«Мектепке жол» 8727 балаға көмек берді
Биыл Астанада «Мектепке жол» акциясы аясында 3500 оқытушының қатысуымен 99 210 пәтерлер араланып, 8727 бала 92 млн 156 мың 549 теңге көлеміндегі қаражатқа көмек алды. Оның ішінде 6925 бала бюджеттен тыс 70 млн 289 мың 706 теңге сомасында демеушілердің есебінен мектепке дайындалды.
Қалалық Білім басқармасының мәлімдеуінше бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда едәуір артқан. Былтыр 1 қазандағы мәлімет бойынша 7667 бала 68 млн 506 мың 200 теңге көлемінде көмек алыпты.
Акция шеңберінде тамыз айының 21-22 күндері Білім басқармасының Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасымен бірігіп ұйымдастырған мектеп жәрмеңкесіне 30-дан аса кәсіпкерлер мен Астана, Алматы, Қарағанды тауар өндірушілері қатысты. Жәрмеңкеде кеңсе тауарлары мен мектеп формалары 10-25 пайызға дейінгі төмендетілген бағамен сатылды. Онда 23 мыңға жуық ата-ана керек-жарағын арзандатылған бағада сатып алды.
«Бірінші рет, бірінші сынып» акциясы аясында 50 балаға мектеп сөмкелері үлестірілді.
Пікір жоқ әзірше