Жыл қорытындысы: Әлеуметтік желілер
Осыдан шамамен екі жарым жылдай уақыт бұрын кәсіби SMM-ге бет бұрғанымда, «бұның не?», «жұмыс па, тәйірі» дегендер болды. Сол дегендерге қосылып кетуге шақ қалатынмын. Сөйтсем, SMM-маманның міндеті бір басына жетіп артылады екен. Әрине, шахтаға түсіп, тас ою емес, алайда көзің алайып, контент-планмен қидаласып отыру да жеп жібереді. SMM-шінің жұмысы ВК-дағы пабликке мысық пен күшіктің суретін салып отырумен шектеледі демеңіз, анализ бен жобалаудан бастап психологияға, партизандық астыртын іс-әрекеттермен айналысуға дейін жүзіп жүре береміз. Мәселен, мына жерде біз пақырдың 100 басты (тек басты!) міндеті көрсетілген екен. Жә, мұны «Аноним SMM-шілер клубы» мүшесінің маңқа езгілеуі емес, жәй, сөздің сірағасы деп білерсіздер. Клуб демекші, қазақ SMM-шілерінің басын қосып, бір жертөледе жылап-сықтайтын жер табамыз ба?
Кіріспенің парызы орындалған екен, негізгі тақырыпқа көшсек. Сағат сайын сан түрленіп, күніне қырық өзгеріске ұшырайтын салалардың бірі — SMM. Әне-міне аяқталғалы тұрған 2015 жыл да соушл медиаға, оның ішінде әлеуметтік желілерге біраз жаңалықтар алып келді. Соларға шолу жасап жіберсек.
2015 жылдың тамыз айында Марк Цукерберг жаңа рекорд орнағаны, яғни Facebook әлеуметтік желісіне бір тәулік ішінде миллиард қолданушы кіргені туралы мәлімдеді. Бұл әлемнің әрбір жетінші тұрғыны дегенді білдіреді. Жаман емес, ә? Эдакий "Сұрақ-Жауап" глобального масштаба.
Жарнама
Қаңтар айында Facebook жарнамалық жазбалардың көлемін бақылауға алып, қолданушының жынына тимеудің амалдарын жасай бастады. Қазіргі уақытта жалпы лентадағы жарнаманың көлемі жазбалар санының 3%-нан аспауы керек. Болашақта да асыра қоймайтын шығар.
Лента
Жаздың басында жаңалықтар лентасының іріктеу алгоритмі өзгерді: қолданушы қандай тақырыптағы жазбаларды көп оқыса, Facebook те оған соған ұқсайтын жаңалықтар көбірек ұсынып отырады. Яғни әр юзердің лентасы басқалардікіне қарағанда өзінше бөлек, ерекше.
Жылдамдық
EDGE-бен (мысалы деймін да) есек аяңдатып. фото мен видеоны дұрыс көре алмай қалған қолданушылар үшін Facebook жаңалықтар лентасының тез жүктелетін жолын жасап шықты. Енді Интернетіңіз баяу болса, суреттер толық сапады жүктелмейді, есесіне мәтіндерді тез жүктеп, оқып ала аласыз. Ал сурет пен видеоны бөлек басып, жүктеуге болады.
Бірнеше сурет немесе ролик жүктеу
Күзде жарнамалық жазбаларға бірнеше сурет немесе ролик іліп қою мүмкіндігі пайда болды. Олардың саны 10-ға дейін жетуі мүмкін, бірақ қолданушы тек бесеуін көре алады.
Іздеу
2015 жылдың қазан айында 2 триллион жазба мен ұқсас сөздер ұсынатын жаңа іздеу жүйесі іске қосылды. Бірінші кезекте лента жазбалары, содан кейін хабарламалар, осыдан соң басқа дереккөздер шығады. Қателеспесем, бұл Facebook-ті ағылшын тілінде пайдалансаң ғана қолжетімді.
Таргетинг
Қазан айының соңында Facebook таргетингтің кеңейтілген нұсқасын ұсынды. Бұдан былай жарнама берушілер мақсатты аудиториясын жас, жыныс, қызығушылықтары секілді параметрлермен қатар іс-әрекет моделі, демографиялық көрсеткіштері арқылы да таңдай алады.
Әлеуметтік бағыт
Қараша айында Facebook көзі көрмейтін қолданушыларға арналған арнайы қосымша әзірленіп жатқанын мәлімдеді. Апликейшн фотосуреттерді не бейнеленгенін дауыстап, айтып беретін болады.
Екі камераны қатар қолдану
Жаңа жылдың алдында Facebook телефонның екі камерасын бірдей қосып, пайдалану мүмкіндігін тестілеп жатыр. Яғни чат арқылы видеобайланыс орнатып, трансляция жүргізе беруге болады. Әзірге Live Video функциясын тек АҚШ-та тұратын айфоны бар азаматтар ғана қолданып көре алатын болып тұр.
Коллаж
Collage қосымшасы келе жатыр. Тестілеуден өтіп қалды-ау деймін. Ол қолданушы таңдап алған фотолар мен видеоларды қосып, әдемілеп, анимациялық шоу жасап береді.
Бұл әлеуметтік желіге биыл 5 жыл толды. Негізгі өзгерістері жарнамаға қатысты болды. Сонымен…
Іздеу жүйесі
Бұрын лупаны басқанда шығатын бетте қолданушыға қызықты болады-ау деген фотолар мен аккаунттар шығушы еді ғой. Қазір бұл тізімге геолокация бойынша іріктеліп алынатын танымал орындар да қосылды. Танымал дегенде Эйфель мұнарасы немесе Ніл өзенінің теңізге құяр тұсы ғана емес, сіздің достарыңыз сол жерде суретке түсіп, белгілеген орындар да ұсынылады. Мысалы, Орбұлақ шайқасы немесе Дәруішөлген кент-азаттық көтерілісінің шешуші шайқасы болған жер.
