі жайсыз оқиғалар да басталды. Кесірі тиер деп, сізге апыл-ғұпыл арыз жазып, қаладағы ағама тайып отырдым. Бірақ мазам кетіп, бей-жай жүре алмадым. Аңшылар артеліне жалданып алып, өзім осылай — ауылды сыртынан бақылап жүрмін.

— Мәссаған! — дейді сонда ауыл директоры, — енді есіме түсті! Жаздыгүндері: "үйде бір солдаттың суреті жатыр, қайдан келген өзі?" деп жүрген бір-екі адамды көргем, мән бермеппін! Сонда ол не болуы мүмкін?

***
Ауданға бармай, ауылға қайтып келген почтальон мен директор таң ата машинаның дабылымен жұртты дүрліктіріп оятады да, алаңға жиналуларын сұрайды.

Мұндай төтенше жиналыс күнде болмағасын, халық тез жиналады. Директор мен поштальон білетіндерін тәптіштеп айтып береді. Сол-ақ екен, әйелдер жағы шулап қоя береді. Бірінен соң бірі барып, үйлерінен табылған солдаттың фотосын алып келеді. Үйдегі альбомдардың бірінен түсіп қалған фото деп, мән бермепті. Байқаса, солдаттың фотосы — қабырғада ілулі фотолардың артына қыстырылып кеткен екен! Және қабырғадағы сурет кімдікі болса — сол бірден төсекке жығылатынға ұқсайды.

Ашулы халық бірден қара кемпірдің үйіне қарай беттейді. Амал не, кемпір жаяулатып тайып отырыпты дала жаққа. 3-4 күннен соң үсіп өлген күйі табылыпты ен далада.

Кейін анықталғандай, әлгі фотодағы солдат — қара кемпірдің жалғыз ұлы екен. Соғысқа осы ауылдан аттанған. Және кемпірдің өзі де осы ауылдың адамы болған екен кезінде. Бұл ауыл — соғыста бір-ақ адам қаза болған бақытымен белгілі ауыл екен. Ал қаза тапқан «бір-ақ» адам — әлгі кемпірдің ұлы екен. Құсадан әбден жынданып кеткен кемпірді бір кездері облыс орталығына алып кеткен. Кемпір одан соң есін жиып, тіпті табысты қызметте де болғанға ұқсайды. Өлген кісінің фотосымен кесел жіберу — сығандарда бар екен. Ендеше кемпірің құзғындықты қалада солардан көрген ғой. Кейін зейнетке шығады. Іші пысады, сосын «тек қана осының ұлын алған» құдай мен ауылда кеткен кегі есіне түседі. Құсасы қайта меңдейді. Кегін алған түрі шығар. Енді біз білмейміз.

Білетініміз, ауылда кемпірдің үйін өртеп, оған бүкіл ауылдағы үйлерде қабырғада ілулі тұрған фотолардың барлығы тасталғаны. Артында солдаттың фотосы бар-жоғына қарамастан. Содан-ақ салдар айығып, шаруа оңала бастапты. «Байқасаң, біздің ауылдағы үйлерде қабырғаға фото ілмейді және біреулерге альбом көрсетуге сараң, — дейді жеткізуші маған күліп, — және, қазіргілер ол хикаятты білмейді де. Жәй, балаларға фото ілуге болмайды деген тәрбие бергенбіз, солай кеткенбіз...».
Бөлісу:
  • 12

5 пікір