Кіржиген көзқарас: Жайдарман, бірінші 1/4 ойын

Сәлем, Астана! Және "Қазақстан" арнасының көрермендері!
Осылай, командалар сияқты бастайын ба?

Біраз болыпты.
Ленин бабам туған күні Жайдарманның жайдары сайыстары жалғасқан кез еді. 22 сәуір, қазақтың медиа орталығы. Медиа орталық демекші, әдеттегі Конгресс-холлдан ауысып, осы орында тұрақ тапқан 1/4 ойындарына кіру бір мұң болды. Төлқұжат сұрап (Онда Медиум Магұлы деп жазылған), темір шыңқылдақтарынан өткізген кезде, қалың топтың жуық арада жылдам кіретініне де күмәнмен қарайсың. Мүмкін, қауіпсіздік шаралары дұрыс та шығар, бірақ еркіндікке үйренген қайран қазақы көңіл қысымшылықтан сүйкім таба алмай кетеді екен.
Ал, эфирдің шыққаны — жаңа. Ойынның көп факторларға сүйеніп, белгілі бір даталарға қойылатыны түсінікті. Эфирден көрсету уақыты да телеарнаның өзінің шешіміне, кестесіне орай жүреді. Алайда, аса ірі шаралардың алдында түсірілген ойындағы қалжың — болашақтағы болжалды дүние жайлы оқиғалармен тоғысқан кезде, кейін оны эфирден көрген жұртқа әсері айтарлықтай болмайды. Мысалы, сайлау жайлы өткен шақ емес, келер шақтағы сыңайда әзілдегенде. Оны кейін сайлаудан бір ай кейін көрсетеді. Андестэнд ми? Мүмкін, ірі іс-шарадан кейін өткізу керек, не эфирді жеделдетіп берудің реті… Жалпы, ұйымдастырушылық факторлары көп, ештеңе айта алмаймын, жай — назар аударатын нәрсе деймін.

Өнер-білім бар жұрттар: Кіржиген көзқарас: Жайдарман, бірінші 1/4 ойын
Әлқисса, ойын жайлы. Сәлемдесу. Бірінші болып Аягөз амандасты.
Қодар (уикипедиядан Қозы Көрпеш — Баян сұлуды тереміз) туралы әзіл — тарих маусымына сай (тарихта шынымен болған болса), бірақ залдың жартысы түсінген жоқ. Иә, мен көрермен жайлы сондай нашар пікірдемін :) Махаббат мекенінен келе тұра, команданың қыз сындырғаннан гөрі ит төбелестіргенді көбірек жақсы көретіні жайлы айтқанда, қисын іздесек — кереғар сезім келеді. Бірақ жалпы әңгіме құраманың өзі жайлы, екіншіден, жай әншейін қуғынбай қағытпа — аса тереңдік іздеп қажет емес те шығар.
Патриот бала — былай, жай-жай, айтыскер ақын — жақсы. Сайлау учаскесі де мырс етерлік. Байқадыңыздар ма, әзілдердің құрылымы бірдей — қысқа, орын ауыстырып алу парадоксына негізделген. Өзіндік қолтаңбасы бар аздап. Бассейндегі жарыс — бір дежавю алып келді, бұрын бір жерден көрген сияқтымын. Мүмкін, көк матаны су орнына пайдалану бұрын да біреуде болған шығар.
Өзін көрсете алмай жүрген бала — шаблондық қалжың.
Американдық оқиға — ең ұзақ миниатюра, соңына қойылуы арқылы, және өзінің соңы ерекше бітуі арқылы жақсы эффект бере алды. Былай орташа әзіл.
Кода — орынды. ОК. Кодасынан кейін Есен мырзаның "… Аягөз ауданының басшылығына алғыстарын білдіреді" дегені қалай, қызық көрінбей ме? :)

Шымкент жастар құрамасы. Диалогтар тым жеңіл. «Көнбейді тарих бос сөзге». Айтпақшы, "...қатын дейд" деген өрескел болса да, жақсы. :) Күтілмейтін эффект.
Аңыздағы ауыс-түйіс қағытпалар қызық, мүмкін көбірек айту керек пе еді… Ойы — өзекті.
«Ей, батыр...» — жақсы. Америкадағы оқиға — анонимді алқаштар клубы стиліндегі қызықты финиші бар оқиға. Тек, мұндай сыңайда анекдот бар! Фи!
Орташа сәлемдесу.

Павлодар жастар құрамасы. Бөтен адамдардың шығуы — жақсы самостеб. Оның үстіне көрермендерге де зіл салады. :) Келесі сөз (жартылай финалға өту жайлы) — Қоянбаевтың кезіндегі «Чтобы победить, наша команда решила выступить» дегені сияқты, ойдан ой туған әзіл.
Газ баллоны жайлы — соңғы кездері командалар балалық шақтағы, 90 жылдардағы оқиғаларға иек ұрып жүр. Күлтегін, Сағыз, т.б. осы бір нишаны қамти бастап, өзге командалар да бет бұрыпты. Қалжыңдық сипатымен қоса естелік эффектісіне негізделгендіктен, көбіне өтіп жүргені де жасырын емес.
Майя тайпасының оқушылары — лайт, қалыпты. "Қазақ-шотланд" соғысы — әзіл соншалықты нәзік, мен оны тіпті байқамай қалып жатырмын. «Шотланд еркектері юбка киеді» — осыны ауызша мәлімет қып айтсаң — және мына әзілді көрсетсең — әсері бірдей. Содан? Содан? Мұны, топас болмаса, бәрі біледі, ал оны қалжыңға айналдыру әлдеқайда шебер болу керек. Құрығанда, шыққан қыздарға: «Мәә, өздеріңе қайтарып алдыңдар ма не?» немесе "Өткенде шайқаста күйеулеріңнің шалбарын жуып қойып, өздеріңдікін беріп жіберіп пе едіңдер?" деген сияқты бірдеңе сұрау керек қой.
Экспо ескерткіштері — жақсы. Өте жақсы. Тек, бір таныстық бар…
Теледидар алдындағы отбасы — ок. :) Махаббат жайлы хикая — қалыпты, бірақ алып шыққан қызыл шарлармен залға тарату сияқты бірдеңе істейтін шығар деп ойлағам. Ал былай, иә, бұлардың жайдарманға деген махаббатына дау жоқ. Ақыры қарым-қатынастың келесі кезеңіне өтті ғой, сонша жылдан кейін…

«Тұңғыш астана». Өзара кіріспе диалогтар — классика. Әзіл тығыздығы жоғары емес. Сәукелелі русалка жайлы — өзекті, бірақ осығна дейінгі алғы сөзі — ақталмайтындай тым ұзақ. Оның үстіне, ол ескерткіш жайлы астаналықтардың өзі біле бермейді. Ал «Новостройка» әні ар жағындағы сөздерімен — күлкілі.
Картина, киіз үй, бюллетень жәшігі — жақсы. Өте тығыз сәлемдесу. 5.

«Күлтегін». Шықты. өз ЖОО мен партиялық сипатымен бір ауыз айтты. Яки патриотизм һәм демеушіні атау нормасын орындады. :) Сосын өзін тарихи команда есебінде позициялауды жалғастырды. Алда да жалғастырады. Бақырғани жар болғырлар, мұның бәрі тактика, психология. Тарихи маусым — тарихи команда, енді өздеріңіз түсініп тұрсыздар… :)
"Әйел бақытындағы" ұрып жатқан әйел — кейіпкер емес, Ләйлә болып шығу арқылы алдарқату жайлы қысқа қайырым, ракетаны алғаш көрген шопан қазақ — жеңіл-жеңіл. Маған салса, секіргеннен гөрі сөзбен бір кәментәрій айтқызар едім шопанға.
«Тойдан кейін» — жақсы, етене таныс оқиға, ерекше финишімен.
«Самаурын басында» — жақсы, және «пәшти» фантазиясыз, шынайы қаз-қалпында. Сонысымен де мықты шығар.
"Әскери парад" — идеясы қызық. Жюриге, көрерменге ерекше ұнаған, маған — қалыпты. :) Команданың осылай ойлана алатыны ұнайды, кішкене креатив тауып…
Кода — тарихи, күлкілі. Мүмкін, Көтібар жайлы шығар, ә?

