Сіз білмейтін Чанаккале жайында шындықтар

Бiрiншi Дүниежүзiлiк соғыс қарсаңында 1915- 1916 жылдары түрік халқының Чанаккале жерiнде болған азаттық соғысы түрiктер үшiн ғана емес, бүкiл адамзат үшiн маңызы зор. Алаш ақыны Мағжан Жұмабаевтың әйгiлi “Алыстағы бауырыма” атты өлеңi де, отты жылдары қан майданда жан алысып, жан беріскен алыста азап шеккен туыстас бауырларға арналып жазылған туынды болатын.

Түркияның Радио және Телевизия Жоғары Кеңесінің (RTÜK) ұйымдастыруымен, TRT avaz телеарнасымен, Чанаккале 18 март университеті (ÇÖMÜ), Чанакале қаласының әкімдігі, Түркия Республикасының Байланыс және Ақпарат Министрлігінің қолдауымен Чанаккале жеңiсiнiң 100 жылдығына арналған кезектi «VII.Келешекпен байланыс» 3 күндiк медиа семинарынына қатысып қайттық. Бұл жылғы тақырып «Өңірлік ынтымақтастықты дамытуда БАҚ-тың рөлі». Әлемнің қырық елінен 123 адам қатысты. Оның ішінде медиа алаңында білім алып жатқан студенттер мен кәсіби мамандар бар.

Конференция барысында газет, графика, видео болып үш топқа бөлініп, іс-шара соңында, осы салада білім алып жатқан студенттер Чанакале рухы жайында көрген, сезінгендері бойынша өз сезімдерін мақала, репортаж, өлең ретінде жазып, ашықхаттар жасап, таспаға видео түсірді. Жұмсалған еңбек нәтижесінде газет пен ашық хаттар, шағын Чанаккале жайында фильмдерін жұртшылыққа ұсынды.

Конференция аясында Чанаккале жерінде болған әйгілі соғыстың орнын өз көзімізбен көріп, рухын сезінуге мүмкіндік алдық. Бұл қалада нендей сыр жатыр? Жол нұсқаушы маманның берген ақпараттарынан көп мәлімет алдым. Сіздермен де сол көрген-білгендеріммен бөліскенді жөн көрдім.

Измирге жақын орналасқанын білсем де, Чанаккалеге бұрын соңды барып көрген жерім емес. Түскі он екі жарымда шығып, кешкі алты жарымда мәремізге жетіп жығылдық. Жол бойы таң қалумен болдым. Түркияның ең жасыл аймағы Қаратеңіз өңірі деп жиі естігем. Алла-ай, бұл аймақтың өзі жап-жасыл қалың орман, көк жайлау. Қаратеңізі қандай болды екен?!

Түрік тарихында бұл соғыс Гелиболу деп аталса, ағылшын, француз, австралия, жаңа зеландия қайнақтарында Галликоли соғысы деп аталады. Мұндан жүз жыл бұрын дүниенің ең қанды шайқасы осы жерде болған. Чанаккаледе аты айтып тұрғандай түрлі қорған, бекіністер орналасқан. 16 қорған бар. Мұның сегізі бұғаз бойында орналасқан. Әр түрлі падишахтар мен ел басқарушылар тарапынан бой көтерген. Төрті Анадолы жағасында, қалған төрті Гелиболу аралында орналасқан. Ертеден Анадолының жүрегіболған Стамбулдың қауіпсіздігі, осы мекенден бастау алған. Бұл дегеніміз, ежелден бері маңызы зор аймақ екенін көрсетеді. Яғни әскери горнизондар орналасқан.

Бұл аймақта ежелден маңызды стратегиялық мәнге ие болып келген су жолы бар. Ордағы Дарданелл бұғазы Еуропамен Азияны бөліп жатыр. Измирге қарай баратын Егей теңізі мен Стамбулға шығатын Мәрмара теңізі жалғасып жатыр.

Дарданелл бұғазының азиялық жағалауында Түркияның Гелиболу ( грекше Галликоли), Еуропа жағалауында Чанаккале порттары орналасқан. Дарданелл бұғазының экономикалық әрі стратегиялық маңызы зор екенін жоғарыда атап өттік. Бұл күндері де бұғаз арқылы Қазақстаннан тауар (мұнай, астық, түсті металдар, т.б.) тиеген кемелер әлемнің бірқатар елдеріне сапар шегеді.
480 жылы Ксеркс патша өзінің әскерін бұғаздың Еуропа жақ бетіне өткізу мақсатымен сол тұстан екі көпір тартуға әмір еткен. Ал, әйгілі македон билеушісі Ескендр Зұлқарнай Шығыс елдеріне жорыққа шығарда бергі жағалауға дәл сол жерден өткен.

