18 жылда қазақ интернеттен не үйренді?

Пайдалы сайттар: 18 жылда қазақ интернеттен не үйренді?

Интернеттің жалпы пайда болғанына біраз жыл болса да Қазақстанға әдеттегідей бұл да кеш жетті. Қазақтар интернетпен 1997 жылдары таныса бастады немесе естіді сондай сөз бар екенін. Сол кезден бері мектеп бітіріп, үниверситетке түсетіндей жасқа жетіп қалыппыз. Ендеше осы бір 18 жылдық кезеңде біз интернеттен не үйрендік, интернет бізге не берді, соны қарап көрейік 18 пунктте.

1. Yahoo
Кезінде дүркіреп тұрған бұл алпауытпен қазақтар танысып үлгермеді. Жоқ, бұл портал әлі де бар. Бірақ қазақтарға қазір керек емес. 90-жылдар соңдарында Яхудан пошта ашып үлгерген қазақтар әлбетте бар. Дегенмен қазір олар да қолданбайды ау? Соңғы қолданушылары қазақстандық оппозиция өкілдері, онда да конспирация үшін мессенджерін пайдаланған. Яғни, қазаққа алғашқы мессенджер түсінігін ендірген, сезіндіріп көрген осы Яху.

2. Mail.ru
Үлкен ұстаз, Ағартушы, Ана, Қайнар бұлақ! Халық аузында Майылру атанып кеткен бұл интернет феномені мойындау керек қазақтардың интернет сауатын ашқан бірден бір қызмет түрі. Моймир, Пошта, Музыка, Файлдар, Ойындар, Агент! Бір агенттің өзі не тұрады? Талай қазақтың ұл-қызы осы арқылы жыныстық сауатын да ашқан жоқ па?

3. Google
Қазақтарға түк бере алмады. Поштасы қиын, түсініксіз, ашылмайды. Іздеуі нашар, дым таба алмайсың. Басқа қызметтері дым түсініксіз. Жұрт несіне мақтайды? Бірақ Play Market-тен приложение алып жүрміз. Ол да пайда.

4. Яндекс
Картасын қарауды үйрендік. Басқа түгі жоқ.

5. Айқын
Қазақтарға пікір жазуды үйреткен сайт еді. Аноним пікірдің айдыны еді ғой Айқын! Небір боқтық сөздер, небір өсек, небір анайылық, барлығы осы сайтта шыққан болмашы бір мақаланың астында самсап тұрушы еді. Ойлашы, 100-150 пікір! Ал қазіргі нұсқасы өкінішке орай ондай емес, пікір түгіл бір мақала 150 рет оқылса қалай? Десек те коменттеудің көсемі ретінде мәңгі бақи Қазнет тарихында қаласың, Айқын.

6. Егемен
Қазақ интернетінің Меккесі! Жыл сайын тамыз айында грант тізімін қарауға келетін "қажылардың" арқасында сайт кейде ашылмай да қалады. Грантты гранд газет! (Тақырып қалай кетті? ;) )

7. Facebook
Өздерінің айтуы бойынша Моймирдан қашып келген қазақ босқындарының сайты. Өздерін зиялы қауым және қоғам қайраткері санайтындар да осында. Орташа жасы ғана үлкен демесең сол ВК аудиториясымен тең интеллект, Моймир деңгейіндегі әңгімелер аздап саясат қосылған. Қазаққа түк бермеді, түк үйретпеді. Банға жіберу, мақсатсыз тегтеу, лайк қайыршылығы, өсек айту, жамандау, сынау, күлу сияқты негатив нәрселерге ғана үйретті. Бірақ қазаққа бұдан басқа не керек еді өзі? Осы емес пе керегі?

8. ВК
Орфография мен пунктуацияға үлкен бұтақ қою, ақылдылау бір сөзбен графика жасау, қауымдастық құру, адам жинау, боқтасу, порно және кино қарау. Біраз нәрсе беріпті ВК қазаққа.

9. Instagram
Кім қайда, кіммен жүр? Кім кіммен селфи түсті? Мына боқмұрын бала кімнің баласы және неге лайк басуым керек? Кім не жеп отыр? Осы сұрақтарға жауап іздегендер үшін өте пайдалы қызмет.

10. Абай
Кезінде газетке мақала өткізе алмай жүргендер үшін жұмақ сайт. Небір ұзын-құлаш мақалалар, қаншама көл-көсір пафос толы, бос пікірлер! Қазақты жазуға үйреткен сайт. Нақты ештеңесіз, көп әріпті, бос мақала жазу. Айтпақшы секс-боттар арқылы трафик жинаған қазақ сайты бұл. Солай да статистика жасауға болатынын үйретті. Осындай сайттар ашып қойып, тендерден ақша алып отыруға болатынын да үйреніп алды бұл қазақ. Тендер шығарып бере алатын адамың болса әрине.

11. Егов
Егов куәлігін алу үшін бәрібір оффлайн режимде ЦОН-ға барғызатын сайт. Сабырлы болуды, жүйкесін бақылауда ұстауды, сертификаттарды қалай орнату керегін үйреткен сайт. Үйден шықпай-ақ онлайн режимде мемлекеттік мекеме азабын сезіндіретін сайт.

12. Solai.de
Форум мен чат түсінігін ашып берген сайт. Форум мәдениетінің өлуімен қатар сайттың өзі де өлді. Бірақ форумның не екенін үйреніп кетті қазақ. Қазақты Сатыбалдымен таныстырып да кетті. Айтпақшы Sayan3 қайда қазір?

13. КерекИнфо
Ешкімге ұнамайтын, жауыз, анайы блогерлер мафиясының ұясы. Жасандылық пен пафосты аямай тепкілейтін жер. Әрине бұл кімге ұнасын? Бірақ блог жазу мен сапалы пікірталас құруды, троллингті үйретті. Жаман ба?

14. WhatsApp
Қоғам интеллектінің айнасы. Түрлі санаттағы сауатсыздықтың сахнасы. Дегенмен Агенттен үйренген біраз нәрсе осында да кәдеге жарап жатыр. Қыз сындыру, топтық чаттағы бұрынғы сыныптасыңды тауып алу, порно бөлісу, жауыздықты видео арқылы насихаттау, түрлі графикалар лақтыру арқылы діншіл болып көріну жалғасуда әлі. Айтпақшы менің аудандық білім басқармасындағы әдіскер-мұғалім апам да шылауларды ажырата алмайды екен, ужссс…

15. Казконтент
Бірнеше жылдан бері мемлекеттің тонналап бөлген ақшасымен бәрібір сапалы дүние жасау мүмкін емес екенін дәлелдеп келуде. Яғни, мәселе ақшада емес, Карл! Соны түсіндік. Айтпақшы, білесіз бе, Ел.кз негізінде әлеуметтік желі екен!

16. Твиттер
Микроблоггинг кезінде агентшіл қазақтан қалған нәрсе, сондықтан Твиттер қазақты тарта қоймады. Дегенмен шетелдік жұлдыздарды және қазақ ақындарының жазғандарын оқып тұруға болатынын көрдік. Сосын Өркен және Тимур деген адамдардың бар екенін білдік. Басқа ештеңе үйрене алмады қазақ. Агенттің блогы жақсы еді…

17. Олимп
«Интернеттен қалай ақша табуға болады?» деген сұраққа нақты жауап тапқан сайтымыз. Бірақ тапқаннан кеткені көптеу болып көрінді. Сонда да қоймайды қазақ, әлі ақша «тауып» жатыр. Жарайды көмектесе кетейін, бүгін Джокович пен Маррэй форамен алады.

18. Алаш айнасы
Газетті жауып сайт қылғаннан пәлендей ештеңе өзгермейтінін үйрендік. Интернет-журналистика қазақтан әлі де болса алыстау екенін көрдік. Тобырдың малдығын пайдаланып, секс-контент арқылы статистика жасауға болатынын білдік.
Бөлісу:

34 пікір

AL-ASTER
Жаза түс, Карл! :)
Rafaello
Рахмет, жылы пікіріңізге :)
ThorenBlount
Майл ру пунктінде «мойындау керек» екі жағынан үтірге алынады.

Сосын яндекстің файрфокстағы тулбары өте ыңғайлы.
VKM
хихи, күні-түні комп пен телефонға қарап, көз көрмейтін болды. Басқа интернеттен пайда болмады)))
Gastarbaiter
Мәссағансыз не қабылдарымды, не қабылдамасымды білмей далмын. Ең болмаса Honorable mentions -ға: Nur.kz, Дәруішөлген, Уордпресс, Кездесулермен бірге тізе салу керек ед.
Good night, Sweet Massagan!
Rafaello
Зайыбым келіп шығып кеттім, 18 жазған кезде ;)
Emilia
Айқаракөз қайда? :)
RaymbekEgemberdiev
кейбір сайттардың archive.org-тан скриндарын алып қою керек, әсіресе қазақша сайттар, түрі қандай болғаны қызық)
Gastarbaiter
Архайв оргқа үлкен еменнің қара бұтағы опырылып түскен.
merekeee
Инстаграм еще OFFICIAL деген сөзді жазуды үйретті.
asaubota
нормальный елдерде офишл демей көк галочка қойдыртады
Rafaello
Жалпы қазақ интернетке түк бермеді, сәйкесінше интернет те ештеңе бермеді
malik
Солай.де, жастар.биз деген пырталдарға көбі зәр шашу үшін кіретін.
zholantai
жалғасын жазып тастаңыз енді
zholantai
дым үйренбегенін білдік,
сонда да тез әріп теруден басқа, тағы бірді-екілі нәрсені үйренген шығар, ұятты тағы, үйренгендерінің тізімі де болсын енді
salamat
www.yahoo.com да Қазақстан почта тізімінде жоқ, себебі өзіміздің жеке байланыс кодымыз жоқ,
+7 ресей коды, ресей арқылы ғана почта жәшігін аша аласыз!+3 коды бос екен!
salamat
интернет банкингті, украйндар жасаған сландодан жарнама қарауды, беруді, скайп арқылы хабарласуды қазақ ғана емес
барша жұрт үйренді, интернет мүмкіндігі шексіз,18 бен шектелу дұрыс емес!
Emilia
Мен де солай ойлаймын. Автор негатив іздеуші
salamat
өзінен басқаларды сауатсыз санайтын шығар
Ispek92
сарказм деген дүниені естіп пе едіңіз бұрын? Әлде өмірде бәріне сиыр секілді қарайсыз ба?
salamat
қазақша жазыңыз!
Ispek92
Орысша оқып па едің?
salamat
қазақта сарказм деген сөз жоқ!
Madi
қазақ демей ақ өзіңе-ақ жауап берсеші, Рафаэлло(сың ба кімсің өзі).:) шынында да жазбада минус көп жазылған.