Биыл жылдардан Европа

Қандай тақырып қойсам деп отырдым да, Асхат братымның хештегінен басқа ойға келмеді. Қоя берші, енесінің, сол соншалықты маңызды ма.
Биылғы жаз футболи оқиғаларға сондай бай болды десем жаңа құрлық ашпаспын, иә. Әдетте, жаз мезгілінде қазақ жанкүйерлері тек мундиальда, Европа біріншілігінде белсенді болатын. Футболдың ең өзекті тақырыпқа айналатын кезі де осы оқиғаларға байланысты еді. Ал биылғы жаз басқа жаздандар өзгерек. Не болғанын, қалай болғанын бәріміз білеміз. Енді не болады дегенге бас қатырып көрейін.
Ең қарапайым мысал: сіз бұрын айлығы 60 мың теңгелік жұмыс жасасаңыз, ендігі жұмысыңызда айлық одан кем болмауын қалайсыз. 100 мың алып жүрген болсаңыз да тура солай, келесі жұмыста айлық содан кем болмауы керек. Яғни ол сіздің өзіңіз қойған планкаңыз, сұраныстарыңыз бен талаптарыңыз. Футболда да тура солай. Естеріңізде ме, Тобыл алғаш Интертото кубогін ұтып алған кездегі эйфория? Ақтөбенің екінші раундқа өткенін тойлағаныңыз ше? Ол кезде біз үшін ол үлкеееен жетістік саналатын. Қазір бұл біз үшін жетістік емес, кері кету саналады. Талаптарды, планканы көтергендер — Тобыл, Ақтөбе, Шахтер, Астана, Қайрат. (Зерттеп, нақтылап жатпадым. Қалып кеткендер болса, ренжімесін) Енді біз тек топтық кезеңге өтуді ғана талап ететін, одан басқасына келіспейтін жағдайға жеттік. Оған қақылымыз. Өйткені, біздің елде де сауатты менеджмент қалыптастырып, жоғары мақсаттарға ұмтылатын клубтар шығарудың мүмкін екенін көрдік. Енді керісін дәлелдеуге келіспейміз. Бірақ,… Өкінішке орай кері кеткен мысалдарымыз да жоқ емес. Футболи тарихымызда тұңғыш рет Европа лигасының топтық кезеңіне өте алған Шахтер бір жыл өтпей-ақ құлдырап кетті. Ақтөбе нашар менеджмент, нашар стадионның кесірінен өзінің деңгейіне қайта шыға алмады. Жанкүйерлерінің наразылығы, басшылықтан нақты істерді талап етуі де сол баяғы БІЗДІҢ ДЕҢГЕЙ, БІЗДІҢ МҮМКІНДІКТЕР деген ұғымдардан өрбіп жатыр. Ол заңды да. Енді Қайрат пен Астана сол сүрлеуге түспесе екен деген тілек бар.
Биылғы жетістік басқа клубтар үшін де жақсы стимул болады деп үміттенемін. Европадан қаптап ақша тапқан және табатын Астана келесі жылы осы жетістігін қайталау үшін сапалы ойыншылар алады. Қайрат та дәл солай. Ол кезде өзінен басқаның чемпиондығымен келісе алмайтын, спорттық амбициясы өте жоғары Ақтөбе де күшейе түсетіні сөзсіз. Ал басқа клубтар не соларға төтеп беруге тырысып, күшейеді, немесе үнсіз келісіп, мәңгі орта деңгейге қанағат қылады. Ол кезде біз кей еуропалық лигалардағыдай BIG-3, BIG-4 біріншілігіне айналамыз. Қазірдің өзінде ақырындап соған кеп қалдық. Бірақ өз басым солай болғанын қаламас едім. Ендеше басқа клубтардан да жаңалықтар, жаңа мақсаттар күтемін. Бұл жерде жанкүйерлердің орны ерекше. Әр жанкүйер өз клубынан жаңа биіктерді талап етіп, соған атсалысатын болса, ішкі біріншілік те, УЕФА турнирлеріндегі ойын сапасы да көтеріле түседі деген сөз. Үміттімін. Сенемін.
Бөлісу:

4 пікір

ken
Тақырыбы біртүрлі ғой.
GALEKE
Қандай тақырып қойсам деп отырдым да, Асхат братымның хештегінен басқа ойға келмеді. Қоя берші, енесінің, сол соншалықты маңызды ма.
asaubota
Қайрат пен Астанада енді жаман менеджмент болмайды. Жыл сайын топта ойнаулары да мүмкін енді. Айтпақшы ҚПЛда тақталас қатты болады. Өйткені Путь чемпионов арқылы өту оңай