Әзіл бәйге.
Біріншіден, бес түрлі ойыншының оқуы — яғни, команданы көбірек қамтып, тек бір адамның арқасында (бәлки, кейбірі сапасыз, бірақ оқушының әртісітігі басым) өтіп кететін әзіолдер ықтималдығын азайту ұнады.
Екіншіден, сөйте тұра, жарыстық сипат болып, сәтсіз әзілдер оқығандар ұшып кетіп тұрғанын қалаймын. Оған бірақ көп әзіл жаңалық керек шығар…
Үшіншіден, жалпы, сайыс жаман емес. Сондықтан ұнамаған қалжыңдар жайлы айтамын:
1) «Тұңғыш астананың» "… суға батпайтын үйлер салынса екені" — ойы оң, әзілі жоқ.
2) Шымкенттің «Мә, менің капронымды киіп кетіпсің ғойы» — мүлдем тығыз емес.
3) Павлодардың Обама жайлысы — қалыпты, бірақ расизмнің иісі аңқиды. :)
Сонымен қатар, Шымкент пен Павлодар соңғы айналымға әлсіздеу қалжың қалдыруы — тактикалық тұрғыдан өздеріне жақсы емес. :)
Және Алмұрт — ал мұрт, Көпен — купе деген сияқтылар да тым су бетіндегі қалқыған әзілшелер. Мүмкін болса, басымдау әзілмен атысқан дұрыс.
Өнер-білім бар жұрттар: Кіржиген көзқарас: Жайдарман, бірінші 1/4 ойын
Әуенді сайыс.
Қызылорда. Әзілдік құрамы жаман емес. Тек, екі мәселе бар: 1) ұзақтығы жағынан кемшін түсті де, көрерменге дәм татырып, кейін екінші мен десертті бермей кеткендей болды. Тіпті жүргізуші мырзаның өзі ақтап алғандай… 2) Команданың өзі де даярлық жағынан ақау барын сезіп, кей әзілдерді өздері ыржалақтап күліп, шайнап беріп отырды.
Оның үстіне, Алтын апай жайлы әзіл мұнда жасанды телінген қалжың, бірақ жақсы келістірілгенмен, жалпы, бәрі түсіне бермейтін дүние болуы да мүмкін.

Шымкент.
Идеясы тың емес, бірақ қызық. Залдан көргенде бір толыққандылық, жұмырлық жетпейтіндей көрінді. Комментарий жасайтын періште ситуациясында әлдеқайда тығыз қалжыңдар суыртпақтауға болатын еді.
Айта кететін тұстар: 1) Жұптардың шамалас емес, бірі — жасы үлкен, көпті көрген екенін фронтмен хабарлап кеткені оңтайлы болар ма еді 2) Әндері әуенді сайыс болғасын жапсыра салғаны көрініп тұрды, қосымша әзіл әкелу критериі төмен болды 3) «Не істейсің енді, штанга көтересің бе?» деген сияқты әлсіз әзілдер бар.

Павлодар.
Команданың «Чехов аялдамасының» қызымен күшеюі оң шешім сияқты. Әзілдері қуғынбайлыққа негізделген, салмақты қалжың эоқ (бұл кемшілік емес бұл жерде). Әтеш жайлы қалжың екіұдай қабылдануы мүмкін, соңындағы «добивкасы» бәрін түзегенмен, бәрібір…
Рэп, гүл беру — жақсы.

Астана.
Өңделген әндер көптігі жағдайында кастинг ситуациясы — ең қисынды. Жалпы, жақсы. Мүмкі, сары жайлау сияқты қалжың аздап сахна үшін бұзық шығар, бірақ әзіл деңгейі бәрін ақтап алады. Тіпті менің кіржиген көзқарасымның алдында да. Бірақ алда мұндайды азайтыңдар.
Жақсы конкурс, қысқасы.

Аягөз.
Ауылдағы кеш — бірақ қаланың иллюстрациясы тұрғанын мен ғана байқадым ба?
Орташа. Жаман емес.

Көрініс сайысы.
Күлтегін. Актердің хикаялары бір топтама болып қалды. Тесілген көйлек, лақ — мент — бұрын бір жерде болған қадамдар.
Соңы жақсы ойластырылған, бірақ залдан қарағанда байқағаным, бірдеңесі жетіспей, толық шықпай қалды. Жақсы.

Павлодар.Салыстыру эффектісіне негізделген жақсы қойылым.

Қызылорда. Қызық. Бір-екі болттары бар.

Аягөз. Орташа. "Қыз құсап, рөлге таласқаны несі?" деген внутрякты жайдарманшылар жақсы білуі тиіс :)

Шымкент. Жаман емес. Мәтіндік диалогтар әдеттегідей қою, әдеби, әзілі арагідік, бірақ жеткілікті.

Жалпы, Күлтегін бұл ойынның сенімді фавориті болды. Команданың маусымға деген претензиясы қисынды.
Аягөз — қалыпты, бірақ жартылай финалда қиын болуы мүмкін.Өнер-білім бар жұрттар: Кіржиген көзқарас: Жайдарман, бірінші 1/4 ойын
Әсер бойынша үшінші орынмен Қызылорда өтуі тиіс тәрізді. Бірақ өз қателіктеріне орай, жолдамасыз қалды. Дайындық мәселесі аздап қысыр сияқты. Алда тағы бір мүмкіндігі бар.
Шымкент жастары соңында ғана өзгелерге жетіп үлгерді. Былай жаман емес ойнап шықты.
Павлодар Ресей КВН-ін көп қарайтын тәрізді. Идеялық ұқсастық, әзіл желісіндегі қолтаңбалар анық байқалады. Мұны өзге командалардан да сәл шырамытамын. Павлодар 1/8-дің командасы болуын қойып келеді, және әбден әділетті. Ізденіс бар.


Жалпы, ойын қорытындысы да әділетті. Командалар барлық конкурста жинақы, дайындығы мығым, болашаққа деген претензиясын қазір қойып тұруы тиіс. Ойын маған, жалпы алғанда, ұнады. Эфирді таразылай келе, қиылған тұстан бөлек, кейбір моменттерде оператордың жұмысы маңызды екенін айтқым келеді — қандай бір әзілдің фишкасы бір элементке (затқа) тірелгенде, соны үлкен масштабта көрсету керек. Жылдам әрекеттенгенде де көрсетіп үлгеру керек.

Бірдеңе қалып кетсе, келесі шолуларда қорыта айтармын. Ал ойын күнінен кейін мына бір оқырман бір хабарлама жіберген еді, жалпы, ортақ тұшымды жауап үшін салып отырмын. Өнер-білім бар жұрттар: Кіржиген көзқарас: Жайдарман, бірінші 1/4 ойын

Жарайды, кіржиіп, келесі ойынның шолуына кірісе бастайын. Талқыласқанша!
Бөлісу:

15 пікір

Erkekyz
Тек Күлтегін ұнады. Әдеттегідей. Ну а Шымкент жастары былай-ақ ұнайтын команда. Жартылай финалға шығады деп үміттенемін.))
merekeee
«Назар аудар» матамен бассейн жасаған болатын.
Негізі, дұрысы — эфирден кейін жазу, спойлер дегендей… Бірақ, кейде көрем, кейде көрмеймін эфирді, сондықтан жеке өзіме бәрібір :)
NurlybekMambetniyazov
Бұл ойынға қатты киржие қоймаған секілдісіз. Мен күткеннен жұмсақ жазылыпты. Ойында болмадым, ол жердегі сезімді білмеймін. Ал, эфирді қарап отырып шаршап кеттім.
Менің субъективті пікірім бойынша, әуенді сайыс (музыкальный блок) керек емес па едіі… оның орнына сіз айтқандай, әлсіз әзіл немесе әлсіз оқыған ойыншы ұшып отыратын сайыс (биатлон на вылет) болса, биатлон қызығырақ болар ма еді. Және СТЭМ ға көбірек көңіл бөлініп, әзіл тығызды ойдағыдай болар еді. Эфир уақыты да толады.
Medium
Қатты кіржие қоймағаным рас :)
Залдан қарағанда ойын ұнағасын шығар
NurlybekMambetniyazov
Жалпы, Жайдарманға деген көзқарасым керемет)) Бірақ, жеңіл дүниелерді Жастар сарайындағы жастар лигасы Премьер лигадан да көріп жүрміз ғой. Жоғары лиға болғандықтан, салмақты, айтары бар, актуалдарды қозғай отырып КҮЛДІРЕТІНдүние көргіміз келеді. Аздап түсіністік танытайық)
Жалпы, айтқым келіп отырғаны көөп, оны бір асықпаай, бір пост қылып жеткізу керек. Қазірше осы жетеді. Рахмет!!!