Фотосуреттер топтамасы
Instagram-ның түрлі елдер бойынша ашылған ресми аккаунттары сол елдердегі өздері таңдап алған фотопрофилдерді белгілеп, топтама ұсынып отырады. Мәселен, @instagramdaruisholgen атты аккаунт бөтелке призмасы арқылы күнделікті өмірді фотоға түсіріп жүрген браттарды тегтеп, әлдебір пәлсапалық мәтін жазып, пиарлап жіберуі мүмкін. Жақсы ма? Жақсы.
Жаңа фильтрлер
2015 жылы Ludwig, Perpetua және Slumber атты үш жаңа фильтр қосылды.
Коллаж жасау
Бұған дейін коллаж жасау үшін апликейшн дүкендеріндегі ойдан-қырдан құралған қосымшаларды қолданып жүруші едік қой. Осы жылы Instagram Layout атты жаңа қосымша ұсынды. Ерекше ештеңесі жоқ, жеңіл бағдарлама, тоғыз суретке дейін салып, коллаж жасауға болады.
Бірнеше сурет жүктеу
Күздегі Fасebook ұсынған функция мұнда да орнады. Бірнеше суретті горизонталь жүктеуге болады. Қызықпаған адам қызыпайды, өтіп кетеді, қызыққан қолданушы, көлденеңінен айналдырып қарап, таныса алады.
Direct
Приват хабар алмасу бұл әлеуметтік желіге де келіп жетті. 10 адамға дейін топ құрып, сурет немесе видеомен бөлісуге болады.
ВКонтакте
Ресейлік ресурс та әлемдік көшбасшылардан қалғысы келмейді екен. Даркнеттен табылатын дүниенің біраз бөлігін былайша жариялап отырған әлеуметтік желі қалай өзгеріпті, көрейік.
Жазбаларды жарнамалау
Басты жаңалық осы шығар. Бұрын бір бұрышта сығылысып тұратын және қолданушының көзіне түсе бермейтін жарнамалық жазбалар бұдан былай жаңалықтар лентасына шығатын болды. Иә, Facebook секілді. Иә, жалпы топ немесе парақшаны ғана емес, сол қауымдастықта жарияланған әлдебір жазбаны жеке алып жарнамалауға болады.
Минимал адам саны
Бұрын тобыңда 1000 адам болса ғана жарнама бере алатын едің. Қазір 300-ге түіріп тастады. Бұл аймақтық пабликтер мен аса танымал емес салада жұмыс істейтін компанияларға пайдалы болмақ.
Топтар мен парақшаларға жеке хабарлама жіберу
Сүйікті паблигіңізге кіргенде көрген боларсыз, бұдан былай қауымдастыққа тікелей мессидж жіберуге болады. Қауымдастық иесінің қанша уақытта жауап беретіні де көрсетіліп тұр. Бұл тауар немесе қызмет сататын компанияның клиенттерімен қаншалықты тығыз жұмыс істейтінін байқатады.
Жаңалықтар лентасы
Facebook секілді ВКонтакте де жаңалықтар лентасын қолданушының қызығушылығына бейімдей отырып, қалыптастыруға мән беріп жатыр. Мысалы, сіз «Пошлые истории», "Қазақша секс", "+18" секілді бір топ пабликтің оқырманы болсаңыз және соларды жиі оқып, лайктап жүрсеңіз, көптен бері қарамай кеткен "Қазақтың қадірлі тұлғалары" атты қауымдастық жазбалары лентаңыздан жоғалады.
«Тауарлар» сервисі
Қыркүйек айында нақты өнімдер сататын топтар мен парақшалар «Тауарлар» атты сервисті пайдалану мүмкіндігіне ие болды. Бұл құрал көпшілікке ұнаған секілді, себебі алғашқы айдың ішінде 1,7 миллион тауар осы сервис бойынша қосылған екен.
Twitter биыл тоғыз жасқа толды. Компания табысымыз бен статистикалық көрсеткіштеріміз айтарлықтай өсті деп отыр. Оған мына жаңалықтар да әсер еткен болар:)
Сіз жоқ кезде...
Осы жылдың басында Twitter ұялы қосымшаларына арнап (Android-тан таппадым, тек AppStore-да бар дейді) «Сіз жоқ кезде» («While you were away...») деген қызмет қосты. Сіз кірмеген кезде пайда болған қызықты твиттерді осы қызмет арқылы тауып, оқуға болады.
Лентадағы видео
Осы жылдан бастап Twitter жаңа видеоплатформаға көшіп, 30 секундтық роликтер жүктеуге мүмкіндік берді. Маусым айынан бастап лентадағы видеолар автоматты түрде ойнайтын болды (Иә, дәл Facebook-тағыдай).
Жарнама
«Жылдам жарнамалау» атты жаңа фукнция пайда болды. Ақысын төлесеңіз, белгілі бір твит-жазбаларыңыз қызығушылығы сізбен сай келетін қолданушылардың лентасына шығып тұратын болады.
Лайк
Иә, Twitter-де лайк пайда болды. Ретвит пен фавориттен бөлек сіз енді ұнатқан твитіңізге лайк қоя аласыз.
Осы жылы осындай жаңалықтар болған екен.
Пешыищщо