Әкемнің арманы

Әкемнің арманы
Ағам екеуміздің ортақ қызыл ағаштан жасалынған шағын ғана кітап сөреміз бар еді. Сол кітап сөресінде сапқа тұрған әскердей болып, қаз қатар тізілген алуан түрлі ертегілер, тарихи шығармалар, әңгімелер бас аяғы жүзден астам кітап болатын. Олардың арасында жұқа мұқабалы “ Император мұңы ” атты бір топ ертегілер жинағы да бар.
Достарым үйге жиі жиі келіп кітап алып тұратын. Бірақ олардың бір де біреуінің әлгі “Императордың мұңын” алғанын көрген емеспін. Мұқабасы мұқалып, парақтары сарғайып тозы шыққан ескі кітапқа ешкім қызығушылық білдіре қоймады. Алайда осы бір көркі кеткен көне кітап мен үшін барлық кітаптардың ішінде ең бағалысы еді.Осы кітаптың қолыма алып ескі парақтарын аударыстырсам болды, келмеске кеткен балалық шағымның айқын елестері көз алдыма келеді.
Ол кезде әлі сәби едім. Әкемнің жұмыс істеп жүрген кеңсесі жабылып, жұмыссыз қалды. Жарықтық отбасының қамы үшін жұмыстың қай түрі болса да тайынбады. Табысы мардымсыз уақытша ауыр жұмыстарды атқарды. Шешем де қолынан келгенінше ұсақ түйек жұмыстар істеп жүрді. Әкем жұмысқа баратын кезде үнемі мені ертіп алатын. Әкемнің жанында бір жағынан оны мұнысына қолқабыс етіп, бір жағынан ойнап жүріп уақыт өткізетінмін.Кеш бата екеуміз бірге үйге қайтатынбыз. Бір күні кешқұрым әдеттегідей үйге қайтар жолда, әкем екеуміз кітап дүкенін көріп қалдық. Әкем сәл ойланыңқырап тұрып “Cаған кітап алып берейін бе?” деді. “ Иә әрине!” дедім мен де қуанып кетіп. “Бірақ кітап сатып алатын болсақ, екеуміз үйге жаяу қайтамыз, автобусқа мінетін ақша болмай қалады”, деді ол тағы да. “ Жарайды мен жаяу жүруге дайынмын”, деп жауап қайтардым мен қарсылық білдірместен.
Әкем ескі кітап дүкенінің есігін ақырын ашты. Сөреде тізіліп тұрған қалың томдықтардың ішінен маған “Императордың мұңы” атты ертегілер жинағын таңдап берді.Осы бір қалыңдығы бір еліге жетер жетпестей жинақты мен аса бір бағалы асыл зат ұстағандай болып құшағыма қысып әкеммен үйге қайттым.
Бірақ бәрі біз ойлағандай оңай бола қоймады. Үйге қайтар жол айтарлықтай алыс еді.Мен жүре жүре бойымда күш қуатым қалмай қалды. Әкем мені арқасына өңгеріп алды. Қаңтардың қаңылтыр аязды желі бетімнен қарыған кезде, қол аяғым дір дір етіп кетті. Жол үстінде әкем: “ Қалай көлікке мінгеніміз жөн бе еді, жоқ әлде кітап алғанымыз дұрыс болды ма” сұрады. Мен болсам “ бәрібір кітап алғанымыз жақсы болды” дедім. Әкем де басын изеп мені құптаған сыңай танытты. Сөйтті де мені сырт киімімен қымтап орап қойды.
“Білемін балам, осынша ұзақ жол жүріп қатты шаршадың, бірақ өйтпесек саған бұл кітапты әпере алмас едім ғой”. Әкем осы сөзді айтқан кезде даусынан діріл сезіліп тұрды.
Ол кезде әлі мектеп жасына жете қоймаған едім. Үнемі әкеме әлгі ертегілер жинағын оқып бер деп қолқа салатынмын. Әкем ешқашан бетімді қайтарып көрген емес. Әркез кітапты қолына алып, аса бір шыдамдылықпен оқып беретін. Қанша оқыса да мен тыңдауға әсте жалыққан емеспін. Қайта әр тыңдаған сайын тұңғыш рет тыңдап отырған секілді, әркез ерекше сезімге бөленетінмін.
Кейін анам ауруға шалдықты. Тұрмысымыз бұрынғысынан бетер нашарлай түсті. Бірақ әкем қайсарлығы мен өмірге деген құштарлығын жоғалта қойған жоқ. Әркез азын-аулақ ақша артылып қалса міндетті түрде ағам екеумізге кітап сатып әкелетін. Қолтығына қысқан кітабы бар әкем үйге кіріп келгенде ең алдымен “ Ертеңнен бастап ас су мен киім кешекке ақшаны үнемдеп жұмсайтын боламыз, келістік пе?” дейтін. Осы сөзді айтқан кезде күлімдеп тұратын жүзі әлі күнге көз алдымда. Біз де оған қосыла күліп “Ақшаны бекер шашпаймыз, үнемшіл бола бастаймыз” деп өлеңдете жөнелетінбіз. Міне ағам екеуміздің сөремізде ұқыптылықпен жиналып тұрған кітаптардың барлығы, әкемнің маңдай терімен тапқан таянғанын ішпей-жемей үнемдеп жүріп сатып әперген кітаптар еді. Ағам екеуміздің, көзі ашық көкірегі ояу білімді азамат болғанымызды көру әкеміздің ең үлкен арманы еді.
Бөлісу:

2 пікір

MamaAya
Орындалды ма әке арманы?
boztorgai
«алтын прага ертегілері».
балалық шақтың ғажайып қазыналарының бірі еді, жарықтық