Кіржиген көзқарас: Жайдарман, үшінші 1/8 финалдық ойын

Өнер-білім бар жұрттар: Кіржиген көзқарас: Жайдарман, үшінші 1/8 финалдық ойын
Әлгіндегі ойыннан кейін 10 шақты күн өткен болатын. Кезекті ойынды көруге бардым.
Ойында кіржиген көзқарасымның фокусына 4 команда ілінді. Немене??? Неге 5 емес?
Жоқ, команданың ниеті ұрып тұрса да, өмірде түрлі жағдай болады: қаржылық, ұйымдастырушылық, бюрократиялық, адами фактор мәселелері ойынға аттануға кедергі болуы мүмкін. Оның үстіне, әскери оқу орнындағы команда болса. Бірақ, оны түсіністігі бар мейірбан адамдар ойласын, ал менің бас қатырғым келмейді.
Жоғары лигада ойнау үшін қаншама команда арттарын жыртып, тырмысып, уақытын кетіріп, даңғыл жол жүреді. Ал өте салып, келмей қалу…
Премьерканың кей командалары қазірдің өзінде олардың орнына маусымда ойнауға лайық еді. Бірақ олардың аттарын атамаймын, менің жазбама ілігуге әлі ерте оларға. Жарайды, енді ойын жайлы.


Шырт-шырт шапалақ, ойын алды қыздыру процесі орын алды. Сахнадан Елеукен мырза да көрініп, кіріспе сөздерін айтып салды.
«Кіржиген көзқарасты жаулаған Жайдарман ашық!» деді. :)
«Шу-Чу» жоғары лигадағы бірінші ойынында бірінші болып шықты. Бірден шыға салып, «Ақбақайдан» қайырған әнші жігіттің бұл әдісінен ешқандай практикалық пайда жоқ. Тек: міне, осындай әншіміз бар, біле жүріңіздер дегеннен басқа. Жаңа команда таныстығының бір ұшқыны. "Қазақстан дауысымен" тақырыпқа сай байланыстырылды, бірақ жәй әншейін нәрсе бұның бәрі.
«Ауылымының түтіні-ай» деген әуенді барлығы түсініп отырған жоқ, әйтпесе бұл да бір мырс еткізерлік дүние. «Сен бүгін ұшасың, кетесің» дегені де сияқты.
Бірден айтайын, команданың ұстанатын концепті маған ұнамайды. Арзан, оңай, жеңіл жол. Егер сізге ұнайтын болса… Онда білмеймін. Бірақ, егер мен шулық жас болсам, жайдарман ойнап, теледидарға тап болу мүмкіндігім пайда болса, онда мұны мен де пайдаланар едім. Жоқ, басқа да соқпақтар бар: 1) мүлдем бұл бағытты қолданбай қалжыңдау; 2)арасында сынай отырып, тіпті «Біз мұны жоққа шығаратын командамыз» деген сияқты (Осыған орай, есіме түсіп отыр: «Астана кз», яки «Казахи» командаларының 2000 жылдардың онжылдық басы мен соңындағы қос концепті мүлдем басқа болатын. Біріншісінде — "Қазақстан — мидай қу дала", кейін — «Айырып тұрған мемлекет» өкіліміз стилі арқылы ойнай бастаған).
Бірақ команданы сынаушылар легі осыған сүйенгенмен, олар сол аймақта туғанына кінәлі емес. Осындай әзіл жолын таңдағаны оңай болғанымен, әбден қисынды, логикаға сай. Қысқасы, маған ұнамайды, қолдамаймын, бірақ түсінемін.
Оның үстіне, команданың өзі тек бұл байланысқа шырмалып қалмай, жалпылама әзілдеуге де бет бұрып жүр. "Құдайы тамақ" — күлкілі. «Адал МАИ» — идеясы дұрыс, қызық, алайда ақталмайтын қойылым. Осы ойды басқаша беру керек еді. Мысалы: МАИ зуылдаған емес, өзіне сенімсіз, мүсәпір, «Түсінш, бырат, түсінш» деген аянышты біреу. Оны ойнай білетін актер қайда?.. Немесе, керісінше: Адал — кәдімгі аппақ адал, ал жүргізуші — тықпыштап қоймайтын, сужұқпас бәле.
«Аға мен жеңге» — жай-жай. Монша ситуациясы — жақсы. :)
«Гүл деген әдемі...», «Шуға келіңіздер» — команда көрермен санасымен ойнайды. Өздері басында үйретіп алып, кейін осыған «ойлап қалғаны үшін» залдың өзін айыпты қылып шығаруға бейім.
Жалпы, бірінші ойындарыңмен!

