Головкин сахабалары

Мен бүгін реалда не бітірдім? (сайыс): Головкин сахабалары
Бүгін балалар арасында бокстан жарыс басталды. Інім Ернар да қатысатын болған соң қолдау көрсетуге бардым. 2001-2006 жылдары дүниеге келген боксшылардың қарасы көп болды.

Мен бүгін реалда не бітірдім? (сайыс): Головкин сахабалары
Інімнің жекпе-жегі ертеңге қалды. Жалпы, спортқа деген фанатизмі жоқ адаммын. Ал боксты ешқашан залда тамашалап көрмегем. Соңғы рет екі-үш жыл бұрын дирижер мен оркестрдің ойынының куәсі болған едім. Әйтпесе, телебезерден Академиялық оркестрдің концертін күнде көрсетсе де қызықпайтынмын. Шамасы, ми оқиға орнындағы ақпаратты жақсы қабылдайды. Бәсе, ұстаз бар білгенін шәкіртке жанында ұстап үйретеді.


Алғашқы жұптың жекпе-жегі қызық болды. Көк бұрыштағы боксшы рингке шыққан бойда жеңіске жетті. Қарсыласы келмей қалды.

Мен бүгін реалда не бітірдім? (сайыс): Головкин сахабалары
Шүкір, Grand Duos-ым аман ғой, бірақ ештеңені де суретке, видеоға түсіргім келмеді. Еріндім. Суретке, видеоға түсіреді екенсің, кейін оны әлеуметтік желіге жариялау керек, тіпті, жазба жазу керек. Дерт қой! Ақыры келген соң айналаны камераға түсіруге тура келді.

Мен бүгін реалда не бітірдім? (сайыс): Головкин сахабалары
Залда төбелестен басқа қызық ештеңе болған жоқ. Жүргізуші жұптарды хабарлап отырды. Раунд арасында қос бұрыштағы спортшылардың аты-жөнін атады, бокспен қанша жыл айналысқанын да айтты. Бірінің жаттығып жүргеніне жыл толса, бірі кеше ғана төрт-бес ай бұрын келген.

Мен бүгін реалда не бітірдім? (сайыс): Головкин сахабалары
Мен де зейнеткердің әңгімесін айттым ғой! Әлбетте, бокспен айналысып жүрген балалар үшін жарыстың қызығы зор болды. Олардың аға-інілері де шексіз қуанды, қобалжыды. Ата-аналар да келді. Тіпті, 20 келі салмақтағы бір балақай 26 келідегі жігітпен жекпе-жекке шығудан тартынбай отыр. Осындайда «көк тудың желбірегенін» қосып, музыкасына бір жылап алғың келеді.

Мен бүгін реалда не бітірдім? (сайыс): Головкин сахабалары
Қара домалақтардың арасынан бір ғана орыстың баласын байқадым. Ол ертең төбелеседі ғой деймін. Орыстың балалары немен айналысатынын білмейді екенмін. Аман болсын! 13 жұп жұдырықтасты. Әр жекпе-жектің қызықты сәттері болды. Бір боксшы қатты соққыдан өзін жоғалтып алса, енді бірі шапшаң қимылдан қашты. Кейбірі алғашқы раундта жақсы өнер көрсеткенімен, келесі раундтарда шаршап қалды.

Мен бүгін реалда не бітірдім? (сайыс): Головкин сахабалары
Операторлықтан әдірем қалса да, режиссерлар разы болмаса да, оқырманға бокстың атмосферасын сыйлайын деп, бірнеше видео түсірген едім. Балалардың жекпе-жегін тамашалаңыз! Әр батырдың ішінде Головкин болам деген арман жатқан шығар. Ертең Ернардың жеңісін тамашалауға барамын. Айтқандай, өзіміздің Қанат Исламды ұмытып кетпейік!


Азамат!


Бұл жекпе-жекте інім сүлгімен желпіген соң Еркош жеңді.


Соңғы түйенің жүгі ауыр. Соңғы жұптың төбелесі қызық көрінді. Қара нәсілді мен америкалықтың жекпе-жегі сияқты.