Чанаккале шайқасы Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында болған. 1914-1918 жылдардағы бұл соғысқа 38 мемлекет араласып, 74 миллион адам әскерге алынса, соның 10 миллионы өліп, 20 миллионы жарақат алған.

Соғыс неден басталды?

Осман империясы 2 тамыз1914 жылы Германиямен одақтастық туралы шартқа қол қойғанымен, баста бейтараптқ танытып, уақытша құпия сақталған болатын.
Ол замандар Балқан соғысынан шыққан Осман мемлекетінің әлсіреген тұсы болатын. Соғыс кемелеріне мұқтаждықтары бар. Соғыс басталмастан бұрын Осман елі Ұлыбританияға ақшасы нақты төленген екі соғыс кемесіне тапсырыс береді. Тапсырыс берген кеменің уақыты келіп, түріктер кеменің қолға тигенін күтіп отырған болатын. Осман пашалары кемелерді қабылдап алуға барғанда, кеменің берілмейтінін және ақысы да қайтарылмайтынын естіртеді.

Сол уақыттарда екі неміс кемесі ағылшын және француз әскерлерінің әскери кемесінен қашып теңіз жолымен Түркиядан көмек сұрайды. Осман елінің соғыс министрі Энвер паша бері өтуіне рұқсат етеді. Алмания Түркияға соғыс әскерін өздерінен сатып алуды ұсынады. Түркия да немістерден екі соғыс кемесін сатып алады. Осы оқиғадан кейін түріктердің ағылшындарға деген өкпесі, немістерге деген бір жақындағы пайда болады.

Ағылшындарға өкпелеген түріктер екі неміс әскерін бұғаздан бері өткізеді. Бұл хабар Англия, Франция мен Ресейдің құлағына жетіп, әсіресе ағылшындарды қатты ашуландырады. Бұл кемелер үшін, 500.000 алтын түрік лирасы төленгені, кеме атауын «Явуз», «Мидилли» деп ауыстырғанын және ол кемелер енді Осман еліне тиесілі екенін естиді. Мармара арқылы Стамбулға жеткен екі неміс әскері, 16 тамызда Осман мемлекетінің офицер шеніндегі әскери киімін киіп, кемелерін де Осман елінің байрағымен ауыстырады. Бұл жағдайдан соң 45 күннен кейін неміс әскері адмирал Сушон Османлы теңіз әскери флотының капитаны болып сайланады. Император Кайзер Вильгельмнен келген нұсқау бойынша адмирал Сушон, 14 қыркүйек 1914 ж. уақыттан бастап Османлы әскери теңіз флотының Қаратеңізге тәжірибе мақсатында шығып көруіне, түріктержағын барынша күш салып көндіруге тырысып бағады. Балқан соғысынан енді шыққан түріктер бұған келіспейді. 20 қыркүйекте Османлы үкіметі бұл шешімге қарсы шығады. Алайда, сол күні Энвер паша бір күнге тәжірибе мақсатында Қаратеңізге кемелердің шығуына рұқсат береді. Дәл сол күні де Саит Халим паша бұл жағдайға қарсы шығып, кемелер қайта кері шақырылады. Қарсылыққа қарамастан 27 қыркүйек 1914 жылы неміс адмиралы Сушон бастаған 9 кеме Қаратеңіз жаққа шығып орыстардың Севастополь, Одесса, Новороссийск порттарын бомбалайды. 2 қазанда Ресей, 5 қазанда Ұлыбритания Османлы Империясына қарсы соғыс ашады.

