Қазақ халық аспаптар оркестрі туралы не білеміз?
Мектепте оқып жүрген кезде, дәстүрлі әндерді жек көрмесем де, тыңдамайтынмын. Тіпті айтылып жатса, эстрадалық әнге ауыстырып жіберемін. Бірақ мектеп бітірген соң аяқ асты дәстүрлі әндерге қызығушылығым оянып кеткені бар. Телефонымда Бекболат Тілеуханның, Қайрат Байбосынның орындауында бірнеше әндер немесе түрлі күйлер жүреді. Бірақ дәстүрлі ән орындаушылар, ұлттық аспапта орындайтындар туралы мәліметім тым аз екен.
Ия, бұның бәрі кіріспе ғой %) Айтайын дегенім ол емес ;)
Жақында Конгресс Холлға шаруаммен бара қалғанымда, ондағы филармониядағы Қазақ халық аспаптар оркестрінің директорымен кездесіп қалдым. Шынымды айтсам, бұл оркестр еліміз бойынша мықты ұжым болса, ол туралы дым естімеппін. Оның үстіне Көкбөрі Қазақұлы деген есімді арқалап жүргенімді айтам да :)
Оркестр директоры Жанар Қасымовамен сөйлесіп отырып, біраз пікірталасқа де ерік бердік. Ол кісі халық ауызбен орақ орып, қоя салады, концертке адам келмейді деп мұңын шақты. Қаншама шара ұйымдастырса да, халық өте аз келеді екен. Амалсыз оқушылар мен студенттердің соры болып отырмыз дейді Жәкең. Тіпті эстрада әншілерімен бірігіп, концерт те ұйымдастырған екен. Ішінде Қайрат Нұртас, Айгүл Иманбаева, Тамара Асар секілді әншілер де болған. Сонда инстаграмға салса, «… Айтқали Жайымовтай дүлдүл қайдағы жоқ Қайрат Нұртастың артында тұрғаны жаныма қатты батты...» дегендей небір асанқайғыланған пікір жазылыпты. Бірақ пікір жазғандар концертке келмегендер екен… %)
Ал мен болсам, олардың өздері халыққа жақын болу керек деген пікір білдірдім. Баяғы жалғыз Ақан сері немесе Біржан салға қарап отыратын заман емес, халықта таңдау көп, өздері жарыққа шығару керек қой. Жанар ханым болса, өзіме қолқа салмасы бар ма?) Неге келіспеске деп мен де оркестр туралы мәліметтер алып алдым. Сонымен не керек, оркестр туралы мәліметке қанықтым. Енді оны мен сияқты естімегендермен бөліссем деймін. Біліп жүрген абзал болар.
Оркестр әйгілі Төлеген Мұхаметжановтың жетекшілігімен 1997 жылы құрылыпты. Астана қаласы Мемлекеттік филармониясының бірінші кәсіби ұжымы. Қазіргі көркемдік жетекшісі және бас дирижері — Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымов, екінші дирижер — Республикалық байқаулардың лауреаты Нұрлан Бекенов, директоры – Жанар Касымова.
Әу баста оркестрге дирижер, композитор Мұхаметқали Тналин (1997-98), көркемдік жетекшісі және бас дирижері ретінде ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мырзағали Айдаболов (1998-2003гг.) жетекшілік еткен екен. 2008 жылдан бері арнайы шақыртумен келген танымал домбырашы және дирижер, композитори Айтқали Жайымов бас дирижер болып келеді. Ал оркестрдің тұсаукесері мен алғашқы концерттік бағдарламасы 1998 жылы «Конгресс Холл» залында болған.
Айта кететін нәрсе, оркестрдің ұжымы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясының және Қазақ ұлттық өнер университетінің түлектерінен құралған және олар жыл сайын толықтырылып отырылады. Бірақ бәрін қалай сиғыза беретінін білмейді екем)
Репертуарында Қорқыттан бастап, беріге дейінгі күйші, композиторлардың шығармашылығын ойнайды. Ал концерттік бағдарламаларда шетелдік классиктерінің шығармаларын, заманауи композиторлардың туындыларын орындап жүр.
Айтпақшы концерттік бағдарламалар демекші, осы кезге дейін Бибігүл Төлегенова, Нұржамал Үсенбаева (мәліметтерді қарап отырсам, бұл кісі Татарстанның да халық әртісі екен ғой), Майра Мұхамедқызы, Алтынбек Қоразбаев секілді саңлақтармен бірге өнер көрсетіпті.
Осындай өнер ордасы болған Қазақ халық аспаптар оркестрін білмеу қазақтығымызға сын болар деп, Жанар ханымға блогыма жазам деп уәде берген едім. Енді концерттеріне де жиі барып тұрамын деп шештім. Бірге барам деушілерге мархабат :)
Пы.сы. Конгресс Холлда 25 қараша, 19:00-де болатын "Қазақ хандығының 550 жылдығына" арналған концерт болатынын айта кетейін. Астаналықтар үшін ғой ;)
Соңғы мәлімет, оркестр тарихындағы оркестрге дирижерлік еткен атақты музыканттар: КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Шамғон Қажығалиев, Ресей Федерациясы Үлкен театрының симфониялық оркестрдің дирижеры, Ресей, Қазақстан және Татарстанның Халық әртісі, профессор Фуат Мансуров, профессор Алдаберген Мырзабеков, Өзбекстанның Халық әртісі, Т.Жамилов атындағы Мемлекеттік оркестрдің көркемдік жетекшісі, профессор Фарук Садыков, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Жалғасбек Бегендіков.
баяғылар барса, оларда бүгінгідей кинотеатрлар мен басқа да көңіл көтеретін қызықты орындар болмаған.
операны тыңдай аламын дегендерге айтарым осы.))