25.12.2015 / Жазба жаңартылды!

Бүгін Ернар інім жекпе-жекке шықты. Одан бұрын 20 келі салмақтағы 2-сыныптың оқушысы 5-сыныптың баласымен (26 келі) төбелесті. Әттең, бұл жолы лайықты қарсылас болмады. Жыл өткен соң салмақ қосып, жеңіс тұғырынан көрінер деп сенемін. Әйтсе де, сүйкімді балақайды боксқа — бет мыжысқа бәрібір қимайды екенсің.


Қызыл бұрыштағы боксшы — Жаңаберген Ернар. Тегі осы — атасының есімі. Әкесі Самат ағаның да фамилиясы — атасының есімі. Дегенмен, әулетте көбісінің тегі — Жансанов. Жансан (Жаннысан) — Жаңаберген атамның атасы. Шыны керек, фамилиямды ешқашан ауыстырғым келмейді. Балаларым да, немерелерім де осы фамилияда болса деймін. Қалғанын көре жатармыз.


Кешегі жекпе-жекте Ернардың досы Еркош қарсыласын жеңген еді. Бүгін жеңіліп қалды. Тағы бір қызық жағдай, Ернар өткен жылы жеңіліс тапқан еді. Ал бүгін рингте сол жігіттің інісімен кездесті. Жеңді. Ертең жартылай финал. Жеңеміз деп ойлаймын. 27 желтоқсан күні финалдық жекпе-жектер болады. Жеңісті күндерде жолыққанша, өмір жолындағы «боксшылар»!



28.12.2015 / Жазба жаңартылды!

Сенбі күні Ернар өткен жылғы қарсыласынан тағы да жеңіліп, үшінші орынға түсті. Ал кеше финалдық жекпе-жектер тартысты өтіп, марапаттау рәсімімен аяқталды.



Қызықты жекпе-жектердің куәсі болдым. Бірақ оның бәрін смартфон камерасына түсіріп алатын мүмкіндік болмады. Жол апатынан марқұм болған боксшы болған екен. Сол жігіттің ізін қуған інісі бар. Рахымжан да жеңіске жетті.

Жалпы, арық жігіттердің төбелесі патыр-пұтыр боп өтеді екен. Ал толықтау келген балалар тез шаршап қалады, соққы емес, жай ғана бет итерісті көресің.

Қарсыласы рингке шықпай қалып, жеңіс бұйырған боксшылар аз болған жоқ. Сонымен қатар шаршы алаңда раундты жай ғана секірумен өткізген жігіттер де болды. Мысалы, мына видеодан боксшының кикбоксшыны жеңгенін көруге болады. Рингтің ережесін білмеймін. Бірақ өмірде бұл нәрсенің маңызы бар. Адамның бір орында тоқтап тұрмайтыны белгілі. Тоқтау — құлдыраудың парашюті. Әрекет жасап, парашютті ашпасаң, оңбай құлайсың. Сондықтан рингтегідей бос секіргенше, бірінші болып соққы беріп, қимылдау керек. Сол кезде жеңіске жетесің.


Төрт күнге созылған қалалық жарыс аяқталғанымен, боксшылардың күресі жалғасады. Жеңгені де, жеңілгені де бар. Екі жағдайда да бар боласың. Өмірдің философиясы да сол — бірде биікке шығасың, бірде құлайсың, соған қарамастан бар боласың. Бар екенсің, демек, әрекет жасауға, қозғалуға мүмкіндігің бар.



Мен бүгін реалда не бітірдім? (сайыс): Головкин сахабалары
Бөлісу:

3 пікір

MERmukhanov
Ернардың (не путать с patick ) айқастарын көруге асықпын!
nazamat
Бүгін жекпе-жекте жеңді. Енді ертең жартылай финалда төбелеседі. :)
nazamat
Төрт күнге созылған бокс жарысы бітті. Інім үшінші орын алды. Енді көктемде аудандық жарыс болады.