ПОЙЫЗДАҒЫ МАХАББАТ

Біз Нұрболмен Қызылорда-Көкшетау бағытындағы пойызда таныстық. Маусым айының соңында бір туысымыздың тойы болды. Сол тойдың ертесіне таңғы 6.30-да (уақыты нақты есімде жоқ. Тек таңертең ерте екені белгілі) арман қуып Астанға жол тартуымыз керек болған. Сонымен тойдан кеш шыққанбыз, ұйқы қанбаған күйде теміржол вокзалына бет алдық. Әлі пойыз келмеген екен. Айтпақшы, біз төрт адамбыз. олар: мен, мамам, құрбым, бөлем. көптен күткен пойызымыз да келіп тоқтады. Ұят та болса айтайын, сол жолы билет болмай, жолсерікпен келісіп "қоян" болып мінгенбіз. Біз кіргенде вагондағылардың бәрі тәтті ұйқыда жатқан болатын. Тек шет жақта бір жігіт ояу екен. Қасындағы орындар да бос екен. Содан уақытша сол жерге жайғасып, шай ішіп алайық дедік. Туыстарымыз жолда жейсіңдер деп қазы-қарта дейсіз бе, ет дейсіз бе, тәтті-пәттілерді үйіп-төгіп салып берген. Пойыздағы шай ішуге арналған столдың айналасына 5 адам жайғастық. Мамаларды білесіздер ғой, әлгі жігітпен сөйлесіп, шүйіркілесіп кетті. Сондағы олардың әңгімесінен ұққаным: мынау қасымызда отырған ақ мәйкі киген жігіттің есімі Нұрбол. 1987 жылы туылған. Өзі Лугавой (қазақшы Жуалы ма, білмеймін) деген жердің баласы. Қызылордада теміржолдың оқуын тәмамдап, диплом алып еліне қайтып келе жатыр. Бар білгенім сол болды. Оның маған қызығы да шамалы еді. Бар ойым тезірек қарын тойғызып алып, ұйықтау. Мамам студент екенсің ғой, ата-анаңнан жырақта жүр екенсің деп ана баланың аузына барын тығып жатыр. Онда да шаруам болмады. Өйтіп-бүйтіп қарынға ел қондырып алдым да, бос орынға жатуғы кеттім. Мамам да, бөлем де ұйқыға кірісіп кетті. Тек құрбым ғана онымен сөйлесіп отырған болатын. Мен ұйықтаймын деп жатқаныммен, оңдырғаным шамалы. Ары-бері аунап жатыр едім, құрбымнан «біз жаққа келсей, ұйықтай алмай жатырмын» деген смс келді. жарайды деп бардым. Екеуі әңгімені жіберіп отыр. шамалы отырғаннан кейін әңгімелері қызық болмай, қайта кетіп қалдым да, ұйықтадым.
… Пойыздың тоқтаған дауысынан оянып кеттім. Лугавой стансасына келіп жетіппіз. Орнымнан тұрып, беті-қолымды жуайын деп кетіп бара жатсам, әлгі «студент» бала түсіп барады екен. «Жақсы. Оқуға түсіп кетіңіздер» деп тілек айтып бара жатты. мен де ұйқымды дұрыстап аша алмаған күйде сау болыңыз дедім де алдынан өтіп кеттім.
Сол жолы Астанаға аман-есен жетіп алдық. Ол жақта не істегеніміз жайлы бөлек әңгіме қылармын.
… Тәңірдің жазуымен Астанаға емес, Шымкент қаласына оқуға түстім. 1 курстың қазан немесе қараша айы болатын. Түн болып, төсек салып жатқам, телефоным шырылдады. қарасам, бейтаныс нөмір. Алдым. Ар жағынан бір жігіттің даусы шығады.
— Қалайсың?
— Жақсы, шүкір.
— Не істеп жатырсың?
— Ұйықтайын деп жатырмын.
— Не жаңалық?
— Ешқандай. Кешіріңіз, мен сізді танымадым. Кімсіз?
— Кім екенімді айтардан бұрын бір сұрақ қоямын. Жауап бересіз бе?
