Ертекші ата

Біздің үй мен мектеп ұзын бір көшенің бойында орналасқан. Арапов көшесінің ана басында мектеп болса, мына басында біздің үй. Ал дәл ортада көк дарбазалы, біз үшін ерекше кісінің үйі бар. Құдды екі ортаны жалғап тұратындай. Ерекше болатын себебі де жоқ емес. Балалар бұл үйге “Ертекші атаның үйі” деп ат қойып алғанбыз. Мектепке бара жатқанда да, келе жатқанда да сол үйге қарап елеңдеп өтеміз. Онымыз Ертекші ата шығып қалар ма екен деген үміт. Ал Ертекші ата шықса бітті, қасына жетіп барып “ертегі, ертегі, ертегі айтып беріңізші” деп шулай кетеміз. Дарбазасының алдында өзі күніге кешке шығып ары- бері, өткен- кеткенге қарап отыратын орындығы бар. Соған отыра қалып біз өмірі естімеген жаңа ертегісін бастап кетеді. Ертегі басталса бітті көзіміз жайнап, мәз боламыз, соншалықты қандай ертегі айтатыны қазір есімде жоқ. Тек жамырай барып, қоршай отырып алатынымыз, сосын ерекше сақтықпен, қызықтан құр қалып, естімей қалатындай барынша жақын отыруға тырысатынымыз көз алдымда. Ол кісі де біз үшін арнайы дайындалатын, сосын бізді қашан өтеді екен деп күтіп отыратын сияқты. Әйтпесе, күніге ойдан шыға беретін қайдағы таусылмайтын ертегі дейсіз. Оның үстіне бір күнде екі ертегіні қатарынан ешқашан айтпайтын. Мектепке бара жатқанда ертегі айтса, қайтып келе жатқанда айтпай қоятын, бағана айтып едім ғой деп. Сабаққа тек ертегі тыңдау үшін баратын балалар да болды. Бәріміздің түрімізді жаттап алған. Бір күн көрінбей қалсаң “Әй, сен кеше болмадың ғой” деп біле қояды. Ертегі айтқандағы дауысы да бір керемет, ерекше. Түрі де дәл бір ертегі әлемінен келген адам сияқты көрінетін бізге, мүмкін барынша образға кіргендігінен болар. Сол сары атаны шынымен ертегі айту үшін жаралғандай, ондай Ертекші ата әлемде жоқтай көретінбіз. Өзімізді Ертекші атаның ертегілірін тыңдағанда жер шарындағы ең бақытты бала сезінгеніміз де сондықтан шығар. Енді, есіме алсам Ертекші атаның өз азан шақырып қойған атын мүлде білмейді екенмін. Қазір ол ата не істеп жүр екен?! Бәлкім, басқа жақта, басқа балаларға ертегі айтып беріп, бізді тамсандырғандай таңғалдырып жүрген болар. Әлде, көшеге шығып алып мына күнгі ертегі айтатын атаны тыңдамақ түгілі, ертегінің не екенін білмей өсіп жатқан балаларға қарап, баяғы айтқызбасына қоймай, шулап тұрып алатын бізді есіне алып, мұңға батып жүр ме екен?! Әлде… Балалық шағымыздың бір қызығының себепкері болған, куәсі болған Ертекші ата қайда екен?! Сол ертегі тыңдайтын уақытты да, сол сап- сары Ертекші атаны да сағындым…
Блог - BalausaOspan: Ертекші ата
Бөлісу:

2 пікір

MERmukhanov
%) %) %)

норм.
безендіруді меңгеріп ал
BalausaOspan
Иә, дұрыстап үйренiп алу керек едi. Әлi түсiнiңкiремей жатқан сияқтымын