Жастардың бизнеспен айналысуға құлшынысы зор
Жасұлан Адаев, «Бастау» бизнес мектебінің үйлестірушісі: АСТАНАЛЫҚ ЖАСТАРДЫҢ БИЗНЕСПЕН АЙНАЛЫСУҒА ҚҰЛШЫНЫСЫ ЗОР
– Таяуда Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мұрындық болуымен Астанада «Бастау» бизнес мектебінің ашылғаны белгілі. Жоба кімдерге арналған, мақсаты қандай?
– Бүгінгі таңда Қазақстан халқының басым көпшілігін жастар құрап отырғаны мәлім. Жастар – қоғамның қозғаушы күші, белсенді бөлігі. Олардың алаңсыз-қамсыз білім алуына, еңбек етуіне мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлініп отыр. Қазірде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы да жастарды кәсіпкерлікпен айналысуға ынталандыратын жобаларды көптеп жүзеге асыруда. Палата жанынан жастар кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі арнайы кеңес құрылды. Сондай-ақ, жақында «Бастау» бизнес мектебі ашылды. Жобаның мақсаты – 29 жасқа дейінгі жас азаматтарды еңбекке баулып, кәсіпкерліктің қыр-сырына қанықтырып, жеке бизнесін ашу үшін жан-жақты бағыт-бағдар беру. Әзірге Астана қаласында ғана жұмыс істей бастаған бизнес мектептегі оқыту жүйесі 3 сатыдан тұрады, әр саты бір ай мерзімді қамтиды. Оқыту қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Бірінші сатыда ынталандыру курстары өткізіледі, онда дәріс алушылар сөйлеу шеберлігі, яғни адамдармен қарым-қатынас жасаудың мәдениетін, сауда жасау негіздерін меңгереді. Сонымен қатар, кәсіптік курстар барысында жастар алып-сату менеджері, ивент-менеджер, дизайнер секілді қазіргі таңда сұранысқа ие мамандықтарды игеруге мүмкіндік алады. Айта кету керек, бірінші саты тегін оқытылады. Тек оқытудың екінші сатысынан бастап 20 мың теңге көлемінде ақы алынады. Басқа оқыту курстарымен салыстырғанда, мұны анағұрлым арзан деуге болады. Екінші сатыда дәріс алушы нарықты зерттеу арқылы болашақ бизнесінің стратегиялық жоспарын жасап, оны әлеуметтік желілер арқылы жан-жақты танымал етудің қыр-сырын үйренеді. Команда құруды, оны басқаруды меңгеріп, нарықтың заңдылықтарын, тұтынушылар сұранысын түсіне бастайды. Ал соңғы үшінші саты – тәжірибеге бағытталған. Бұл кезеңде тыңдаушы арнайы сарапшының кеңес-көмегімен алдыңғы сатыда жасаған бизнес жоспарын жетілдіріп, іске асыруға әзірленеді. Айта кету керек, сарапшылыққа белгілі бір сала бойынша айтарлықтай табысқа жеткен, тәжірибелі кәсіби маман, кәсіпкер шақырылады. Сарапшы өз тәжірибесімен бөлісіп, ақыл-кеңесін айтып, жас кәсіпкерді бизнесті неден бастау керек екенін және табысқа жетудің алғышарттарымен таныстырады. Бизнес мектептің тыңдаушысы өзінің жобасын толыққанды жетілдіріп, яғни барлық сатыдан өткен соң оған кәсіпкерлікті заңды түрде тіркеу ұсынылады. Жеке кәсіпкер немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде тіркелгеннен кейін біз жас кәсіпкерді «Даму», «ҚазАгро», екінші деңгейлі банктер секілді бизнесті қолдауға бағытталған институттармен, яғни инвесторлармен кездестіріп, бизнес жоспарын қорғатамыз. Ары қарай инвесторлар жобаның тиімділігі мен маңыздылығына қарай оларды қаржыландыру туралы шешім қабылдайтын болады.
– Меніңше, жол көрсетіп, жөн сілтеп жіберсе, кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін талапты жастар жетерлік. Осы тұрғыдан алғанда «Бастау» бизнес мектебіне қызығушылық танытатындардың қатары аз болмауы тиіс деп топшылаймыз. Жалпы, осы уақытқа дейін бизнес мектепте қанша адам дәріс алды және жыл соңына дейін неше адамды оқыту жоспарланып отыр?
