Әзім әңгімесі

Менде бір керемет сюжет бар...: Әзім әңгімесі
Мемлекеттің жастар ісімен айналысатын басқармасы бар. Аптаның басында басшылық маған арнайы тапсырма бекітіп берген еді. Көмекшімнің де мойнына жүк артылды. Астанадан Атырауға жолым түсті. Соңғы рет Атырауға он шақты жыл бұрын барғанмын. Мұратбек ақсақалдың 90 жасын тойладық. Енді, міне, мемлекет жүктеген міндетпен Атырау жастарының арасынан үздік мамандарды тауып, келісім-шарт жасаудың қамымен бара жатырмын.

Бұрын Атырауда мұнай болған деседі. Әрине, менің бұған сенуім қиын. Себебі сол уақытта менің ата-анам әлі таныспаған да еді. Ұшақ кешке барып қонады екен. Астанаға таңғы рейспен кері қайтармын. Бастысы, жастардың құжат-қағаздары дайын болса, жиналыстан соң қонақ үйге жайғасармын.

Айтпақшы, үздік мамандардың қаражаты да түгел болуы керек. Ата-анамның жас кезінде жемқорлық деген нәрсе болған екен. Сол кездегі партия билік басынан кеткен соң жастардың үштен бірі жұмыссыз қалған. Ал жаңа билік пара берудің мәселесін бір жүйеге келтіріпті. Мемлекеттік қызметке орналасу үшін арнайы төлемақы бекітіп, жемқорлықтың формасын өзгерткен екен. Ал қазір екінің бірі шетелде оқып келген, бірнеше тіл біледі. Жұртты таң қалдыру қиын.

Атырауда жалғыз қонақ үй қалған екен. Күні кеше қырсық шалып, өртке оранған. Соңғы рет келгенімде тағы бірнеше үй болған. Оның бәрін «Ахметбек ағымы» компаниясы сатып алған екен. Қонақ үйде қауіпсіздік сақталмаған соң енді заң бойынша мемлекет оны өзіне алады. Әрине, мемлекет қонақ үйді әлгі компанияға үш есе бағамен сатып жібереді.

Бұл компанияның негізін Дулат деген кісі қалаған екен. Таразда саудагер болған деседі. Ахметбек деген ұстаздың үздік шәкірттерінің бірі болған. Компания қаражаты мол болған соң мемлекеттің заңмен тәркіленген мүліктерін оңды-солды сатып ала береді.

Атыраудағы туған-туысымды ұмытып қалыппын. Заман да сондай боп кетті ғой өзі: ағайындар бір-бірімен араласпайды. Туыстық қатынас үзілген. Үздік мамандармен жиналыс өткізген соң осындағы әріптесім Алмастың үйіне қонатын болдым. Қонақ үйге қарағанда Алмасқа аз төлейтінім жақсы болды.

Алмастың үйіне жақындағанда есік алдында шу болып жатыр екен. Тәртіп сақшылары бір жігітті әкетіп барады. Есік алдында бір шал отыр екен. Алмастың көршісі ғой деймін. Үйге кірген соң ойланып қалдым. Негізі, мұндай у-шудың адамды қызықтыра қоюы екіталай. Жұрттың жағдайына қарасатындай екінің бірінде артық уақыт жоқ. Неге екені белгісіз, есік алдындағы шалмен әңгімелескім кеп кетті. Біз жақта да көршімен амандаспайды. Ескінің салты деп, амалсыз әлгі шалға барып сәлем бердім.

Әзім шал әлгі жігіттің оқиғасын айтып берді. Жігіттің шешесі қарттар үйінен қашып кеткен екен. Қызығы сол, елімізде қарттар үйі қалмаған шығар десем, әлі де бар екен. Біздің Астанада жоқ. Қарттардың көбісі Шымкент жаққа қашады деп естуші едім. Сонда бай-бағландардың үйінде жұмыс істеп, нәпақасын табады екен. Қарттар үйіне ай сайын салық төлеп отыру қиын ғой.

Екіншіден, жігіт бір жеке меншік мекеменің келісім-шартын бұзған екен. Әзім шал обал болған екен дейді.

— Жиырмасыншы жылдар, — деп Әзім әңгімесін жалғастырды. — Әлі мектепте оқимын. Отыздан асқан ағам үйге келін әкелді. Алып қашқан екен. Үлкендер қорқып кетті. Себебі бір көршіміздің баласы қыз алып қашып келгенде үстінен арыз түсіп, сотталып кеткен.

Ағам да ақымақ емес еді. Жұмысы бар, тұрмысы жақсы. Жеңгемізді Шымкент жақтан әкелген екен. Сөйтсе, бір шымкенттік тігінші келіншек елде жоқ кәсіп ашқан. Ұмытпасам, Ергалина болды ғой деймін. Өзі Астанада тұратын. Қыздың ата-анасы мекемеге ақы төлеп, тізімдегі жігіттердің бірін таңдаған. Ағамның анкетасы көңілден шыққан болса керек.

Мекеменің тағы бір шарты: ағам үйленген соң өз басының ақысын төледі. Айтқандай, жеңгем де отыздан асқан еді. Әйтеуір, бұрынғы алып қашудан өзгерек болды. Ешкім жыламады, соттаспады. Ал мына жігіт үйленіп алған соң ақысын өтемей, қашып кеткен.

Міне, Ергалина ашқан компания әлі күнге дейін жұмыс істейді. Е-е, заманның ауысып жатқанын ол кезде қайдан білейік, бала едік. Сол жылдары «Кәрі қызды алып қашу» мекемесінің жұмысы енді басталып жатқан кез еді. Дәурен-ай! — деп, Әзім көзіне жас алды. Одан соң ауыз ашпады. Сол шаққа оралғысы келгендей көрінді.
Бөлісу:

1 пікір

asaubota
жақсы нәрселер жаза алатын едің ғой. мындай жанр өтпейді