— Кім екеніңізді айтыңыз. Сұрақты сосын қоясыз.
— Әсел, жігітің бар ма? осы сұрағыма жауап берші.
— Жоқ, жігітім жоқ. Енді айтыңыз, кімсіз?
— Сіз мені ұмытып кеткен шығарсыз. Мен сені бір көріп ғашық болған адаммын.
— Жұмбақтамай кім екеніңізді дұрыстап айтпасаңыз, қазір телефонымды өшіре саламын.
— Жоқ, өшірмеңіз. Мен жазда пойыздағы баламын ғой. Сендер мамаң, құрбың бәрің мініп едіңдер ғой. Есіңде ме?
— Иә, есімде. Қызылордадан қайтқан жігітсіз бе?
— Иә, солмын. Қалайсың өзің?
— Жақсы. сіздің есіміңіз кім еді?
— Нұрбол…
Осылай екеуміз сөйлесіп кеттік. Ол бірінші рет сөйлескен кезде-ақ барын жайып салды. «Сені бірінші рет көргенде-ақ саған ғашық болып қалдым. Сол кезде сен ұйықтап жатқан кезде сенің құрбың Малика маған сенің өлеңдеріңді, әңгімелеріңді көрсетті. Саған деген құмарлығым одан сайын арта түсті. Сосын құрбыңнан сенің телефон нөміріңді сұрап алып қалдым. Содан бері батылым бармай, енді ғана қоңырау соғып тұрмын. Пойыздан түскеннен кейін, сені қимай, пойызда жүрегім кетіп бара жатқандай әсерде қалдым… Бүгін сенімен сөйлесіп тұрғаныма қуанып тұрмын» деп ағынан жарылды. Мен тіпті не дерімді де білмей қалдым. Себебі, бұрын-соңды маған үлкен жігіттер сезімін білдірмеген еді. Не керек, содан кейін ол күнде қоңырау соғып тұратын болды. Үйінің жалғыз баласы, бір қарындасы бар екен. Оқуды бітіргеннен кейін үйіндегілер үйлен деп жатыр екен. айтпақшы, ол сол кезде Алматыда жұмыс жасап жүрген болатын. Солай жүргенде қыс келді. Шымкентке барсам, маған жақсы жауап бере аласың ба деп сұрайтынды шығарды. Бірде маған оқуыңды Таразға ауыстышы? деді. Мен олай жасай алмайтынымды айттым. Біздің байланыс тек телефон арқылы жүзеге асатын. Оны жақсы көрмесем де, күнде хабарласып жүрген соң бауыр басып бара жаттым. Күндердің күнінде ол хабарласпай қойды. Алғашында алаңдасам да, іздеген жоқпын. 1 апта уақыт өткеннен кейін бейтаныс нөмірмен қоңырау соғып тұр. Ұялы телефонын жоғалтып алыпты. Маған ренжіп қалды ма деп қорқып хабарласып тұр екен. Содан ол менімен аған емес, мамаммен де сөйлесуді шығарды. Ал мамам ол жігіт жақсы болғанымен алыста тұрады, оның үстіне сен әлі кішкентайсың дейтін. Қойшы, не керек солай сағызша созып жүргенде көктем де келді. Сәуір айында телефон нөмірімді ауыстырдым. Оған айтқан жоқпын. Сөйтсем ол құрбым арқылы үйдің нөмірін алып, мамама қоңырау соғыпты. Мамам «балам, менің қызым әлі кішкентай. Қазір тұрмысқа бере алмаймын. Ал сен үйленетін жігітсің. Өз теңіңді тап» дегендей әңгімелерді айтыпты. Соның артынша біздің үйдің де, құрбымның да телефон нөмірі ауысып кетті.
Осылайша бір жігіттің махаббат дастаны аяқталды. Қазір кей кезде есіме түссе сағынышпен еске аламын. Ол иманды, намаз оқитын, мейірімді жігіт болатын. Бүгін қайда жүр, не істеп жүр, білмеймін. Үйленіп, балалы-шағалы болып, отбасына имандылықтың үлгісін көрсетіп жүрген азамат болғанына сенемін.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше