Қалай-қалай құбылады теңгеміз? Келімбетов не десе де – сенбеңіз!
«Біз, турасын айтсақ, өз салымшыларымызға теңгелерін шетелдік валютаға айырбастап алуына мүмкіндік бердік. Үлгергендері Ресейден арзан тауар сатып алды. Мұндай сауда азаматтарға пайдалы болғанымен, Қазақстан экономикасының төмендеуіне әкеп соғады».
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев
2015 жылдың 20 тамызы ел экономикасының тарихындағы ерекше күндердің бірі болды. Теңгенің бір долларға шаққандағы бағамы – 258 теңгеге көтеріліп, шартты бірлік 69 теңгеге бір-ақ «секірді». Бұрын-соңды болып көрмеген мұндай жағдайға шошына қараған өскемендіктер бұл «тосын сыйға» толы күнді «қаралы бейсенбі» деп атап кетті. Басшылық теңге бағамын еркін айналымға жіберді. Бұл өзгерістер Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарына қалай әсер еткені туралы және басқа да сұрақтардың жауабын іздеп көрейік.
Дауыл алдындағы тыныштық
...19 тамыз күні доллардың курсы валюта дәлізінің шекті мөлшеріне дейін көтерілді. Банктер мен валюта айырбастау пункттері доллар бағамын 198 теңгеге, еуроны 230 теңгеге өзгерте бастағанда-ақ қаржы саласының ызғары сезілген еді. Ұлттық банктің күні бойы жағдайдың не болып жатқанын түсіндірмей отыруының өзі дауыл алдындағы тыныштықты білдіргендей болатын. Қазақстандықтардың біраз бөлігі жиған-терген тиын-тебендерін шетелдік валютаға айырбастау үшін ақша айырбастау пункттеріне ағыла бастады. Сәрсенбінің сәтінде бір долларға шаққандағы ұлттық валютаның құны 195 теңгелік межеде тұрақтап тұрғанмен, келесі күні…
Еркін айналым...
20 тамызда ел Үкіметі Ұлттық банкпен бірлесе отырып теңге бағамын еркін айналымға жіберіп, Ұлттық банктің 178-198 теңгелік дәлізі ашылды. Бұл жағдайды Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев:
— Аталмыш шешім еліміздегі экспорттаушылардың, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, шағын және орта бизнес өкілдерінің сұрауымен қабылданды. Біздің негізгі экспорттайтын тауарымыз болып саналатын мұнай мен металл бағасы қазір өте төмен. Бәсекелестікке қабілеттілікті қайта жандандырудың арқасында біз кәсіпорындардағы жұмыс орындарын сақтап қалатын боламыз, — деп түсіндірсе, ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов:
— Бұл – әлемдік экономикадағы және ішкі нарықтағы жағдайларға орай айырбастау бағамының әлсізденуі немесе нығаюы дегенді білдіреді, — деді.
Ал ҚР Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов не деді? Дәлірек айтқанда, ол не демеді?! Бір жыл ішінде үш рет девальвация болмайтындығына уәде беріп, уәдесінде тұра алмады. Халықтың сенімінен айырылып… жетер! Ешкімнің ішіне-кіріп шыққан жоқпын, неге олай айтуға мәжбүр болғаны бір Аллаға ғана аян. Үйде отырып алып сынап-мінеуден аулақпын…
Жоғарыда айтылған жағдайдан кейін доллар курсы 255 теңгеге көтеріліп кетті. Экономикадағы тұрақсыздық пен валюталық қысымды сарапшылар түсіндіруге тырысты.
— Қазіргі уақытта нарықтың барлық саласындағы жағдай мүшкіл, — дейді экономист Валерий Шустер. — Жақында Қытай экономикасында орын алған шағын девальвация ол елдің де нарығы қысқара бастағанын сездірді. Бұл дегеніміз, бұдан былай Қытай мұнай мен металл сатып алуды азайта бастайды деген сөз. Сәйкесінше, Қазақстанға түсетін пайда да қысқармақ. Азиядағы дағдарыс ұлттық валютамыздың бағамының әлсізденуіне әсер еткені белгілі. Ал валюта бағамындағы күн сайынғы тұрақсыздыққа қашан да дайын болғанымыз дұрыс. Жақын бірнеше ай, мүмкін бірнеше жыл бойы осындай жағдайда өмір сүруіміз мүмкін. Мұнай бағасы өзгерген сайын теңге бағамы да өзгеріп отырмақ
Жұмыс орындары мен жалақы
Теңгенің күрт құлдырауы жалақымызға да әсерін тигізбей қоймайды. Шығысқазақстандықтардың ұлттық валютадағы табыстары бірден 30 пайызға азайып кетті. Ақша бағамының еркін айналымға жіберілуі кәсіпкерлер мен өндіріс орындарының иелеріне пайдалы деседі. Шын мәнінде қалай екенін кәсіпорындарға сұраухат жіберу арқылы біліп көрдік.
— Облыстағы ірі кәсіпорындар жасырын немесе анық түрдегі қысқартулар болмайтынына уәде берді, — дейді ШҚО кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрлан Мусин. — «Казцинк» ЖШС директоры Александр Хмелев те жұмысшылардың жалақыларын көтеретінін мәлімдеді. Оның ұсынысын басқа кәсіпорындардағы әріптестері қолдады.
— Осының арқасында біздің өнімнің бәсекеге қабілеттілігі артып, пайда көлемі ұлғаяды, — дейді «Казцинк» ЖШС бас директоры Александр Хмелев. — Түскен пайда өндіріс көлемі мен жалақы мөлшерін қысқартудан құтқарады. Тағы бір айта кетерлігі, біз кәсіпорын жұмысшыларының жалақыларын көтермекпіз.
Өскемендегі тағы да бірқатар өндіріс орындары ішкі әлеуметтік жағдайларын жариялағысы келмейтіндерін алға тартып, редакция атынан жіберілген сұраухатқа жауап беруден ресми түрде бас тартты.
Зейнетақы, жәрдемақы мен шәкіртақы
Елбасы үкіметке жәрдемақылар мен жалақыны осыған дейін жоспарлағандай 2017 жылдың қаңтарында емес, 2016 жылы өсіру жөнінде ұсыныс жасады. Азаматтық қызметкерлердің еңбекақысын төлеудің жаңа моделі үш ай бұрын іске асуы керек болған. Ол денсалық сақтау саласы жұмысшыларының жалақыларын 28 пайызға, білім саласы қызметкерлерінің жалақыларын 29, әлеуметтік қорғау саласы жұмысшыларының жалақыларын 40 пайызға дейін өсіруге мүмкіндік беретін еді. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің де жалақыларын 15 пайызға өсіру болжанған. Бұл жағымды жаңалық үнемдеуге байланысты 2017 жылға шегерілген болатын. Теңгені еркін айналымға жіберген соң билік бұрынғы моделге қайта оралды. Енді жалақыны көтеруді келесі жылға қалдырды. Шәкіртақылар, мүгедектер мен асыраушысынан айырылған азаматтарға төленетін жәрдемақылар 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап 25 пайызға өсуі тиіс.
Депозит
Отандық банк жүйесіне сенім білдірген қазақстандықтарды да назардан тыс қалдырмау ұйғарылды. Теңгеде депозиттері бар азаматтардың шығынының орнын толтыру жоспарлануда. Дегенмен, аталмыш шара барысында салым көлемі бір миллион теңгеге дейінгі депозиттер ғана қарастырылмақ. Шенеуніктердің ақпаратына сүйенсек, бұл санатқа еліміздегі әр 10 салымшының 9-ы кіретін көрінеді. Президент тұрғын үй жинақтарын да қорғауды талап етті.
Азық-түлік бағасы
Қалалық әкімшілікте әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын бақылауға алатын арнайы штаб құрылды. Штаб күн сайын тауар бағаларын облыс және қала әкімдеріне баяндап отыратын болады.
Облыс орталығының әкімшілік және қоғамдық өкілдері Өскемен қаласының азық-түлік саудасымен айналысатын 73 нүктені бақылауға алған болатын. Бірінші кезекте белсенділер «Фреш маркет» сауда үйіне бас сұққан екен. Ең қызығы, ол жерде комиссиямен бекітілген бағалар өткен айдағы бағалардан да төмен болуымен қоса, 2014 жылдағы девальвацияға дейінгі бағадан да төмен көрсеткішті көрсеткен.
— Жеміс-жидектің келісі 70 теңге, ал еттің келісі 500 теңгеден 1000 теңгеге дейін саудалануда, — дейді қала әкімінің орынбасары Арман Искаков тілшілерді таң қалдырып. – Бізде азық-түлік жеткілікті, сол себепті жетіспеушіліктен қорқатын данеңе жоқ. Ал азық-түлік бағасына келетін болсақ, оны бір қалыпта ұстап отыру үшін үнемі жұмыс жүргізіп отыратын боламыз.
Өз басым құрылған штабтардың тауар бағасын бір қалыпты болуына үлес қосатындарына сенбеймін. Сатушылар тексеріс жүрген кезде тауарларына басқа баға қойып, тексеріс біткеннен кейін басқа баға қойып қояды емес пе…
Дәрі-дәрмек бағасы
ШҚО бойынша дәрілік ақпараттық-сараптама орталығы жақын арада дәрі-дәрмектердің қымбаттамайтынына сенімді. Ал келешекте…
— Фармацефттермен телефон арқылы сауалнама жүргізген кезде біз дәрілік препараттарға қазіргі уақытта алып бара жатқан сұраныстың жоқтығын анықтадық. Бағасына да ешкім арыз түсіріп жатқан жоқ. Ескі түсім таусылмай, баға ешқандай көтерілмейді. Ал одан кейін бәлкім қымбаттауы да мүмкін. Десе де, жыл басында жергілікті деңгейде бекітілген дәрі-дәрмек пен медициналық өнімдерді тұрақтандыру бойынша қойылған меморандумның күшін ешкім жойған емес. Ондағы 200-ге жуық атаулы препараттар жыл соңына дейін мүлде қымбаттамайды, — дейді ШҚО бойынша дәрілік ақпараттық-сараптама орталығының аймақтық бөлімінің басшысы Любовь Теміржанова.
Киім-кешек және тұрмыстық техника бағасы
Киім-кешек, аяқ қиім, тұрмыстық техникаларға арналған отбасылық бюджетіңізді алдағы уақытта үнемдеп ұстауыңызға тура келеді. Киім-кешек сатушылар тұтынушыларына қазірден бастап ескерту жасауда: жазғы тауарлар өз бағасында қалып, ал күзгі және қысқы киімдер айтарлықтай қымбаттай түспек. Себебі, Алматының саудагерлері қазірден бастап киімнің бағасын 40 пайызға өсіріп жіберген-мыс.
Бейсенбі күнгі валюта бағамының өзгерісінен кейін тұрмыстық техниканың онлайн-дүкендері мен сауда үйлері қаржысын қайта қарау үшін жабылып қалды. Алайда олар қайта ашылғасын тұрмыстық техникалардың бағасы тарапынан ешқандай өзгерістер байқалған жоқ. Бәлкім, бұл жағдай саудагерлердің өткен жылғы тәжірибесімен ұштасып жатуы мүмкін. Былтырғы жылы сауда нүктелерінде тауарлардың себепсіз қымбаттауы заң жолымен қатаң бақылауға алынып, қымбатшылыққа жол бергендерге айыппұл салынған болатын.
Жылжымайтын мүлік бағасы
— Доллар қалай шарықтаса да, біз жалақымызды теңгемен аламыз. Меніңше, орта есеппен бір бөлмелі пәтерді жалдау 40-50 мың теңгенің арасында қала береді. Өсімді күтпейміз, — дейді «Домовой» агенттігінің риэлторы Елена Крюкова. Өскемен қаласында пәтер жалдап тұратындар үшін бұл да көңілге медеу боларлық жауап шығар.
Автокөлік бағасы
Автосалондар жұмысын қайта қарап, көліктеріндегі баға көрсеткішін өзгертуде. Республикалық БАҚ-тың хабарлауынша, өзге делдалдарда жаңа автокөліктердің бағасы бірден 32 пайызға қымбаттаған. Ескі және жаңа көліктердің арасындағы айырмашылық 2 миллион теңгеге жеткен. 2013-2014 жылдары шыққан автокөліктердің бағалары ғана өзгеріссіз қалды.
— Көліктер тасымалдаушылармен қолма-қол ақшаға сирек алынады. Бізге тауарды жаңа бағаға алуға тура келеді. Біз ақшаны доллар күйінде төлейміз, — дейді қаланың автосалондарының бірінде.
Автобазарларда көліктердің бағаларының өсімі де, түсімі де байқалмайды. Сатушылармен теңге күйінде сатып алуға мүмкіндік туса да, тек ағымдағы бағаммен ғана. Сауда алаңдарында соңғы аптада көлік сату хабарландырулары едәуір көбейіп кеткен. Ал сұраныс төмендеп тұр.
Ақшаны қалай сақтаймыз?
Тақырыпқа арқау болып отырған жағдайдан кейін адамдар жиған-тергендеріне не істеу керек екендіктерін немесе қайда, қалай сақтайтындарын ойластыруда. Бұл жөнінде кеңес беру қиын. Мүмкін теңге күйінде сақтаған дұрыс шығар? Әлде долларға айырбастап алған жөн бе? Тіпті теңге не доллар күйінде болсын банкке апармай, жастығымыздың астына жастап жатармыз? Ең дұрысы, қолыңызда бар қаражатыңыз не пәтер алуға жетпесе, жер учаскесін немесе өзіңізге қажетті тұрмыстық техника сатып алғаныңыз жөн-ау. Себебі доллардың дода-додасы шығып, теңге тентіреп кетуі мүмкін деген де бейресми ақпарат бар емес пе?!..
Айтпақшы, тақырыпқа сай болмаса да айта кетейін, «Алдағы уақытта несие рәсімдеу қиын болады екен. Тіпті жер учаскесін сатып алу да оңайға соқпайтын көрінеді, себебі бәрі қымбаттайды» дегенді көп естіген жолдасым екеуміз Өскемен маңынан ауасы таза деген аудандардан жер қарай бастадық. Таңдап жүріп бір жер учаскесі көңілімізден шықты. Бағасы – 800 мың теңге екен. Жердің иесі:
-Осы маңайда үш жер учаскеміз бар. 2009-2010 жылдары әрқайсысын 1000 доллардан алып едік. Ол кезде 1000 долларың 150 мың шамасында болатын. Қазір сол жерлердің біріне үй салып жатырмыз. Құрылыс материалдары қымбаттап кетіп, жиған-тергеніміз жетпей, үш жердің біреуін сатуға мәжбүр болып тұрмыз, — дейді. – Девальвацияға дейін келсеңдер, біраз арзандау сатар едік.
Соңғы сөйлем құлағымызға жағып кетіп:
-Қаншаға сатар едіңіз? – деп сұрап едік,
-300 мың теңгеге, — деген жауап алдық. Әйтіп-бүйтіп жер бағасын өзіміз қалаған бағаға түсірттік. Қанша жерден девальвация болып жатса да, көкірегімізге девальвация «орнамай», адамгершілік деген қасиетімізді жоғалтпасақ, бәрі жақсы болады. ))))) Ал енді негізгі тақырыпқа қайта оралайық.
Доллар бағамының үздіксіз ұлғаюы 10 қыркүйектен басталып, 16 қыркүйекте шегіне жетті. Облыс орталығындағы кейбір банктерде АҚШ доллары 301 теңгеден сатылған. Бұл құбылысқа адамдардың еті үйреніп кетті ме екен, ғаламтор желісінде ах ұрып, ойбайлап отырған ешкімді байқамадым. Бұл жағдайға да мойынсұндық па, әлде бұл да бір дауыл алдындағы тыныштық па екен, кім білсін…
Алдағы уақытта қалай құбылатыны белгісіз, ал бүгін доллар курсы мынадай болып тұр:
«Не болса да, қайырлысы болсын» деген тілектемін. Қандай жағдай болса да халықпен бірге көреміз, халықпен бірге жеңеміз. Ең бастысы — сабырлы болайық. :)
Зарина Абильмажинова
3 пікір