– Дұрыс айтасыз, жастардың жеке бизнесін ашуға деген ынтасы жоғары. Тек кейде неден бастау керек екенін білмей, сәтсіздікке ұшырап қалудан жүрексініп, кәсіпкерлікпен айналысудан тартынып тұратындары да жоқ емес. Ашылғанына көп уақыт бола қоймаса да «Бастау» бизнес мектебі қазірдің өзінде еңбексүйгіш, табанды да талапты жастардың өзіндік ортасын қалыптастыра білді. Қызығушылық танытып, тілеулес болып жатқандар баршылық. Аймақтардан хабарласып, жергілікті жерде де осындай бизнес мектептердің ашылғанын қалайтындықтарын айтуда. Әрине, мұндай мектептерді бірден барлық өңірде ашуға мүмкіндігіміз бар еді. Алайда біз санға емес, сапаға мән беріп отырмыз. Сөйтсе де, жер-жердегі жастар тіпті Астанаға арнайы келіп оқуға ниет білдіріп жатқанын айта кету керек. Мәселен, жақында Түркістан қаласынан хабарласып, 20 азаматтың «Бастау» бизнес мектебінде оқығысы келетінін жеткізді. Алдағы уақытта Алматыда, Шымкентте, Ақтөбеде және Қарағанды секілді ірі қалаларда осындай бизнес мектептерін ашуды жоспарлап отырмыз. Ал дәл қазіргі уақытта дәріс алып жатқан білімгерлеріміз туралы айтар болсақ, оқытудың бірінші сатысына 100 адамнан екі толқын қабылдаған болатынбыз, олардың әрқайсысы 3 топқа бөлініп оқыды. Бірінші толқыннан 58 адам екінші сатыға өткен болатын, тағы да 15 адам екінші толқынмен бірге келесі сатыға өтуге ниет білдіріп отыр. Сонымен қазіргі таңда бизнес мектепте барлығы 158 адам оқуда. Бірінші толқынның екінші сатысында дәріс алған 58 адамның 45-і үшінші сатыға өтуге әзірленуде. Екінші толқынның ішінде бастапқы сатыда оқыған 100 адамның 70-і екінші сатыға өтуге қызығушылық танытып отыр. Ал үшінші толқынға тағы да 100 адамды қабылдағалы отырмыз, біздің есебіміз бойынша үшінші толқын қосылғаннан кейін «Бастау» бизнес мектебі бір мезгілде 215 адамды оқытатын болады. Жалпы, жыл ішінде бірінші сатыда барлығы 900 адамды, оның ішінде 540 адамды екінші сатыда оқытуды жоспарлап отырмыз. Ал 450 адам оқытудың толық курсын өтеді деген ойдамыз. Біз қазірде 600-ге жуық жұмыссыз жүрген жастардың дерегін алып, оларды өз дәрістерімізге шақыра бастадық. Осылайша бизнес мектепке жастарды, әсіресе жұмыссыз азаматтарды жұмылдырмақ ниеттеміз. Топтарға бөлгенде мақсатты түрде жұмыссыз жастарды, студенттерді және өз кәсібін жаңадан бастап жатқан жас кәсіпкерлерді аралас оқытатын болдық. Бұл жастардың бір-бірімен тәжірибе алмаса оқуға, өз мақсаттарына жетуге талпынуға түрткі болады деп ойлаймын.
– Сөз жоқ, бастамаларыңыз орынды, мақсаттарыңыз құптарлық. Дегенмен де, бизнес мектепте оқыту жүйесі несімен ерекшеленеді?
– Әлбетте, оқыту үдерісі жалықтыратын, іш пыстырарлық болса, одан нәтиже шығара қою неғайбыл. Бизнес мектепке ешкім мәжбүрлі түрде, еркінен тыс келмейді. «Білсем, үйренсем» деп ынталанып келеді. Олардың ынта-ықыласын өшіріп алмас үшін, керісінше жан-жақты қызықтыра түсу үшін біз оқытудың әрі қызықты, әрі пайдалы түрлі әдістемелерін қолданамыз. Мәселен, әр сенбі сайын аптаның қорытындысын жасап, түрлі бизнес ойындар өткіземіз, онда әрбір дәріс алушы өзінің ойлау қабілетін жетілдіріп, іскерлік ортада өзін ұстау дағдысын қалыптастырады. Оқу процесі білімгерлердің көңілінен шыға ма, ұнайтын немесе керісініше кемшілік жағы қандай, осының барлығын саралап, арнайы бейнероликтер түсіреміз, оны содан кейін әлеуметтік желілерге жариялап, қоғамның жалпы талқылауына шығарамыз. Ғаламтор арқылы басқа да жастармен байланыс орнатып, олардан да түрлі қызықты ұсыныстар қабылдап отырамыз. Қазіргі уақытта біздің әлеуметтік желідегі жазылушыларымыздың саны 3 мыңнан асып үлгерді. Жалпы, жастардың уақыты текке өтпей, өзіне керекті, өміріне, алдағы қызметтік жолына азық болар дүниелерді алуы тиіс. Дәріске шақырылатын сарапшы-мамандарды тәлім алушылардың өз ұсыныс-тілектері бойынша бекітетінімізді айта кету керек. Мәселен, бизнес мектепте жүргізілген сауалнама нәтижесінде білімгерлердің 90 пайызы «Қазақстандық арман» («Казахстанская мечта») кітабының авторы, жас миллионер Марат Әбиевпен кездесуді қалайтындықтарын білдірген. Көп ұзамай бұл кездесуді ұйымдастырдық та. Сонымен қатар, бизнес мектепте Парламент Мәжілісінің депутаты, «Қазақстанның әйел-кәсіпкерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Меруерт Қазбекова, тәуелсіз журналист, бірнеше жобалардың, деректі фильмдердің авторы Юлия Сенчук секілді өз саласының шеберлерімен кездесу өтті. Алдағы уақытта да осы секілді өмірі, қызметі, табысқа жету жолы тағылымды тұлғалармен кездесуді жиі ұйымдастырып тұрмақпыз.
– «Жастар – қоғамның қозғаушы күші» деп дұрыс атап өттіңіз. Десек те, осы күшті біз кейде нақты, нәтижелі істен бұрын, жастарға берері аз, алаулатқан-жалаулатқан науқандық шараларға жұмсап жататынымыз жасырын емес. Кейде пайдалы бастама қолға алынып жатса да, олар әлгіндей аты бар да, заты жоқ іс-шаралардың кесірінен көрінбей қалып қойып жататыны бар. «Бастау» бизнес мектебі сондай жалтетпе жобалардың қатарынан болмайды деп сенеміз, әйткенмен, бастаманың нәтижесін қашан көруге болады?
– Иә, бүгінгі менің замандастарымда күш те бар, ерік-жігер, ақыл-ой да жетерлік. Еңбекке деген құлшыныс, ынта-ықылас та жоқ емес. Жерге шыбық шаншып, күтімін қалай жасасаң, ертең оның өсіп-өнбегі де, я керісінше, солып-сөнбегі де соған байланысты ғой. Бұл тарапта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қадағалауымен жастарға айрықша көңіл бөлініп жатқаны бекер емес. Жастарды жұмыспен қамту, олардың білім алуы, шығармашылық әлеуетін жетілдіруі үшін қарастырылып отырған мүмкіндіктер шындығында көп-ақ. Кейде өзіңіз айтпақшы, жастардың уақыты, мол потенциалы пайдасыз, болымсыз істерге жұмсалып кетіп жататын сәттер де болады. Әйткенмен, бұл уақытша жағдай деп ойлаймын. «Өтті-кетті» науқандық іс-шаралардың ғұмыры қысқа болады ғой, әдетте. Ал біздің бизнес мектепке келетін болсақ, өзіңіз көріп отырғандай, алаулатқан-жалаулатқан ештеңеміз жоқ. Астана қаласында алғашқы пилоттық жобамызды сәтті іске асыра бастадық. Ахмет Байтұрсынұлы бабамыз «Ел бүгіншіл, біздікі ертең үшін» деген ғой. Яғни, жобамыздың нақты бағасын да, жемісін де ертеңгі күні көретін боламыз, бұйырса. Ал әзірге бізді қуандыратыны, бастамамыздың расында да жастардың кәдесіне жарайтын, пайдалы іс екеніне қазірдің өзінде көз жеткізе бастадық. «Бастау» мектебінде тәлім алған Азат есімді жас кәсіпкер Астана қаласында өзінің ивенттік агенттігін ашып, шаруасын дөңгелете бастады. Сол сияқты бір білімгеріміз Work and trаvel агенттігін ашты, ал Жанұзақ есімді жігіттің өз дәріханасы табысты жұмыс істеп тұр. Жанұзақ осы бизнес мектепте алған білімін нақты тәжірибеде ұштап жүргенін айтады. Бұл біздің алғашқы қарлығаштарымыз деуге болады. Әйтсе де, кәсіпкерлікпен айналысуға үлкен төзім, табандылық, уақыт керек. Кейбір замандастарым бір іспен айналыса бастаса, ай өтпей нәтижесін, табысын күтеді. Нәтижесін көре алмаған соң, салы суға кетіп жатады. Әрине, кәсіпкерлікпен айналысу оңай шаруа емес, оның жемісі қажырлы еңбекпен, асқан төзімділікпен келеді. Және де бір ескеретін жайт, «Бастау» бизнес мектебінде дәріс алған жастардың барлығы түгел кәсіпкер болып кетуі шарт емес. Жұмыссыз жүрген жастар болса, жұмыс табуына көмектесіп, кәсіпкерлікпен айналысқысы келетіндер болса, оған қолұшын беріп, әйтеуір, біздің мектепті бітірген соң да олармен байланысты үзбей, нақты бір жетістікке жеткеніне куә болып жатсақ, еңбегіміздің еш кетпегені дер едім.
– Әңгімеңізге рахмет!

1 пікір