«Тек қана қыздар», Алматы. "Ұлдар емес" заманынан оңған қыздар командасы болмаған бұл заманда («Еркетай», пардон-муа) соңғы жылдар «Тек қана қыздармен» өтуде. (Ох, тура бір мачоның сөзіне ұқсап кетті).
Обалы нешік, бастапқы диалогтары күлкі шақырады, Мерекенің актерлік қабілеті де рең берді.
"Өзі екі тағы онша емес әзіл болса, таусылайын деп тұрмыз ғо..." — шындық осыншама қалжыңды блар ма! Өздерін өзі мысқылдау, кекету — жақсы жол. Шын айтам, тағы да қолданыңыздар. :)
Қойылымдары — тым лайт, бірақ бір жағынан көрерменнің бір бөлігіне үнемі өтетін әзіл. Мысалы, батыстың сөйлеу стилі, солтүстіктің орысша сөйлейтіні — қырық мәрте ойналып, сексен мәрте талқыланған тақырып. Уф… Әлі актуалды болып, ойнап тұрсаңдар — жарайды енді… :( Қыздарға сай бейімдеп алғандары (және томпақ еркекке сай) — бұнысы дұрыс енді.
Кодасы — бла-бла-бла.

Тек қана қыздар командасының құрамына келген жігіт жайлы. Бұл тақтадағы атпен жүріске (ұлумен жүріске?) қатысты қалыптасқан ойым жоқ. Бұрынғыдан нашар болмайтыны анық (бұрынғыдан нашар нәрсе аз өзі), оның үстіне, қыздар командасында бір еркектің өз рөлін сомдап, қутыңдап жүруі — бұрыннан бар әдіс. Қызық қақтығыстар шығаруға болады. Жалпы, маған әлі түсініксіз бұл жаңашылдық. Дегенмен, өтіп кеткендеріңе қарағанда, алда қызық көрсетуге тағы бір мүмкіндік бар деген сөз.

«Сағыз», Атырау облысы. Жылан — тым жеңіл әзіл, әншейін жынды қылумен жасалған. :)
Сосын жюриге ұмтылған Пішөн жымитты. Ойыма бірден осы фишканы тағы пайдалану мүмкіндіктері келді: ойын бойы түнеріп жюриге қарап тұрған Пішөн, Залға түсіп аларып, КІРЖИІП бір жюриге қарап тұрған Пішөн, басқа сайыстың белортасында әзілдік байланыспен тағы бір жюриге ұмтылған претензиясы бар Пішөн — өстіп кете береді.
Әнші қыз — командаға көмектесе алады, жарайды делік. Асаба — ол да күлкілі.
«Астрахан оқиғасы» — Сағыз үйретіп қойған ырғақ үшін әзіл тығыздығы жоғары емес әңгіме. Астары үшін — семіз плюс. Қайдағы астар бірақ, тура былш еткізген эпилогы үшін.
Айтпақшы, түбі жюриге түсті ғой Пішөн: жалпы киіммен қоштасу дұрыс орындалды. Әнуарды да сәтті қағытты. Ал жалпы киім ауыстыру шешімінің өзіне бірыңғай оң қарай алмаймын. Бұрынғы стиль — әлдеқайда кеңірек маневр жасауға мүмкіндік беруші еді.

Аягөз құрамасының бастапқы дыбыстық сипаттамалары — күлкілі емес онша. Оның қасында, әні жақсы :)
Ал ары қарай — бәрі бір демде, бәрі жақсы! Болды.

Өнер-білім бар жұрттар: Кіржиген көзқарас: Жайдарман, үшінші 1/8 финалдық ойын

Ширатуда Аягөз — орташа, қалғандары одан да төмен. :) Шу өз стилінде бірнеше сәттіге жуық тырыспақтары болды.
Аягөз — негізі осы ойын үшін ғана жақсы, басқа 1/8 ойындарында қалай-қалай болар еді?.. Сағыз — ширата алмады.
Қайта Қайым айтыста Сағыз сәттілеу ойнады. Анабір фишкасы да бар — шапалақ ұру. Қалғандары — бір деңгейде. Жаман емес.
Осы сайыста Шу-Чу неге ең көп ұпай алғанына таңым бар. 6???
Командаларға қойылған сұрақтар ішінде жалпылама сауал да көп болады. Саясат, интернет, қоғам, жұлдыздар — осыншама тақырыптарды байланыстырып, тур не аналогиялық қаншама әзіл айтуға болады. Кішкене өткірлеу болу керек!
— Сіздің ауылда қандай адам сыйлы адам?
а) Бізде сол орақ-шалғы жасап беретін ұста адам сыйлы.
ә) Бізде кез-келген ауылда Назарбаев сыйлы, бұл Қазақстан, балақай! :)
б) Білмейм, әйелдер Шив дейді ғо.
г) Гастрольдеп келсе — Қайрат Нұртас, жалпы — 81-лердегі қара Баха.
«Жауап берші қойылмаған сұраққа» — осы сыңайлы, Кең ауқымды сұрақ.

Жалпы, бұл сайысты сараптағым келмейді. Ең күрделі, суырып салма сайыс.

Тек қана қыздар. Хан ордасы, бәйбіше-тоқал — сұранып тұрған ситуация. Бірақ, бәрібір біртүрлі қараймын ылғи. Диалогтарындағы әзіл тығыздығы жақсы, тек, неге екенін білмеймін, қыздар ойнағанда осыншама реңк бермейтіндей көрінеді. Ал бір-екі "Үйте алам, бүйте алам, сосын жақсы өтірік айта алам" деген сияқты әзіл — тізесі тоза бастаған әзіл. Жалпы, жаман емес, шыны.

«Шу-Чу». «Жау шапты» — қазіргі заманның кей тұстарымен байланысқан (жол нашар, майтабан, жеңілдіктер) батырлар әңгімесі. Бұнысы — жақсы, ал жалпы — орташа.

Аягөз — осы ойынның көркі. СТЭМ идеясы да, орындалуы да тамаша. Креатив! "Ұрған сайын семіре ме?" — ойынның апогейі.

Сағыз — Асаба шығып, Аягөзге шапалақ сұрағаны ұнады. :) Тың жүріс. Оның үстіне, шынымен, сәтті өнер көрсетті ғой шығыстықтар.
Сағыздың өз қойылымы — балалығымыздың бөлшегі. Күлкілі, ностальгия. жарық өшуі, видик, электр желісі мен телефонның байланыссыздығы, телефон қызығын ауылдың көруі — мейлінше таныс жайттар… Күшті!
Тек «андай кино» тақырыбы — бір қойылымының ғана тақырыбы, ары қарай эскплуатациялайтын тақырып емес екенін қаперде ұстау керек.

Аягөзге осы ойында, өкінішке орай, претензиям жоқ.
Сағыз — ширатуда әлсіз, жалпы деңгейі бұрынғыдай. Баланы ретімен ғана пайдаланғаны ұнайды. Әйтпесе, әділетсіз болар еді.
Шу-Чу — ұнаған жоқ. Концептіне қатысты радикалды ештеңе айтпаймын, сол бағыттың өз ішінде де қыздармен бір деңгейде болып көрінді.
Ал бұл ойынды қыздар жақсы ойнады. Өздері үшін жақсы ойнады. Бірақ «Тек қана қыздар» тек қана қыздар болғасын өтуі жалғасуда. Әйткенмен, қосымша жолдама иегерлері ішіндегі үш командадан — қай команда Оралдың обалына қалғаны, әлде ешкім қалмағаны (дәлірек айтсақ, жюридің) жайлы пікірді келесі шолуға қалдырдым.

Жалпы ойын деңгейі биіктеген жоқ. Жағымды тұстарды көруге құмарлығым жоқ маған жаққан жер аз болған жоқ. ХА-ХА-ХА! Жоқ, өткен ойында командаларға бекер тіискен екенмін. Бірақ әр ойын сайын градациялық-сапалық өсу жайлы да талып қоюым жөн емес екен. Себебі, бұл ойындар бірі бұрын, бірі кейін жүргенімен, сайыстық іріктеуден кейінгі емес, бір межедегі, бір деңгейдегі ойындар. Сондықтан, бірі сәтті, екіншісі бәсеңдеу шығуы мүмкін.
Ох, иә. Көпен Әмірбек жайлы: бұл кісінің жюриге шақырылуын оң бағалаймын. Ол кісі айтқандай, Аягөздің бір қысқа қағытпасындағы әзіл — негізінен, жол нашарлығы жайлы емес, сол Аягөздің өзі, оның алыстығы жайлы болатын. Бірақ қосымша өзектілік тапқаны үшін, қазақ сатирасына сіңірген еңбегі, және ең позитивті ойынсоңы пікірі үшін. Жалпы, позитивті шал өзі.

Жарайды, келесі шолуға дейін аман болыңыздар. Сол менің шолуымды оқу үшін ғана.



Суреттер де, видео да солардікі екенін айтып қояйын. Сотқа беріп жүрер тағы.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше