Қыңыр қария

Блог - ademi_alem: Қыңыр қария

Австралияның шағын қалашығында орналасқан қарттар үйіндегі осы қария өмірден өткен кезде бәрі „Ол өзінің өмір жолында із қалдыра алмады„ деп ойлаған еді. Медбикелер оның бөлмесіндегі заттарды жинастырған кезде қария жазған өлең жолдарын тауып алған. Өлеңнің мағынасы терең болғаны сондай, ол жердегі қызметкерлер өлеңді бір-бірінен сұрап алып оқыған. Сол жердегі медбикелердің бірі өлеңнің көшірмесін Мельбурнға жіберген екен. Қарияның қаламынан туындаған жалғыз өлең Австралиядағы жаңа жылдық журналдар мен психологтарға арналған журналдарға жарияланған. Оның өлеңі ғаламтордан да өз орнын тауып, жаны поэзияға жақын адамдармен „қауышты„. Менің де көңілімнен шығып, жүрегімді дір еткізген өлең жолдарын аударып, назарларыңызға ұсынғым келді. Қабыл алыңыздар...

Таяқ ұстаған қарияларды көрген кезде осы өлең жолдарын еске аларсыздар және ерте ме, кеш пе бәріміз де дәл сол қарияның жасына жетіп, қартаюымыз мүмкін екендігін ұмытпайық…

Оятуға сен бөлмеме келгенде,
Амандасып, маған сәлем бергенде,
Жанарымнан не көресің, медбике,
Жүрегіңмен не сезесің, медбике?..

Қолдары дірілдеп, қалтырап жүретін,
Жындыдай бір жылап, себепсіз күлетін,
„Бір қыңыр қария, ешкімді жақтырмас,-
дейсің бе сен әлде. -Көзі де көрмейтін„?

Ештеңе естімес саңырау дейсің бе?
Ештеңе түсінбес меңіреу дейсің бе?
Әлдене айтуға оқталсам, кетесің,
„Сөйлеме, алжыған қария!„ дейсің де…

„Тамақты шашпай же, жас бала емессің,
Бұл күнде заттайсың ешкімге керексіз!„-
дегенде жан дүнием құлазып кетеді,
Неге олай дейсің сен, жан ба едің жүрексіз?!

Бір сәтке тоқташы, көзіме қарашы!
Ұлғайып барады жанымның жарасы.
Мен үшін онсыз да тым жақын, медбике,
Аяулы өмір мен өлімнің арасы…

Жалғыздық бұл күнде сенімді жолдасым,
Кеудемде тұрғандай ерімес қорғасын.
Менімен сөйлесші, менімен тілдесші,
Медбике, өзіңді бір Құдай қолдасын!

Мен — қарт емес, ұшқалақ баламын,
Шоқ болып сөнемін, от болып жанамын.
Түсінші, медбике, мен — қария емеспін,
Мен — періште сәбимін, қарағым…

Менің де анам бар, ардақты, аялы,
Әкем бар — қашан да қорғаным саялы.
Сүрініп кетсем де, жығылып қалсам да,
Түсініп, күлімдеп құшағын жаяды.

Міне, мен он алты жастамын! Керемет!
Уақыт та барады сынаптай дөңгелеп.
Махаббат оты да алаулап жанады,
Мен болсам бейне бір күйгелек көбелек…

Үйлендім, үй болдым, жиырма алты жастамын,
Сүйікті жарыммен жаңа өмір бастадым.
Балалық кетті алыс келмеске, әзірге
Тап-таза, бұлыңғыр бұлты жоқ аспаным!

Ал енді алдымда қырықтың қырқасы,
Мың шүкір, тек өрге домалап жүр тасым.
Бауыр ет — балам бар, немере күтемін,
Жан жарым — бақытым, жан жарым — сырласым!

Өмірдің аштым мен жаңа бір тарауын,
Аяңдап алпыстан асып та барамын.
Балалар өмірден өз орнын тапты да,
Кетті ғой орындап тілегін — қалауын.

Жұбаныш — жан жарым қасымнан табылар,
Мен дағы жан екем басында бағы бар.
Уақытым өтуде, жылдарым кетуде,
Күндерім көбейді өткенді сағынар.

Бір қайғы — көз жұмды жан жарым, жұбайым,
Жалғыздық — жолдасым, көз жасын сығайын.
Кеудемде жаным бар, дәрмен бер бір өзің,
Медеу бол бір өзің, жаратқан Құдайым!

Жүрегім жаралы, уақыт та емдемес,
Балалар жан-жақта, „Әкешім, кел„„ демес.
Бұл дүние мен үшін абақты, қарағым,
Қараңғы, тым суық көрден еш кем емес…

Бұл өмір тым ұзақ — қуаныш болмаса,
Бұл өмір тым қатал — қайғы-мұң орнаса.
Аспанның астында ешкім жоқ мәңгілік,
Мен дағы солардың бірімін сорлы аса…

Мен қыңыр қария емесмін, қарағым,
Бөлшегі боламын кең-байтақ даланың.
Аяулы жар болдым, әкемін, атамын,
Осыны түсінсең, медбике, жарадың!

Өткен соң көп жылдар мені еске аларсың,
Өткенге көз салып, үңіліп қарарсың.
Дәл қазір білінбес, сол кезде,
Сен менен өзіңді табарсың,
Ал қазір, медбике, көзіме қарашы!..
Жанымның жазыла қойған жоқ жарасы…
Медбике…

Аударған Зарина ӘБІЛМӘЖІНОВА
Бөлісу:

13 пікір

ademi_alem
Алла тағалам бәрімізге бала-шаға, немере-шөбереміздің ортасында қартаюды нәсіп етсін!..
MERmukhanov
Мен қыңыр, сен — ұяңымсың, медбике,
Менің азғын қиялымсың, медбике!
Келер жолы полицей боп киініп кел,
Міне, қандай шешім таптым, эврике!

деп тіпті бүлдіргім келіп тұрған жоқ постыңды :) :) :D :D
ademi_alem
Бұл жазбаға қатысты қууға болмайды. )))))))))) *Z-z-z*
MERmukhanov
пілөстеп кете салдым.
ademi_alem
Рахмет! „Кете салдым„ деген „оқымадым„ деген сөздің синонимі ме?
MERmukhanov
:) :) :) оқыдым
ademi_alem
Оқымай пікір жаза беретіндердің қатарын толықтырушы болып кеткен бе деп ойлап қалдым ғой. )))
merekeee
Бұл өлеңді кеңінен таратып жібергенде өздерінің мекемесінің абыройына нұқсан келерін ойлады ма екен?
Gastarbaiter
Біреудің қиялынан туған деп ойлаймын. Ақындар идея іздегенде актер да, режиссер де өзі боп кетеді.
Ол түгілі Гетеның ақ гүл, көк гүлмен сөйлескен диалогы бар.
Оған дәлел қаптаған фактологиялық негізі жоқ, бірақ аңызы бар, шындыққа өте ұқсас, заманауи драмалық термелеріміз: ана жүрегі, қара пима, қара кемпір, қара шал т.б.
Бұлар ақындардың шабыты мен көрген көрінісіненттуған драмалық суреттеулері, кейіпкерлердің тура мағынасындағы жан айқайы емес
Gastarbaiter
Аударма керемет айтпақшы. Драмматизмді дөп бере алғансың.
Кезінде (жиырма жыл бұрын) қара шалдың термесін алғаш естігенде ішімнің астан кестенін шығарған еді.
ademi_alem
Рахмет! Сіз қазақ тілінен орыс тіліне, орыс тілінен қазақ тіліне еркін аудара бересіз иә?