Осылайша, Анадолы жерін анталаған дұшпан қоршауға алады. Ал, Түркия болса, олардың ластанған саяси ойынының құрбанына айналып, Бірінші Дүнижүзілік соғысқа ойламаған жерден араласып кетеді.
Жау тарапы Осман империясын ыдыратып, Анадолы жерін өз араларында теңдей бөлісіп алмақшы болады. Дәл ол замандары Осман империясы әлсіреп, басынан бағы тайған уақыт болатын. Батыс елдері түрік елін әбден әлсіреп, дымы құрыған, «ауру» деп санаған еді. Олардың ойынша, елді бөліп алуға уақыттың ең оңтайлы сол сәт болып, бұл істі оңай көреді…

Осы кезде әскери-теңіз министрі, ағылшын флотын басқарған әйгілі Уинстон Черчилль «Осынау зілзалада даудан басы арылмаған, қирап, әлсірген, қалтасы тесік Түркияның күні енді не болар екен?» деп күле қарап, соғыста ойсыра жеңетініне сенімді болған еді. Алайда Дарданел бұғазындағы шайқаста масқара болып жеңіліске ұшырайды. Уинстон Черчиллдің операцияның бастамашысы ретінде отставкаға кетіп, министр портфелінен айырылып қалған кезі де, дәл осы сәт болатын.
Соғыс туралы егжей-тегжей әңгімелеп жатпай-ақ қояйын. Өзім әсерленген кейбір оқиғаларды айтып өтейін тек.
Сүңгі соғысы
«Нағыз ер – қиындықта сыналады» демекші, тұралап, титықтап тұрған түрік әскерлері ерліктің нағыз үлгісін осы Чанаккале шайқасында көрсетеді.
Мұстафа Кемал Ататүрік– түрік армиясы тарихында подполковник шенімен дивизия басқарған бірінші адам. Оның жұлдызының жарқырауы осы сәттен басталған болатын. Оқ-дәрілері таусылып, әбден әлсіреген түрік әскерлеріне сүңгі-пышақтарымен жауға соғысуға, сондай-ақ, Ататүрік өз командирлеріне «Мен сендерге шабуылға шығыңдар деп бұйырмаймын, мен сендерге шайқаста жан тапсырыңдар деп бұйырамын!» деп әмір еткен. Бұл сөзімен, «Біз бәріміз өліп болғанша біраз уақыт өтеді, оған дейін біздің орнымызға басқа әскерлер келіп үлгереді» деп түсіндірген. Бұйрық орындалып, 57-ші полктегі түрік әскерлері қасық қандары қалғанша соғысып, соғыста түгелмен шеһит болады. Оқ-дәрісіз қала тұра түріктердің қарсы шапқанын көрген дұшпан әскері артқа шегінеді. Осылайша, түрік әскері уақыттан ұта тұрғанша артқы жақтан қосымша күш келіп жетеді.

Соғыс барысында Мұстафа Кемал Ататүрік жүрек тұсынан ауыр жарақат алады. Жүрек тұсындағы сағаты төртке қақ айырлып паршаланып сынған екен. Мынау ескерткіш сағаттың төртке паршаланғанын білдіретін домалақ ескерткіш тастар.
Чанаккале соғысы қаһармандарының бірі – Сейіт Али Чабук. Қатардағы жауынгер бұғаз бойындағы артиллерияда расчетта болған. Ауыр артиллериялық снарядтарды көтеретін тетік бұзылып қалып, 240 миллиметрлік, 276 кг ауыр салмақтағы үш снарядты көтеріп тасып, жауға қарсы оқ атып ерлікпен көзге түскен. Бұл сандар ауызбен оңай айтыла салатын сандар емес. Қазіргі заманда арнайы жаттыққан спортшылардың өзі, мұндай салмақты оңайлықпен көтере бермейді.
Стамбул университетінің мыңдаған студенттері өз еріктерімен соғысқа қатысып, оның он мыңы ерлікпен қаза тапқан. Осылайша Түркияның ең алғашқы университеті болған білдей бір оқу орны оқушысыз қаңырап қалады.
Сұм соғыс жас талғамады. Жасы 13-ке жаңа толған, салмағы 45 килоға жетсе болды, ондай өрімдей бозбалаларды майданға аттандыра берген.
ШаҺиндере ауруханасы.
Бұл жер аурухана деп аталғанмен, соғыс кезінде ең комфортты деген аурухана табылған әр бір ағаштың көлеңкесі болған. Соғыс уақытында көлік болмағандықтан, әскерлер өз күштерімен, ат арбаларымен тасыған. Әрбір төрт әскердің үшеуі өмірлерімен жол үстінде қоштасқан. Ағаш көлеңкелері жаралылары әрі күннен, әрі жаңбырдан қорғаған.
Соғыс жағдайында жейтін астарына шыбын-шіркей, құрт-құмырсқа жабысып тыным таптырмаған. Солардың әсерінен көптеген әскерлерге жұқпалы эпидемия жаппай жайылып, сүзек ауруынан қайтыс болған. Осман мемлекетінде «шейіт» сөзінің мағынасы жоғары болғандықтан, соғыс уақытында аурудан қайтыс болған әскерлерге шейіт атауы берілмеген.

Дәрігерлерге берілген әмір мынадай еді; әуелі жедел жәрдем көрсетілетін адамдардың кезегінде ауыр жарақат алғандарды бірінші кезекте емдейтін болса, бұл шайқаста керсінше болады. Бірінші жеңіл жарақат алған әскерлерге алғашқы жәрдем көрсетіліп, әскер санының аздығынан соғыс алаңдарына қайта жіберіп отырған.

Өте ауыр жарақат алған, аяғын кесуге тура келген жаралылар, өз өтініштерімен соғысқа қайта баруға тілек берген. Ауру басатын дәрі-дәрмектер жеткіліксіз болғандықтан, ауырсынуды басу үшін, тістерінің арасына ақ киізді тістетіп жанын шыдаттырып аяқтарын кесуге тура келген.
Сондай шарттары ауыр, қиын-қыстау күндердің бірінде дала ауруханасында жәрдем көрсетіп жүрген дәрігер Салих бей, өз естелігінде мына бір хикаяны баяндап берген екен. «Ешқашан ұмытпаймын, қарны бинтпен оралған өте ауыр жаралы бір әскер әкелінді. Ішек-қарны ақтарылып кеткен.Жүзі қаннан көрінбейді. Жаралыны жаныма тастап кетті.Жаралы әскер дәрігерге қайта-қайта әлсіз ыңырсынған бар даусымен «Әке» деп шақырады.» Басында өлер аузында жатқан әскерлердің ата-аналарын еске алып жатқан даусы шығар деп мән бермейді. Қайта-қайта бірнеше рет «Әке» деп шыққан жаққа бұрылып, қолындағы бинтпен қанды жүзін сүртсе, жаралы әскер, өзінің Стамбул университетіне енді оқуға түскен мектеп жасындағы ұлы болып шығады. Соғысты естісімен өз еріктермен майданға аттанған екен. Сол арада түр-түсі бұзылып кеткен дәрігер: «Бұл менің ұлым, бірақ, ұлым болса да кезегін күтсін! Кезегі келгенінде мен оны қайта қараймын» дейді. Осылайша қан майданда әке мен ұлы осындай жағдайда ұшырасады. Осылайша аурухананың жеке бөлмесі деп есептелген басқа бір ағаштың түбіне орналастырады. Кейін ұлының кезегі келіп, жатқан жеріне барса, ол жаралыны ұлыны көре алмайды.
Маңайындағылардан сұрастырса, ұлының шейіт болып кеткенін естиді…

Белгісіз әскер

Менің тұла бойымды тітіреткен оқиғаның бірі мына бір хикая. Соғыс кезінде Жаңа Зеландиялық бір әскер соғыстан қашып бара жатып, шейіт болған бір түрік әскерінің басын кесіп алып, сөмкесіне салып еліне алып кетеді. Мумиялап, сандық түбінде 90 жыл бойы сақтайды.Достарына, жақындарына бұл «ерлігін» мақтаныш етіп көрсетіп жүрген. Ойлап қараңызшы, сұм соғыстың адамдарды не хәлге түсіргенін?! Ол адам дүние салғаннан кейін, үй ішіндегі өлі бас сүйек әсерінен немерелерінің әбден мазалары, тынышы кете бастайды. Австралия үкіметіне хабар беріп, Автралия үкіметі Түркия үкіметіне хабарлайды. Шейіт болған бас сүйектің көз үсті мен басының артқы жағында бірнеше қорғасын оқ өткен тесіктер табылған. 18 Mart 2003 жылында Түркия әкеліп ресми рәсіммен шехиттерге арналған бақшағы қайта арулап жерленеді. Ең соңғы болып топырағына қауышқан шейіт.

Жалғасы бар…
Чанакале,
1915-2015 жж.
Бөлісу:

1 пікір

MERmukhanov
біреу де жетеді ғо))