Ұлттың арнасы

Бүгін...: Ұлттың арнасы
Жалпы телевидениенің "ішкі өмірін" бір көрсем деп жүргенмін. Күнделікті көретін жаңалықтар, түрлі бағдарламалар қалай дайындалатыны қызықтыратын. Ол тілегім қабыл болып, кеше Ұлттық арнаға блогтур жасап қайттық ;)
Алдымен арнаның өзінен бастасақ ;)

Бүгін...: Ұлттың арнасы
Алғаш рет 1958 жылы 5 сағаттық хабар тарата бастаған арна жыл сайын әлеуетін арттыра отырып 1987 жылы одақтас республикалар ішінде 4 орындағы үлкен телеканалға айналған. Жалпы ұйым қазіргі таңда Қазақстандағы ең ірі корпорация. Құрамында 3 телеарна (Қазақстан, Қазспорт, Балапан) мен 4 радио (Қазақ радиосын, «Шалқар» Ұлттық арнасын, «Астана», «Classic» радиолары) және он төрт облыста аймақтық телерадиокомпаниялары бар. Қазақстан арнасын ел тұрғындарының98,63 пайызы хабарларымызды көріп, тамашалай алса, Қазақ радиосын тұрғындардың — 88,74, «Шалқар» радиосын — 61,31 пайызы тыңдай алады. Хабарлардың 85 пайызы қазақ тілінде.

Бүгін...: Ұлттың арнасы
Қазақстан телеарнасы туралы әңгіме бастағанда Молдабек Әжібекұлы басқаратын Ұлттық арнаның бейнеқоры туралы айтпау күнә шығар :)
Молдабек аға телеарнаға алғаш рет 1986 жылы Қазақ теледидарының «Алатау» телеарнасының редакторы болып бастаған. Онан кейін түрлі хабарлардың редакторы, шеф редакторы секілді түрлі қызметтер атқарып келіп 2013 жылдан бері Бейнеқор бөлімінің басшысы қызметін атқарып келеді. Ол кісі басқарып отырған ұжымда 7 қызметкер бар.
Блогшылардың: «Бейнеқордағы өзіңіздің көңіліңізге ұнайтын материалды айта аласыз ба?»,-деген сұрағына Молдабек аға «1986 жылғы көтеріліс кезіндегі түсірілімдер»,-деп жауап берді.
Осы сөзден ақ арнаның өзі ғана емес, қызметкерлерінің де ұлтжандылығын байқауға болатын шығар.
Бүгін...: Ұлттың арнасы
Жалпы, Ұлттық арнаның бейнеқоры 2012 жылы қазан айында Алматы қаласынан Астана қаласына көшіріліпті. 1960-70 жж. бағдарламалардың көбі тікелей эфирден берілетіндіктен бейнеқор аз. 1980-90 жж. бастап таспаларды бейнеқорда сақтау қолға алынып, таспалар саны 30 000-ға жуықтаған. Бейнеқордағы тұрақты температура +17, +18 градус.
Бүгін...: Ұлттың арнасы
Теледидарда тікелей эфирда жымиып қана отыратын, бір қарағанда оңай секілді көрінетін жүргізушілердің жұмысы тіпті де оңай емес. Күнделікті болатын жаңалықтарды дайындауға гримеры бар, операторы бар, жарық қоюшылары бар 30-40 адам жұмылдырылады екен. Жаңа кезеңнің жаңалығы: kaznews‬ бағдарламасы. Арнаның ең қымбат өнімі "Қазақстан дауысы" ток-шоуы. Дəл қазір 3 кезеңі өтіп жатқан бағдарламаны осы кезге дейін 3 млн адам тамашалапты.
Қазақстан РТРК АҚ Басқарма Төрайымы Нұржан Жалауқызының айтуынша корпорация күшімен соңғы 1-2 жыл көлемінде жалпы саны 1000-ға тарта отандық сериал түсіріліпті. «Сырғалым» телехикаясының көрермендерге ұнағаны сонша, 2 бөлімі түсіріліп көрерменге жол тартқан. Сырғалымнан бөлек «Кешір мені», «Алғашқы махаббат», «Жас Ұлан», «Аяулы арман», "Қазына" «Көк тарландары» секілді ондаған телехикаялар бар.
Бүгін...: Ұлттың арнасы
Аптасына 5 рет болатын "Әйел бақыты" бағдарламасын білмейтін адам жоқ шығар ;) Біз барған кезде түсірілімі болып жатыр екен. Біткенін күтіп тұрдық. Аяқталған кезде Ләйлә Сұлтанқызымен 15 минуттай сөйлесіп, көкейіміздегі сұрақтарды қойдық. Алғашында 3 жүргізушімен бастаған бағдарламаның уақыт өте келе философиясы өзгеріп қазір Ләйлә апай өзі ғана жүргізеді. Ләйлә апайдың өзіне ғана тән бір керемет жағымды энергетикасы бар… Бір… адамды тартып тұрады. Өте сыпайы, қарапайым кісі. Мүмкін тағы бір барып қалармыз жақында ;)

12-лерде басталған блогтур бестен өте осылай аяқталды. Жаңа адамдармен таныстық, Ұлттық арнаның көлденең адам кіре алмайтын бейнеқорын көрдік, бағдарламалардың қалай дайындалатынын, шет елдік сериалдардың қалай дубляждалатынын көрдік. Әсер деген керемет. Блогтурды ұйымдастырған СММ бөлімінің басшысы Құрманәлі Қалмахан ағамызға, Ұлттық арнаның қызметкерлері Мадина мен Азаматқа зор алғыс.

PS: Кейбір фотолар Максим Рожинге, блогтурға барған блогшыларға тиесілі.
Бөлісу:

6 пікір

Daniar-Alan
Кешегі блогтурдан есеп :)
merekeee
корпорация күшімен соңғы 1-2 жыл көлемінде жалпы саны 1000-ға тарта отандық сериал түсіріліпті.
Мың? :Q
Маяны дыбыстап жатқанынан үзінді көріп қалғам инстаграмнан, соны енді түсініп отырмын қалай түсіріп алғандарыңды )
Тема!
Daniar-Alan
Мында дұрыс түсіндіре алмадым ау деймін.
Былай ғой: Мәселен: «Сырғалым»ға 72 серия, «Көк тарландарына» 103 серия… Осылардың қосындысы 1000.
ademi_alem
Онда шамамен былай болады ғой деймін:
Соңғы 1-2 жыл көлемінде корпорация күшімен жалпы саны 1000-ға жуық сериядан тұратын отандық телехикаялар түсіріліпті.
merekeee
Неге олай болу керек, Әдемі? 1000 деген сан ауыз толтырып айтуға жақсы болғасын ба? :)
«жиырмадан аса сериал», «отызға тарта сериал», «елу шақты сериал» десе де болады ғой! Нақтысын айса одан да жақсы.
ademi_alem
Сіздің нұсқаңыз да дұрыс, әрине. Мен Данияр ағаның сөйлемін ғана сәл өзгерттім түсініктірек болуы үшін.
корпорация күшімен соңғы 1-2 жыл көлемінде жалпы саны 1000-ға тарта отандық сериал түсіріліпті.
Мына жерде мағынасы мүлде өзгеріп кеткен, 1000 деген санды көрсеткісі келсе осылай жеткізген дұрысырақ болар дегенім ғой.