ЕКЕУДІҢ ХАТЫ

Ол кезде біз алтыншы не жетінші сыныпта оқитынбыз. Нақты есімде болмай тұр. Балалық шақтың тәтті кәмпитін жеп жүрген кезіміз. Жігіт, сүю, махаббат деген нәрселердің ойға кіріп те шықпайтын кезі болатын. Бірақ бәрі де бір күнде өзгеріп шыға келді…
Көктемнің шуақты күні болатын. Күн шығып тұрғанымен, қыстың сызы кете қоймаған шақ. Мамамның «қалың киін» дегенін тыңдамай, көктемнің алдамшы күніне сеніп, ауру «сатып алдым». Сабақта мазам болмай, ыстығым көтерілген соң үйге сұранып, мектептен шығып бара жатқанмын. Артымнан «Әсел, тоқтай тұршы» деген дауысқа жалт қарасам, сыныптастарым Нұрсұлтан мен Үсен екен. Не айтар екен деп ойлап тұрғанымда олар да жаныма келді. Ананы айтып, мынаны айтып, соңымнан қалар емес. Сабақтың басталып қалғаны қашан, ал олар әлі менің арқамнан қалар емес.
— Сендер қайда бара жатырсыңдар? Сабаққа бармайсыңдар ма?
— Біз сені шығарып салайын деп едік.
— Жайша ма?
— Жай.
Әңгімеміз осылай өрбіген-ді. Бір кезде мектептің ауласынан шығатын қақпаға жақындағанымыз сол еді, Үсен барды да есіктің аузына тұрып алды. Шығайын десем шығармайды.
— Мұның не? Негі тұрып алдың есікке?
— Сені шығармаймыз.
— Не үшін?
— Саған айтатын әңгімеміз бар?
— Ал, тыңдап тұрмын.
— Біз сені жақсы көреміз! (Дәл сол кездегі жай-күйімді айтып жеткізе алмаймын. Ең алғаш рет «махаббат жырын» естіп тұрмын, оның үстіне сыныптастарымнан!!!).
— Құршы бар, ойнамай!
— Шынымен айтамын. Осы күнге дейін айта алмай жүрген едік.
— Мейлі, бірақ екеуің бірдей жақсы көрмейтін шығарсыңдар?
— Екеуміз де жақсы көреміз. Сенің жауабыңды күтеміз!
— Далбасаламай былай тұршы!
Сол кезде сөзге араласқан Нұрсұлтан қолыма кішкентай қалташаға оралған бірдеңені ұсынды да, Үсен екеуі мектепке жүгіріп кете барды. Өзім онсыз да дене қызуым көтеріліп тұрған мен, үйге денем бір ысып, бір суып әрең жеттім. Үйге келе салып, қалташаны ашып қалсам хат пен кішкентай ғана әдемі алқа екен. Хатта не жазылғанын өздеріңіз де сезіп отырған шығарсыздар. Ал содан жатып кеп ашуланайын. Қырсыққанда төсекке таңылып, 1 апта сабаққа бармадым. Мектепке баратын күні екеуіне де әдемілеп хат жаздым ( Нұрсұлтанның алқасын қайтарып бердім) да, сумкама салып алып бардым. Сыныпқа кіргенім сол еді, мені көрген сыныптастарым шулап кетті. Қып-қызыл ӨСЕК жүріп жатыр екен. Ол кезде анкета деген нәрсені толтырушы едік қой, мен жоқта соны толтырған Үсекең бар сырын жариялап қойған. Бәрі хабардар. Жынымның шыққаны-ай! Содан сабақтың ортасында екеуіне хатты бердім де, олармен сөйлеспей қойдым. Бұрын Үсенге ешқандай дұшпандығым жоқ болса да содан кейін оны жек көріп кеттім. Тіптен араласпай, амандаспай кеттім. Ал Нұрсұлтанның маған хат жазғанын ешкім білмейді. Сондықтан онымен бұрынғыдай болмаса да, сөйлесіп жүрдім. Сөйтіп жүріп тоғызыншы сыныпты бітірдік. Нұрсұлтан колледжге оқуға түсті де, Үсен мектепте қалды. Бірақ әлі де араласпаймыз. Уақыт зымырап жүргенде мектепті бітіретін уақыт келді. Үсенмен әлі де араласпаймын. Бір күні сыныптағы жігіттер екеумізді татуластырды. Ең болмағанда мектепті бітіретін кезде достасып кетіңдер деп, амандасып, сөйлесетіндей дәрежеге жеткізді.
Мен бітті деп ойлап жүрген махаббат хикаясы мұнымен аяқталмапты. Бір күні Үсекең келді де қолыма бір дәптерді ұстата салды. «Қазір емес, үйіңе барған соң оқышы» деді. Жарайды деп сөмкеме салып қойдым. Сырты ақ қағазбен оралған, 12 парақтық, кәдімгі дәптер. Үйге барып ашып қалсам, іші толған өлең. Бейшара ғашық жырларын соған тізе берген. Ал Нұрекең болса мектепті бітірген соң сырға салып қоятын, Үйленетін болып шыға келді. Менің пікірімді сұрап жатқан ешкім жоқ. «Қой, қой» деп жүріпт тоқтаттық…
Қазір Нұрсұлтан үйленген. Үсен әлі күнге дейін «Менің алғашқы махаббатым» деп отырады. Кейіннен екеуінің айтуынша, мен екеуіне жауап хат жазған соң бір қырдың басына шығып алып оқыпты. Әлбетте ол жерде қуанатын хабар жоқ, екеуі әбден ашуланған. Мектеп бітірген соң күлген. Қателеспесем, Үсеннің сол дәптері үйде сақтаулы тұрған болуы керек.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше