Футболшылардың айлығы 1000$-дан аспауы тиіс

Футбол, тек қана футбол!: Футболшылардың айлығы 1000$-дан аспауы тиіс
Елімізде футбол спорттан гөрі үлкен бизнеске айналып кетті. Басшылар үшін ақша айналдыратын құрал, ал футболшылар үшін бұл — жақсы жұмыс. Футболшылардың айлықтары ірі компаниялардың топ-менеджерлерінен де көп. Ал, нәтиже жоқ. Футболға қанша ақша салынса да №1 спорттан пайда жоқ екенін бәріміз көріп отырмыз. Футболды өз деңгейіне және негізгі сипатына, яғни спорт деңгейіне түсірсек ше? Футболшылардың орташа айлығы АҚШ долларымен есептегенде 1000 доллар болатын болса қалай болар еді? Мұндай айлықты Қазақстанда барлық спорт шеберлері ала бермейді, оның ішіне әлем чемпиондары да кіреді. Бірақ, оларда нәтиже бар, футболшыларда жоқ. Әділ ме? Бағамдап көрейік.

Сонымен қазақстандық футбол командасындағы ортанқол футболшы 500 доллар алса, жақсылары 1000, үздіктеулері 2000 доллар алатын болса жағдай қалай болады?

Тазару кезеңі
Алдымен өзін жоғары санаттағы футболшымын деп санайтындар командадан кетеді. Шетелден дұрыс команда қарап көреді, болмағасын шетелдің төменгі лигаларынан іздейді. Тапқандар барады, таба алмағандар футболмен қош айтысады, бұрын жинаған қорларымен бизнес бастайды. Осылайша алдымен «жұлдыздардан» құтылады қазақ футболы. Айтпақшы, Еуропаның көп елінде біздегідей айлық жоқ. 3000-5000 долларға жұмыс табу да қиын. Біздің футболшылардың ешқайсысы шетелде ойнамауының бір себебі де осы: ол жақта жаттығу, тәртіп қиын, ал ақшасы Қазақстаннан да аз. Сондай-ақ шетелде ойнай алатындай адам да шықпады әлі. Ондай талант әлбетте бір жерді тесіп шығар еді. Яғни, шетелде қазақстандықтардың болмауы осы 2 себепке байланысты.

Жастарға мүмкіндік
Сонымен «жұлдыздарсыз» қалған қазақ командаларында жастарға, шынымен футбол ойнағысы келетіндерге орын ашыла бастайды. 1000 доллар (340 мың теңге) — провинцияларда өте жақсы айлық. Бұны кез келген жас түсінеді. Командаға кіруге тырысады. Мотивация жоқ емес, бар: жүлделі орынға ілініп, Еуропа сахнасына шығып көру, өзін көрсету, Ұлттық Құрамаға ілінуге тырысу. Шын футболшы болғысы келетіндер үшін жақсы мүмкіндік туады. Ақша жағынан да жаман емес.

Инфрақұрылым дамуы
Клубтар бұрынғыдай «сапалы» легионерлерден, отандық «жұлдыздардан» құтылғаннан кейін бұрынғыдай бюджеттің көбін айлықтарға құртпай, футбол академияларын сала бастайды, әр жас санаты бойынша командаларын дайындай бастайды. Осылайша балалар футболы дамиды. Өз базаларында өз футболшыларын өсіріп шығарады.

Ұлттық құрама күшейеді
Легионерлер Ұлттық құрамамыздан да кете бастап, өз футболшыларымыз ойнай бастайды. Чемпионат әлсіз болғанымен шын мықтылар іріктеліп Құраманың негізін қалай бастайды. Мысал ретінде қарасаңыз Армения, Беларус чемпионаттарының деңгейі біздің қазіргі чемпионаттан төмен болғанымен Құрамалары мықты. Ол құрамаларда шетелге кеткен талантты футболшылары және ішкі чемпионаттағы күшті ойыншылары ойнайды.

Басқа спорт түрлері де дамиды
Бұрын облыстық бюджеттің үлкен бөлігі футболға кетіп, басқа түрлерге мардымсыз ақша бөлінетін. Енді олардың да пайлары көбейіп, спортшылардың дайындықтары күшейеді. Нәтижесінде бірталай жаңа Әлем және Олимпиада чемпиондары пайда болады. Мысал ретінде Ақтөбе облысында соңғы 10 жылда Олимпиаданы қоя тұрсақ неше Әлем чемпионы шықты? Футболдан басқа қандай командалық ойын түрлері бар?

Жекешелендіру
Команда ұстау бұрынғыдай қымбат болмағандықтан жеке кәсіпкерлер өз командаларын құруы мүмкін. Бұл бір жағынан футболдағы бәсекелестікті күшейтеді және кәсіпкерге бизнес тұрғысында да пайда әкелетін болады. Ойыншы трансферлері, Еурокубоктардан түсетін сыйақылар кәсіпкерлерді де қызықтыруы ықтимал.

Лигалардың көбеюі
Футболдың қызығы қазір тек Премьер Лигада болса, бұдан кейін 1-лига да тартысты бола бастайды. Ал, одан төмен лигаларда аудандық, ауылдық командалар көбейе бастайды. Жас таланттардың шығуы үшін бұл да жақсы себеп болмақшы.

Қорыта келгенде айтарым — біздің футболды өз деңгейіне түсірмей футболымыз дамымайды. Қазір ақшаның көптігі көп нәрсеге кедергі болып тұр. Әр нәрсеге өзінің шын құнын төлесе ғана нәтиже болмақ.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше