ҚАҚПАН

Әңгіме

… Ақтөс «әуп» етті…
***

— Қап, әкеңңң… Қорлығы өтті-ау мынаның!
Шопан үнемі артын айналып, отардан бөлініп жайылғыш көк саулықты шықпыртып сабап әкеп ортаға тығып жатып Ақтөсті ойлады.
«Осы әкеңнің Ақтөс болса өстіп қанымды ішер ме еді...»
… Саудагердің сыпайы ұлы Түрікпен асып жүрген сапарларының бірінде әкеп берген. Көзін енді ашқан ақ күшіктің ересен үлкендігіне ғана таңданған. Сыпайы ұлға «итті сыйламайды, сатып аламын» деп, болмастан, қаңтарда арамза туған марқаның бірін салып жіберді.
Әппақ күшік. Оң құлағының түбі ғана қара. Атына бас қатырып жатпады, «Ақтөс» дей салды. Айдалада қоңсы отырған екі үйдің бірінің иесі Шопан болғанда, бірі Көрші. Үндемейтін, кісінің бетіне қарсы келмейтін Көрші «Қарақұлақ дей салса да болады екен» деді. Шопан тіс жармады. Ат туралы талқы осымен тәмәм болды.
«Отағасы, мынау Ақтөсің тым мешкей бәле ме деймін, итаяғына неше рет ас құйсаң да лезде жоқ қылады...» Қатыны ғой. Қатынға не дейсің, ит болған соң ішеді де. Ішеді де, түрікпен төбеті екен.
… Шопан жортыңқырап отардың шашырап кеткен қарсы шетіне беттеді. «Ақтөс-ай...»
… Арада екі ай өткенде Ақтөс Көршінің Қойтөбетімен бірдей болды. Екі үй де таңғалысты. Тамақты да бұрынғыдай сылпылдатып соға беруді доғарды. Кешкілік асылған еттен ғана жейді, жейді де қора сыртындағы үрпек шағылдардың биігіне жайғасады. Түн баласы үйге жуымайды, далада. Күзетте. Құдды оқытылғандай, еріксіз таңғалдырардай. Шопан, әсіресе, мәз болды. «Көрші, неше ит асырадым, мынадай ғажап төбет көрмедім, әлгі ұл келмей кетті, тағы бір еркек қой бермесем бе, мынауы ғажап қой расында...» Шопанның ара-тұра бөсіп кетері бар өстіп…
Алдыңғы аяғы балғадай сом, жуан, артқы аяқтары сіңірлі сидаң. Мойыны жуан, Шопанның қыс күпісінің жеңіне жедеғабыл қазірдің өзінде. Дыбыссыз. Ара-тұр бір «әуп» етері бар, онысы Көршінің қойтөбетінің «гүр» еткеніндей қаһарлы. Далаға құмар. Шопанның атына үйірсек.
Күз басталып, бозқырау түсе Шопан қыстауға көшетін болды. Ақтөстің Шопанның қолына келгеніне жарты жылдан асты. Күшік деудің өзі ұят. Шопанның жирен қасқасы аса тапал тұрықты жылқының қатарына жатпайды, бірақ, қасына Ақтөс барса шөгіп кеткендей әсер қалдырады. Шопаннан қалмайтын боп алған. Отардың келесі шетін ауқамдап жүруді де айтқызбай меңгерді. Әсіресе, ауа жайылғыш көк саулыққа қатал-ақ. Басында көк саулық иттен үркектеп тез-ақ қайтатын. Кейін еті үйренді, қорқынышы басылды.
Бірде қызық болсын… Көк саулық күндегі әдетімен Ақтөстің қайыруына жүре қоймай, мимырт жүріспен сырт айнала берген. Кенет анадай айлапат денені қалай игергенін кім білген, сырт айнала берген саулыққа шалт бұрылып иықпен қағып жіберді. Қапелімде не болғанын ұқпай қалған саулық екі домалап барып түрегелді. Тұрды да, жандәрмен отарға ұмтылды. Оқыс шабыстан үріккен отардың о шеті бір уыс болды… Шопан күлсін. Ал, күлсін даланы жаңғыртып… Ақтөс состиып тұрды да, шоқиып отыра кетті. Екі көзі ат үстінде жынды адамдай селкілдеп отырған иесінде. Дала үнсіз…
… Шопан жел көтерілгенін аңдады. Күн еңкейіп, тамыздың соңғы жағында болатын әлсіз ызғар есіле бастапты. «Күз хабары ма… Келесі апта қыстау жаққа барып, жөндер тұсы болса қарап қайтатын екен.» Отар тыныш. Бытырап, жайбарақат жатыр. Қозғау күнә секілді… «Мейлі, жатсын, жайылсын, енді бір жарты сағат...»
… Дүбірден оянды. Үй суып кеткен. Қатынды түрткен, ыңырсып әрі аунап түсті… Төңкеріліп-ақ жатыр ғой қасқаң… Көңіліне желік кіріп, іші бүлк ете түскен. Сырттан тағы дүбір естілді. «Қой, тұрайын, не дүсір таң атпай...»
Таңғалды. Күнде шығынып кеткен өрісінен жаяулап барып алып қайтатын аты кеп тұр. Жо-жоқ, өзі келмеген сыңайлы. Ақтөс әкелген. Қуып әкелген. Иә… «Мынау бір өзі Құдайдың бере салғаны ғой...»
Иә, дәл солай. Ақтөс екен, жирен қасқаны таң бозара үй тұсына әкеп қойған. Үш аяғы бірдей бекітулі ат бүйірін соғып қапты. «Һэ, со керек өзіне… Енді шалыс өре сала салуға болар ма екен. Ақтөс күнде айдап әкеп тұрар болса. Әй, айналайын, мынау бір қолғанат болды-ау...»
Қыстың қанша бораны соқса да, үйге, ықтасынға кеп жатуды білмеді. Тас қораның сыртында, қыстауды қоршаған таз төбелердің басынан қарауыл салып, айналып жүргені. Шопанның Сартөбесі аса бір итқұсы көп қыстаулар қатарында емес. Елдің шетінде, желдің өтінде тұрса да, қыс бойы бір рет мылтық атып көрген емес. Әлде, қасқыр да қас қылмайды… көршісіне?! Әлде, Ақтөстің өзгеше бір иісі бар ма… Шопан өміріне ырза еді. Апайтөс Ақтөстің барына дән ырза еді, Саудагердің ұлын да жиі еске алар-ды…
… «Қайыра бастау керек, ай қараңғы, жүрмей қалар...» Шопан тебінді. Жирен қасқа қозғала қоймады, Шопан кіжініп қамшы үйіргенде ғана керенау аяқ басты. Тамыздың соңы. Шөп піскенімен өріс әжептәуір ұзарған. Күн де ұясынан шідер бойы ғана биікте тұр. Шопан отарды ауылға қарай қайырды…
… Көк шыға Шопан көшуге қамданды. Отарды Жайлауға бағыттап, Ақтөске тапсырды. Үйді, жүкті көлікке тиеп, әбден жолға салып жіберіп, өзі сосын шыққан. Ақтөс отарды Бүгілдің жалына жеткізіпті де, әрі жібермей кейін қайырып тұр екен. Күндегі өрісіне жеткен соң отар да тегіс жусауға көшкен. «Адамнан да зият ит» деп ойлады Шопан. Келді де қойды өргізіп, қозғай бастады. Ақтөс иесін ұқпай қалды, білем. Әуелі өрістен ұзап бара жатқанына мазасызданды, кейін иесінің ыңғайына көніп, отардың арғы жағына көшті.
Бір қонып жайлауға жетті. Былтырғы жұрттан сәл шалқайыңқырап, құбылаға қарай қонды. Көршінің ауылы сәл алыс тартыпты. Кешкілік ерулікке шақырды Көрші. Әуелден әңгімеге жоқ Көрші, алғашында қыстайғы сағыныш ілтипатын білдіріп отырды да кейін бірыңғай тыңдауға көшті. Шопанның әңгімесі, әсіресе, Ақтөске келгенде қызды. Дауысын көтеріп, онсыз да тәуір итті Жер, Көкке сыйғызбай мақтады. «Әлгі Сәудегердің ұлына бар-ау, осыдан келерсің, тай бермесем бе...»
Келесі күні Көршісін бұл шақырды. Әдемі отырыс болды. Әрине, сөйлеуші өзі, Көршісі бас шұлғиды, ара тұра «апырай, ә» деп таңдайын тық еткізеді… Дәудірлесіп отырып, Үркерді жамбастатып барып тарасқан… Ақтөс әріде жүрсе керек, «әуп» еткені түнгі тұнық тыныштықтың өзінде талып, қамырығып естіледі. «Өзі сондай сақ, жатпайды» деп Шопанның ауы айырылады… Көрші ақсияды.
… «Мынау қыратта Ақтөстің жатағы болуы керек, ауылға шақырымдай жер қалды-ау.» Үзетін ештеңе қалмағаны ма, әлде ауылға жетпей тыныштық жоқ дей ме, отар үнсіз жөңкіп келеді. Үнсіздік Шопанда ойға тартады…
… Жаз тыныш өтті.
Тыныш өтпеді.
Көршінің есірік Ұлы «Ақтөстен тұқым алып қалам» деп Ақшымыраудан Қаншық әкепті…
… Шопан күрсінді… «Қатынның аты қатын емес пе… Әй, Ақтөс, Ақтөс...»
… Ұли ма, қыңсылай ма, бір жағымсыз мауыққан үн. Ай жарығымен кешкі асты алдына енді ғана алған Шопан таңғалды. Көршінің Қойтөбеті ме жамандық шақырып…
— Көршінің мектептегі баласы кеп кеткен түсте, Ақтөстен тұқым аламыз дей ме, бір қаншық ерте кепті. Дәу де болса сол шығар-, деді қатыны.
— Еее, Ақтөс бара қойса соған… Тұқым алғышын көресің бе оның…
Кенет Ақтөс «әуп» етті…
Тағы да…
Сосын «Әупілдеген» дауысы ұзай берген… Бағыты сол Қаншық.
Шопанның тәбеті сұйылды…
… Аты ұзап кетіпті. Тұңғыш рет таңғалды. Жирен қасқаны қуалап ап келетін Ақтөс жоқ. Шопан айран асыр.
— Қатын, а, ғатын?!
— О, не қасқа?
— Қатын, Ақтөс қайда?
— Қасссқа, менен сұраған нес… Жүр-дағы…
— Жүрген жоқ. Түнде үрген де жоқ. Атты да әкелмепті. Әкеңңң, бұндайы жоқ ед, қайда қаңғырып жүр екен. Ақтөөс, ай, Ақтөс?! Жер жұтты ма, әкеңңң…
Қазықтың қасында жатқан ер тоқымын жүгенмен буып, арқасына атты да көз ұшында көрінген жирен қасқаға жаяу тартты. «Бізің қатын отарды шығара салса жақсы. Сонда дим-ау, Ақтөс қайда жүр, қойға кететін уақыт болды...»
Таңғы шәйдің үстінде қатыны Ақтөстің кеше кешкі тамағын да ішпегенін айтты. Кенет… Шопанның қолынан кесесі түсіп кетті. «Қаншық! Көршінің ұлы қаншық әкелді емес пе кеше… Ақтөс қалайша?! Бір түнде...»
Жирен қасқаға мінді де шапты. Көршінің ауылы алыс емес еді, Жирен қасқа лезде-ақ жеткізді. Оқыс дүсірден Көршінің үйі сыртқа ақтарылды. «Шопан аға, құдайшылық па?!» Көршінің сауалы ауаға ілініп қалды. Күн көтерілмесе де бүйірін соғып, тас астаудың сыз тебініне бауырын төсеп солықтап жатқан тарғыл Қаншықтың артын жалап Ақтөс жүр… Мұнымен ісі болса-шы…
Қаны басына шапты. «Әй, Ақтөс!» деп ақырды. Ақтөс керенау бұрылды. Мұны көрді де оқыс жадырады. «Ақтөс дим, кеттік, қойға кеттік, неғып жүрсің...» Ақтөс Жирен қасқаның соңынан салды. Отарға келді де, жел жағынан айналып, бір тақия төбенің басына жайғасқан, сүйретіліп иті де жетті.
О, тоба… Көздері жалынышқа, кінәға, ұятқа толы екен иттің… Шопан бәріне өзі кінәлі адамдай жанарын тайдырып әкетті. Ақтөс етігін жалады… Үйден түскі асқа ала шыққан бітеу қазыны, бір білем түйенің өркеш майын алдына тастады. Ашыққан екен, қағып салды. Көзі жанып, тағы бар ма дегендей басын қиқайтып шоқиып отырды. Үнсіз татуласты. Екеуі де бақытты еді…
… Алдынан жалпылдап жанған от көрінді. «Ауылға келіп қалдық, отарды кідіртейін, қораны шылпылдатып тастайды» Жиренін тебініп, отардың алдына озды. Жөңкіген қара нор еріксіз аял жасаған…
… Ақтөс келесі күні де жоғалды. Шопан қатты ренжіді. «Ит екенсің, әкеңңң...» Атына жаяу барды да, таңғы ас қарамастан қойын әрі қарай өрістетіп кете барды… Ақтөс еруге жарағалы тұңғыш рет итсіз шыққаны… Көңілі қоңылтақсып, жылағысы келді ме, құдай-ау… Күн де тапжылмай тұрып алды… «Әй, Ақтөс-ай, сонша жылдық достығымызды бір қаншыққа сатып кеткенің бе...» Күліп жіберді, есі ауыса бастағаны ма, құдды адамша кінәласып отырғаны несі… Бірақ өзіне аса сөкет көрінбеді. Енді содан басқа кімі бар еді осы жапан түзде. Ал, ол болса ұйығып, әкең… Шопан аяғындағы керзі етіктің қонышын қамшымен салып қалды. Сарт! Жирен қасқа оттауын қойып, басын көтерді…
… Қойды қоралап болып, атын өріске жіберді. Таңнан бері нәр сызбағаны енді еске түсті. Іші бұратылып, өлесі шаршапты… «Ақтөс, әй, Ақтөс...» Үн жоқ… Қатыны үнсіз тамағын ұсынды. Оның не кінәсі бар… Қаншық та кінәлі…
… Ұли ма, қыңсылай ма, еркелей ме, бір түсініксіз мауыққан үн. «Әкеңңң, Ақтөстің басын айналдырып...» Шопан тісін шықырлатып аунап түсті. Аспанның шығыс жақ балағы ағайраңданып қапты. «Ұйқы қайда?!»
… Келесі күні де атына жаяу барды. Әбден көңілі қалған Шопан тағы да бір күнді жалғыз өткерген. Кешке отарды қайырып келе жатып, «ертең Ақтөсті ертіп шығам, әкесінің, Көршінің қаншығының осы тайраңы жетер, атып тастаймын, әкеңңң...» деп ойлады.
Тісі шықыр шықыр етті.
… Аты кеп тұр.
«Айнааалайын»
Жүрегі атқақтап кетті, жан-жағына алақ-жұлақ қарап «Ақтөс, Ақтөс» деді… Таңғы саумал ауа дауысын ала қашты. Ақтөс жоқ. Апыл-ғұпыл атын ерттеді… Бағыт Көршінің ауылы. Жеткізіп болса-шы… «Әкеңң, ауып қонған ба түнде...»
Көршісі бәйек. Не боп кеткен-ей мынаған. Атынан сүйеп түсіре ме? Мынауың ауырып қалған шығар…
«Қасқыр-пасқыр байқала ма деп қақпан құрып ек… Ақтөс соған түсіп қапты.»
Не дейт, мына әкең ауызы?!
Құлағы шулап кетті ме… Көршісі кінәлідей ыржияды… Дастарханды жиыра есікке атылды. Көршісі де соңынан ұмтылған.
Жиренді басқа, көзге төпеп шағыл құмның арымына қарай шапты. Ат бауырын жаза алмады, сусыма құм шашасынан алып, барлықтырып тастады. Сортаң басталды… Бұйырғыны шаштай ұйысқан нағыз соқпақты қатаңдық.
Жерді түгінен-ақ жазбай танитын Шопан еді ғой. Тап үстінен түсті… Жатыр екен. Жарықтық-ай… Созылып жатыр. Алдыңғы екі аяқтың жіңішкелеу бақандай жіліншіктерін жігіттің жігіті қайқайта басқанда әрең жазылатын қасқыр қақпан опырып жіберіпті…
Қан кеткен.
Қасасы ақтарылып жатыр… Көз де ашық. Шыбын үймелеп тастапты. Саси бастаған. Жиренді қоя беріп ұмтылды. Мойынынан құшақтай алған, жүні жиди бастапты…
Әлден уақытта Көрші жетті… Көзіне қарай алмады…
«Әкеңңң… Сол қасқырдан аяған ақсақ тоқсақ тоқты торымың ба еді, менен-ақ ал, менен-ақ ал! Ақтөсте нең бар еді...»
Шопанның жаны шыңғырып жіберді.
Ақтөстің басын тастай беріп, атына беттеді. Тәлтіректеп, аяғын мас адамша әрпіл-тәрпіл басады. Жирен де қашпайды. Мінді де бағытсыз, бағдарсыз жөней берді…
Көршісіне де қайырылмады…
«О заман да бұ заман Итім өлді деп жылаған қай Атаңды естіп, көріп ең...»
… Отарды қамап, қораның есігін байлап жатып, Ақтөсін ойлады…
«Әкеңңң, қандай ит еді, ә… Сәудегердің сыпайы ұлы қашан келер екен… Бірақ, тап Ақтөстей ит енді табыла қояр ма екен… Қап! Қааап, бір Қаншықтың қырсығы-ай, ай, Ақтөс-ай...»

***
Ақтөс «әуп» етпеді…
АА
Астана қаласы
03.05.2015
Бөлісу:

5 пікір

aza
Ал, сынаңдар, біліштерім!
merekeee
Ұзақ, оқи алмадым. Былай-ақ сынай берсем бола ма? )
Baldaurenka
Бұрын оқыған бір әңгімеге ұқсаттым. Бірақ ол әңгіменің соңы сәл басқаша бітетін…