1465.kz Қазақ Хандығы тарихына арналған мультимедиалық сайтының тұсауы кесілді

Бүгін Астана қаласындағы «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратының ғимаратында Қазақ Хандығының 550 жылдығына орай 1465.kz тарихи-мультимедиалық сайтының шет тілдеріндегі нұсқаларының тұсаукесері болып өтті. Танымал блогер, энтузиаст бағдарламашы Аршат Оразовтың бастамасына партия тарапынан қаржылық қолдау білдірілді.
Астана жаңалықтары: 1465.kz Қазақ Хандығы тарихына арналған мультимедиалық сайтының тұсауы кесілді
Елбасы, «Нұр Отан» партиясы Төрағасы Н.Ә. Назарбаев «Нұрлы жол –болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Осыдан 13 ғасыр бұрын Тоныкөк абыз «Tүркі жұртының мұраты – Мәңгілік Ел» деп өсиет қалдырған. Бұл біздің жалпыұлттық идеямыз мемлекеттігіміздің тамыры сияқты көне тарихтан бастау алатынын көрсетеді» дей келе, осынау датаның маңызына айрықша тоқталып, оның ұлттық мәдениетіміз бен тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестердің бірі екендігін атап өткен еді.
«Нұр Отан» партиясының Саяси доктринасында «Мәдениет пен руханилық қоғамды біріктіреді. Мәдениет – өмірдің өнерден, тарихи мұрадан, дәстүр мен тілден нәр алатын аса маңызды саласы. Біз қоғамымыздың бірегейлігін айқындайтын мәдени және рухани құндылықтарды сақтап, ұлғайта түсуді жақтаймыз» делінген. Сондықтан да, партия ұлт тарихы, мәдениет пен өнерге айрықша мән беріп, осы саладағы уәкілетті органдар мен бастамашыл азаматтар тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың сапалы жүргізілуін қадағалайды.
«Биыл тəуелсiздiк тарихымыздағы ең мерейлi де мəртебелi мерекенің бiрi аталып өтпек. Осы орайда, Қазақ Хандығы тарихына арналған мультимедиалық сайтының көтерер жүгі ауыр. Бұл тарих саласындағы ақпараттық кетіктің бірін жауып қана қоймай, айтулы мерекенің бір ізі болып қалады. Мерейтойлық шараның тиісті деңгейде аталып өтуі Жаңа Қазақстандық патриотизмді ұрпақ жадына сіңіруде айрықша рөлге ие», — деп атап өтті «Нұр Отан» партиясы Төрағасы Бірінші орынбасарының кеңесшісі Берік Уәли.
Шараға тарихшы ғалымдар, сарапшылар, БАҚ өкілдері мен танымал блогерлер, «Жас Отан» ЖҚ белсенділері мен нұротандықтар қатысты.
Қазақ Хандығы тарихына арналған мультимедиалық сайтының негізгі мақсаты – қазақ тарихын мультимедиалық құралдар арқылы таныстыру, оқыту, санаға сіңіру.
Бұл сайттың басқа сайттардан ерекшелігі – қазақ хандығы тарихын баяндайтын ілкімді интернет жобасы екендігі және ондағы контенттің мультимедиалық пішіміне басымдық берілгені. Осы әдістеме арқылы бүгінгі таңда ізденімпаз қолданушылар, әсіресе, жастар заманауи мүмкіндіктермен жарақтандырылған контентке ерекше ықылас танытады. Айталық, тарихи әндер топтамасы Soundcloud ашық аудиохостындағы плейлистке топтастырылған. Әндерді тікелей тыңдауға және өз плейлистіне қосып алуға болады.
Қазақ, орыс, түрік, ағылшын тілдерінде жұмыс жасайды. «Жылнама», «Фильмдер», «Кітаптар», «Әндер», «Іс-шаралар», «Карта», «Тест», «Форум» және тағы басқа қосымша бөлімдерден тұрады.
«Мұнда қазақ тарихы тақырыбында түсірілген фильмдердің Youtube сияқты ашық видеохосттарда орналасқан онлайн нұсқалары бар. Сайтқа кірген қолданушы қалаған фильмін тікелей қарай алады. Тарихымыз туралы жазылған әдеби және ғылыми шығармалардың электронды нұсқаларына сілтемелер де баршылық. Бұл сілтемелер арқылы қолданушы кітаптарды тікелей оқи алады немесе өзінің ридерлеріне жүктеп алуына болады. Біржағына, бұл шетелдік аудиторияға да арналған. Бір ғана ағылшын тілінің қамту аясы біздің төл тарихымызды насихаттаудың мүмкіндіктерін арттырады», — деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасы Бірінші орынбасарының кеңесшісі Берік Уәли.
Қатысушылар жобаны жетілдіре түсу және қолданушыларға әсерін бақылау мәселесін талқылады. Олардың айтуынша, Қазақ хандығы жылнамасы жылдар бойынша фото мен видео сынды көрнекі құралдар арқылы қысқаша баяндалғаны және тақырыптан бөлек оқиғаларға байланысты мәлімет пост ішінде берілгенімен ұтымды болып тұр. Яғни, осының өзі ресурстың бірегейлігін көрсетеді.
Партия тарапынан ресурстың интернетте ілгерілеуіне ақпараттық қолдау көрсетіледі. Бұдан әріде осындай азаматтық бастамаларға партиялық және қоғамдық қолдау практикасы кеңінен енгізілетін болады.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше