Ақпараттық қауіпсіздік: Дін VS Терроризм

Соғыс бізден тым қашық сияқты. Бірақ соғыс дәл қасымызда. Сіздің көшеде, сіздің үйде, тіпті сіздің пәтеріңізде де жүріп жатыр. Бұл – ақпараттық соғыс. Оңтайландырылған ақпаратпен адам арасына от тастауға, мемлекеттерді құлатуға, әлемдік соғыс бастауға болатыны бұған дейін де талай айтылды. Бірақ тақырыптың ауқымы мен өзектілігін ескерсек, айтылмақ әңгіме әлі көп. Бұл жолы журналистік қызмет барысында кездескен сарапшылар мен олардың қызықты пікірлері арқылы экстремизм мен терроризмнің насихаты қалай жүріп жатқанына тоқталып көрейін.

Сирия мен Иракта сүрен салып жүрген содырлардың арасында біздің қандастарымыз да бар екенін бәріңіз білесіз. Қорқыныштысы сол — қырғынның ортасына өз еркімен кетіп жатқандар, кеткісі келетіндер әлі де бар. Жуырда «Ашығын айтқанда» бағдарламасына туған қызы Сирияға кетіп қалған әйел қатысты (бағдарлама эфирге әлі шыққан жоқ, сондықтан барлық ақпаратты жайып сала алмаймын). Оның әңгімесінен ұққанымыз, Сириядағы содырлар біздің елмен оп-оңай байланысқа шығып отыр. Әлгі қыздың өзі ара-тұра қоңырау соғып, шақырып тұратын көрінеді. Әр хабарласқан сайын, зәулім сарайда тұратынын, жүзім жеп, бал ішіп жүргенін айтады екен. Мұнда әр күнін аш қалмаудың қамымен өткізіп жүрген ананың өзі Сирияға кетіп қала жаздаған. Байқайсыз ба, арбау жалғасып жатыр…

Деструктивті ақпараттың дені әлеуметтік желілер арқылы тарайды. Дін істері комитеті және басқа да құзырлы органдар олардың бәріне мониторинг жасап отыр. Тек олар емес, көзге көрінбейтін арбаушылар да үнемі қырағы. Олардың түрін ешкім көрмейді, көретініміз экран мен жалған аккаунт. Ақиқат тек біреу – олар кезекті құрбанын іздеп отыр.

Блог - Marco: Ақпараттық қауіпсіздік: Дін VS ТерроризмАрат Нарманбетов. ҰҚК отставкадағы полковнигі
Олар әуелі әлеуметтік желілерді бақылауға алады. Қолданушылардың пікірлері, лайктары сарапталып, жұмыс істеуге болатын адамдардың тізімі жасалады. Осыдан кейін іске эмиссарлар кіріседі. Бұл бір-екі күннің жұмысы емес. Арбау жарты жылға дейін жалғасуы мүмкін. Ықтимал жақтасын үркітіп алмас үшін, насихат ақырын жүргізіледі.

Арнамыздың тағы бір кейіпкері 13 жастағы қыз (түрін көрсете алмайтынымды түсінетін шығарсыз). Ол Интернетті шарлап жүріп, содырлар туралы видеоға тап болыпты. Кейін оның жеке аккаунтына белгісіз біреулер қосылып, арбай бастаған. Әбден басы айналған қыз арнайы қызмет өкілдері араласқаннан кейін аман қалды. Осы жеткіншек сияқты пойызға мініп, ұшаққа отырып жатқан жерінде ұсталған ықтимал содырлар көп. Бірақ оларды алдап-арбаған эмиссарлар қолға түсті дегенді естімеппіз.

Блог - Marco: Ақпараттық қауіпсіздік: Дін VS ТерроризмАрат Нарманбетов. ҰҚК отставкадағы полковнигі
Олардың техникалық, психологиялық дайындығы өте жоғары. Конспирация құралдарын әбден меңгерген. Тіпті көп елдердің қауіпсіздік қызметтері олардың қасында түк емес.

Дін туралы ақпарат (дұрысы мен бұрысына бөлмей-ақ) Интернеттің бүкіл есік-тесігінен тоқтаусыз төгіліп жатыр. Биылдыққа Дін істері комитеті 3000 веб-ресурсқа мониторинг жасап, 136-сының мазмұнын қауіпті деп тапқан. Салыстыру үшін айта кетейін, осы комитет дұрыс деп бекіткен ресми сайттардың саны 20 шақты ғана. Бұл жеткілікті ме? Меніңше аз сияқты.

Қажет еткен адам қауіпті ақпаратты бәрібір тауып алады. Мәселе тек дінді түсінуге деген ізгі ниеттен туған ұмтылыста емес. Кәдімгі негатив ақпаратқа қызығушылықтың өзі соңында адамның содыр болып шыға келуіне ұрындыруы мүмкін.

Блог - Marco: Ақпараттық қауіпсіздік: Дін VS ТерроризмМихаил Виноградов. Психиатр-криминалист, Ресей
Адам қызығушылығының екі түрі бар. Біреуі шынайы, келесісі сананың астарында жатады. Арбаушылар осыны өте сәтті пайдаланады. Сананың астарына еніп, әлдебір ақпараттың ұрығын тастап кетеді. Ал әлгі адам кейін ұқсас ақпаратқа жолыққанда, мен мұны білем ғой деген ойға келіп, нашақор сияқты тәуелді бола бастайды.

Блог - Marco: Ақпараттық қауіпсіздік: Дін VS ТерроризмШамиль Аляутдинов. Ресей мұсылмандарының рухани басқармасы мүфтиінің орынбасары
Мен арбау құрбаны болған адамдармен талай кездестім. Мәселен бір жас қыз ұшаққа мінейін деп тұрған жерінде ұсталды. Шындығында өзі берілді. Насихатшымен байланыста болған кезінде содырларға қосылуға 100 пайыз дайын болған қыз, байланыс үзілген соң қалыпқа келді. Демек, арбаушылар оны шын мәнінде арбап, зомбиға айналдырған.

Жаман жері сол – біздегі деструктивті ағымдармен күресушілер көп ақпаратты бүгіп қалады. Бұл қауіпсіздікті қамтамасыз етудің орнына, күмәнді көбейтіп, ақиқат іздегендердің адасуына соқтырып жатыр. Мысалға, Дарын Мубаров туралы кереғар пікірлер көп. Бірақ нақты жауап жоқ. Өз басым, әлдебір нақтылықты тек бір адамнан естідім.

Блог - Marco: Ақпараттық қауіпсіздік: Дін VS ТерроризмАрат Нарманбетов. ҰҚК отставкадағы полковнигі
Дарын және Қарағанды облысында Раббани деген жігіт бар. Олардың жастар арасындағы беделі өте жоғары. Олар ешкімді жиһадқа шақырмайды. Жоқ. Оларды қылмыс үстінде ұстап алу мүмкін емес. Алайда олар уағыз барысында тиым салынған уағызшыларға сілтеме жасайды. Бірақ оларды да жауапкершілікке тарту мүмкін емес. Өйткені Саудияда уаххабизм ресми дін.

Ақпаратты жасырады дегенмен біздің құзырлы органдар да оянып келе жатыр. Мәселен биыл Қазақстанда тиым салынған діни әдебиеттердің тізімі шықты. Толығырақ Бас прокуратураның сайтынан табуға болады.

Қорыта келе, терроризм десе дін, оның ішінде Ислам еске түсетіні жасырын емес. Бұл да сол бұрмаланған ақпараттың кесірі. Батыстық ақпарат құралдары, оларды қоя тұрыңызшы, біздің өзіміз де «ислам радикалдарды», «мұсылман террористері», тіпті «Ислам мемлекеті» деген ұғымдарды қолданып келген жоқпыз ба? Бұл адамда бейсаналық деңгейде «терроризм=ислам» деген түсінік қалыптастырады.

Біз жаңалықтарда терроризмді исламмен байланыстыруды әлдеқашан доғардық. Еліміздің ұлттық қауіпсіздік комиеті бастама көтерместен бұрын, әлемге «Ислам мемлекеті» деп танылған террористік ұйымды жай ғана террористер тобы деп атап келдік. Қазір «жаһандық экстремистер» деген термин қолданамыз.

Блог - Marco: Ақпараттық қауіпсіздік: Дін VS ТерроризмШамиль Аляутдинов. Ресей мұсылмандарының рухани басқармасы мүфтиінің орынбасары
Бір кездері Ресей БАҚ ауызжаласып алғандай Исламды жаман қылып көрсете бастады. Адамның басын кешкен қанішердің «Аллаху акбар» деп айқайлағанын әдейі қосады. Бұл әдейі құбыжық қылып көрсету амалы.

Бізге не жоқ? Тұтқындарды атып жатқан жас балалар, жалау көтеріп, мәз болған қарулы содырларды неге көрсетеміз? Қазір өзімнің арнам туралы айтып отырғаным жоқ. Месседж басқа әріптестеріме бағытталған, өйткені біз мұндайдан әлдеқашан бас тарттық.

Әлем кең сияқты. Алайда жаңа технология кең дүниені мейілінше тарылтып жіберді. Интернетте иық тіресіп отырмыз. Кім террорист, білу қиын. Қазіргі қару – сөз. Ал, теріс пиғылды террористер мұны шебер қолдана біледі.
Бөлісу:

4 пікір

bake
Аруға ем демекші, сенімсіз ақпарат көздеріне қарсы сенімді ақпарат көздерін молайту қажет. Тек дер кезінде жоққа шығарып, қойылған сұраққа дер кезінде жауап қайрылса… Дін жайлы… Біздің орталық мешіттерінің сайттарына сұрақ қойып, сұраққа қайсы уақытта жауап алуға болатынын сынап эксперимент жүргізіп көрсе… Өйткені әр мешіттің жамағаты сол мешіке жақын, сондықтан соның сайтына еніп сұрағын қойғысы келеді…
RaymbekEgemberdiev
Мұнда тек дін сауаттылығы ғана емес, интернетте жұмыс жасау сауаттылығы да маңызды. Ақпаратты фильтрациялау, тексеру, фейк не фейк емес екенін тексере алу сияқты нәрселерді кез-келген пернетақтада жұмыс жасай алатын адам білуі керек.
kariim
«Сынып» қалатындардың басым бөлігі исламды ат үсті ғана білетін кісілер.