САРЫ

Құтылатын амал қалмағанын ұққан жігіт ақырын ғана аспанға қарады. Артында мылтық кезеніп тұрған жендеттерге бұрылғысы да келген жоқ. Одан не пайда? Қарусыз адамды ата салуды ерлік санаған қорқаулардың түрі емес, соңғы көргені өзінің сары даласы болғаны мың артық. Патшаның сасық түрмесінде шірігенше, өзі сияқты кең даланы тынымсыз кезген ит-құсқа жем болғаны жақсы.

«Гүрс» етіп қатар атылған алты мылтықтың оғы денесін шұрқ-тесік еткен тұтқын жігіт алға бір-екі қадам жасады да, тізесі бүгілместен кескен теректей сұлап түсті. Шын асыл иілмей сынады.

_______________________________________________________________________________________________________

Сары Батақұлының туған жылын дәл айтатын ешкім жоқ. Ахмет Жұбановтың «Замана бұлбұлдары» кітабында шамамен 1863 жыл деп көрсетілген. Туған жері Ақтөбе облысының Шалқар ауданы. Руы Тілеу, Әлімнің ішіндегі Шектіден тарайды.
Сары өмір сүрген заман қазақтың әншілік өнерінде ерекше серпіліс – қарсылық табы пайда болған кез еді. Бай-манап, би-болыстардың, оның ар жағында тұрған орыс патшасының қанауына қарсы тұрған ақын-әншілердің әр туындысы наразылық нотасына тұнып тұр.

Сары ақын, әнші ғана емес аса батыл, қарулы кісі болған деседі. Ұстауға келген топ жігітті бір өзі тырқырата қуғанын аңыз қылып айтады. Бір ашуланғанында болыстың табын түйесін бір өзі айдап әкеткен екен. Бізге батыр көрінгенмен, заманындағы ел билегендерге оның бұл еркелігі ұнамасы анық. Күштінің аты күшті, бай-манап Сарыны бірнеше рет ұстап абақтыға да қамайды. Оның ең танымал өлеңі қазіргі Ырғыз, сол замандағы Жармола түрмесінде отырған кезде туған екен.

Ғарифолла Құрманғалиев — Сарының әні
_______________________________________________________________________________________________________

Айсыз түн. Жиделі тоғайдың жанына келіп тоқтаған жігіт Тарлан аттың ерін шешпестен ауыздығын босатып қана қоя берді. Суыт жүрістен денесі қызып, тағы да шабыс тілеп тұрған жарау жануар ырза болмағандай бір оқыранып алып, жайылып, жөніне кетті. Жігіт көз ұшындағы ауылдан көз алар емес. Көп күттірген жоқ, ортаңғы үйлердің бірінен шыққан сұлба, ере түрегелген еңгезердей екі төбетке әлденені тастай салды да, жиделі тоғайды бетке алды.

Әбден сағынған ғашықтар бір-бірінің құшағына құлай кетті. Ерінге ерін тиген сәттен-ақ олар бүкіл әлемді ұмытты. Бай-манаптың зорлығы, салт-сананың ауыр салмағы, ағайын-туыстың күндестігі, бәрі-бәрі ұмыт болды. Бұл мезетте жалпақ дүниеде екі ғашықтан басқа ешкім жоқ еді.

_______________________________________________________________________________________________________

Сері жігіттің өмірін махаббатсыз елестету қиын. Сарының да өмір бойы сүйіп өткен, ақыры қосыла алмай кеткен ғашығы болған. Есімі Қосан. Заманның салтына сәйкес Қосанның да бесікте атастырылған жары бар екен. Тентек Сарыға бұл да кедергі болмас па еді, бірақ бірде абақтыда отырса (екі рет, бірде Жармола, бірде Орынбор түрмесінен қашып кеткен), бірде бас сауғалап жат жұртты мекендеуге мәжбүр болады.
Өз қазағының арасына сыймаған Сары бес қала асып, Хорезмге дейін жетеді. Бірақ тойған жерде қалатын ит қана қой, Сары да шыдай алмай елге қайтады. Қанша уақыт өтсе де, кектенген ағайын ештеңе ұмытпаған екен. Қудалау тағы басталады. Ақырғы рет ұсталғанда астындағы Тарланынан айырып, патша әскерінің қолына тапсырып, Сібірге айдатып жібереді.
Сарының тұтқынға түскенін естіген Қосан ғашығын тағы бір көріп қалмақ болып жолын тосады. Ендігі қаруы өлең ғана болған Сары оған тағы бір ән арнайды. Бұл әннің сөзін Ахмет Жұбанов халық аузынан жазып алған. Бірақ, Қосанға арналған әннің ішіндегі ең танымалы бұдан ертерек айтылған еді.

Бәкір Тәжібаев — Қыз Қосан
_______________________________________________________________________________________________________

Тағы қашып кетер деп қорқып, қарусыз тұтқынды ата салғанды артық санаған жендеттер мәйітке бұрылып та қарамастан жөніне кетті. Отызға енді келген атпал азаматтың жансыз денесі айдалада қала берді. Өзі ойлағандай ендігі халі ит-құсқа жем болу еді.
Бірақ, тағдырдың да өз әділеті бар. Қанды оқиға болған жерге жақын қонған ауылдың адамдары, патша әскері қыр асқан бойда Сарының денесін алып кетті. Мұсылман дәстүріне сай ақ жуып, жерге беріп, басына құлыптас та орнатты.

Сарыдан ұрпақ қалған жоқ. Есесіне әні мен аты ұмытылмады. Сары далада ара-тұра болса да Сары әндері естіліп тұрады.
Бөлісу:

5 пікір

asaubota
Ғарифолланың орындауы бөлек та. кезінде Асылмұра деген сайт болып еді, сол кезде Ғарифолланың біраз әнін көшіріп алғам, көбісі Мұхиттың әндері. ішінде Сары жоқ еді. қайдан таптың?
Marco
Іздеген жетер мұратқа, деп таптық қо))). Материалда жазу үшін Ұлттық кітапханаға ресми түрде тіркелгенімді айта кетейін.

Жалпы, Батыстың стиліндегі әндерді батысша көңіл-күймен орындайтын Ғарифолла ғой. Бірақ, дәл Ғарифолланыкіндей шықпайды бәрібір.
MERmukhanov
Негізі, Шалқарда Сары болғанда, Ойылда Қызыл болған ғой. :)
Marco
Ойылға кіре берісте Қаңқай әулие бар. Ол туралы не білесің?