Әлеуметтік медиа ақша табу құралы

Жатып алып ақша тапса ғой, шіркін! Өміріңізде ең болмас бір рет осылай армандадыңыз ғой. Алма пісіп, аузыңа түсіп жатса, несі жаман? Интернетте батпан құйрық уәде ететін сайттар жыртылып айрылады. Ит жеместей көремін бе, әйтеуір өзім соларды айналып өтем де жүрем. Бірақ шаш етектен болмаса да, пайда тауып жүргендер бар. Солардың бірін әңгіме тартқан едім.

Жанасыл Болатбек — «Жайдарман» көңілді тапқырлар клубының youtube.com порталындағы каналының әкімшісі
Блог - Marco: Әлеуметтік медиа ақша табу құралы
Бір күні ортақ танысымыз Жанасылға «Қыз мінез» деп айдар таққан еді. Мен айтсам жай ғана «Сырбаз» дер едім. Не десең де миығынан күліп қойып, өзінің ісін жалғастырып отыра беретін ерекше мінездің иесі. Жайбасар сияқты көрінеді кейде, алайда осы жігіт Қазақстандағы тек қазақ тілді контент ұсынатын, көрермен саны қырық мыңға жуық видео каналды басқарып отыр. Табысы да бар.

Бірден басты сұрақ – пайда қандай?

Көзім жеткен анық бір нәрсе — youtube.com видео порталы арқылы ақша табуға болады. Пайдам көп деп айта алмаймын. Жайдарманның ресми аккаунтын басқара бастаған уақыттан бергі ең көп табысым 85 доллар ғана. Бұл бір айда түскен ақша.

85 доллар?! Бұл қай жыртыққа жамау болады?

Айттым ғой көп емес деп. Бірақ ескеретін жайттар бар. Біріншіден біз тек қазақша контент ұсынатын каналмыз. Ал қазақ тілі қазақтан басқа кімге керек? Соның өзінде каналымызды күн сайын 75 мың адам қарайды. Жалпы көрілім саны 19 миллионға жуық. Каналға жазылып, әрбір видеоны аңдып отыратын адамдар саны 38 мыңның төңірегінде.

Сонда да, осыншама сандарға қарамастан пайда бәрібір аз ғой...

Жақсы, басынан түсіндірейін. Былтыр күзде, аккаунттың бас-аяғын жинап, басқа фейктердің бәрін өшіріп болған соң бір делдал компаниямен келісімге отырдық. Олар біздің видеоның айналасына жарнамалар қояды. Табысты қалай есептейтінін нақты білмеймін. Бірақ түскен пайданың жетпіс пайызы біздікі болуы тиіс. Басында бере ме, бермей ме деп екі ойлы болып жүрдім. Алғашқы 40 долларымыз түскенде барып, ақша табуға болатынына сене бастадым. Бұл тек бір ғана амалы…

Бәсе, нағыз ақшаға енді келе жатырмыз десеңші.

Иә. Екінші амалы – тікелей жарнама берушілермен жұмыс істеу. Алайда біздің қоғамның шындығы сол – жарнама берушілер орыс тілділерге бұрылады да тұрады. Бірақ бізге де ұсыныстар түсіп жатыр. Олардың материалдарын жарнамалап, ақша табуды бастап та кетсек болар еді. Бірақ біз бірінші кезекте жарнаманың мазмұнына қарап, ұсыныстардан бас тарттық. Форматымызға келмеді. Әйтпесе ұсынған ақшалары жақсы.

Жақсы, сендірдің. Әлеуметтік медиалардың көмегімен ақша табуға болады. Сендерден басқа біреулер бар ма Қазақстанда?

Рейтинг бойынша Қазақстанда тіркелген каналдардың ішінде Саша Кэт деген жасөспірім қыздың каналы бірінші тұр. Қазір көз салайық, қараңыз, 228 мың тіркелген қолданушысы бар, көрілім саны 5 миллионның үстінде. Ай сайынғы табысы орта есеппен 600 доллар.

Блог - Marco: Әлеуметтік медиа ақша табу құралы

Охоу, бұл енді шынымен ақша.

Бірақ рейтинг шығаратын компанияның табысты қалай есептейтінін білмеймін. Көрілім санына қарап, орташа есептей салуы да мүмкін. Өйткені шетелдік каналдардың табысына қарасақ тіпті бас айналады. Әлемдік рейтингте PewDiePie каналы бірінші тұр. Жалпы көрілім саны 10 миллиардқа жуық. Күн сайын 13 мың жаңа қолданушы тіркеліп, 20 миллион адам қарайды. Соңғы отыз күндік табысы 12.3-15 миллион доллар деп көрсетілген.

Бұл ағылшын тілді канал екен, алматылық қыздың видеолары орыс тілінде. Сонда контенттің тілі бәрібір маңызды болып тұр ғой?

Олай деп те айтпас едім. Кейбір қолданушысы көп каналдар үшін тілдің маңызы жоқ. Соғыс, апат, төбелес, кейде күлкілі видеолар салып да көрермен жинап отырғандар бар.

Әлі Данияр Алан жақсы көретін, «Үш С» теориясына келіңкірейді екен. Сонымен, қорыта айтсақ, ютюб арқылы ақша табам дейтін адамға не істеу керек?

Нақты кеңестер беру қиын. Бірақ ең бірінші керегі табандылық. Бізге 85 доллар табу үшін бір жылдай уақыт кетті. Тілдік кедергіміз бар, алайда тұрақты көрерменіміз де көп. Басты нәрсе көрерменді көбейту ғой. Әлеуметтік желілерде тіркелген қолданушылар жинап беретін пабликтер де бар. Жуырда басқа бір жобада солардың қызметін пайдаландым. Әлеуметтік желідегі бір парақшаға үш күннің ішінде 5000 қолданушы жинап берді. Ақысына, тек таныс болғандары үшін, 10 мың теңге төледім. Әйтпесе 50 мың теңге де сұрауы мүмкін. Байқасаң, бұл да пайда табудың тағы бір көзі.

Рахмет! Басқа әлеуметтік желілер туралы, кейін, реті келгенде тағы бір сөйлесерміз. Бүгінге youtube.com-мен шектелейік.

Тағы да артық сөз жоқ. Костюмін киіп, иығына ноутбук салынған сөмкесін асып алған Жанасыл жөніне кетті. Сыртынан қарасаң әлеуметтік медиа арқылы ақша тауып (енді, аз да болса) жүрген адамға онша ұқсамайды.
Бөлісу:

3 пікір

ademi_alem
Осылай қысқа да нұсқа әрі қызықты етіп жазуды үйртіңізші, Маралбек аға!
Ispek92
Ал мен тілді екінші орынға қояр едім, бастысы жап-жақсы әдемі әрі қызықты контент керек. Ютубтағы қазақша каналдардың көп бөлігі клиптер мен дін туралы ғана(((
merekeee
Бүге-шіге, нұсқаулық, деталь жоқ, жалпылама ғой.
Мен бірақ табыс дейтіндей табыс табуға болатынына бәрібір сенбеймін және әрі қарай да сенбей беруіме 85 доллар септік боп отыр )