Әмеңгерлік

«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дегенді біз бүгін шығарған жоқпыз. Керегін алып, керегі жоғын өмір сүру салтымызға орай тарих қойнауына қалдырып кете береміз. Дегенмен, кейінгі жылдары ұмытыла бастаған дәстүрлеріміздің біразының қайта жанданғаны рас. Оның барлығына шолу жасау бір жазба аясында мүмкін емес шығар. Сондықтан да мен «Әмеңгерлік» жайлы айтсам ба деп отырмын.
Бұл дәстүр жаугершілік замандарда қазақтар арасында кеңінен жайылған. Жесір қалған әйелді сол әулеттің бір еркек кіндігі алып отырған. Жас айырмашылығы қатты алшақ болмаса марқұмның інісі алған, болмаса «Бауырымның балаларын басқаға жәутеңдетпеймін» деп қайнағасы қатын үстіне алған кездер де болған. Үйреншікті жайт еді бұның бәрі. Келіндерін қыздарындай ұзатқан оқиғалар да болған.Бұндай кездерде балалар өз әулетінде қалып отырған.
Қазір осы дәстүр бар ма? Ел арасында бірен-саран уақиғалар кездесіп жатады. Бірақ, жиі ұшырасамыз дей алмаймын. Бізге керегін немесе керек еместігін әр кім өзі текшелеп алсын. Мен, «Әмеңгерлік» салтына жанама түрде қалай куә болғанымды баяндап берейін.
Енді-енді отбасылы бола бастаған кезіміз. Бір құрдасымыз қайтыс болды. Соңында бір ғана ұл баласы қалды. «Досымыздың қара тасын біз жасап берелік» деп ниет білдірдік. Сонда біздің қолымызға «Пәленше Түгеншеұлы Пәленбай немересі» деген қағаз тиді. Бұл біз үшін сәл түсініксіздеу болып қалды. Құрдасымыздың әкесінің әкесі тірі. Яғни, біздің сыныптасымыздың атасын танимыз. Қара тасқа басқа біреудің атын жазбақшымыз. Сөйтсек, ол атамыз жас кезінде қайтыс болып кеткен ағасының келіншегін бір баламен алған екен. Яғни, жеңгесіне үйленген. Оншақты бала сүйген. Біздің құрдасымыз, марқұм ағасының немересі болып шықты. Марқұмның қырқынан кейін әмеңгерлік жайлы әңгіме қайта көтерілді. Құрдасымыздың бізден екі жастай кіші бойдақ інісі бартын. Сол жігіт «Ағамның баласын жетім етпеймін. Әмеңгерлік біздің әулетке жазылып қойған үкім шығар. Мен соның соңғысы болайын» деп үлкендерге жүгінеді. Дегенмен, адамның айтқаны емес Алланың дегені болады емес пе? Құдалардың келіспеуі деген секілді жанама факторлар әсер етіп, ол жігіт жеңгесіне үйленбей қалды.
Қазір, оның өз отбасысы бар. Жеңгесі де біреудің етегінен ұстап кете барды. Өкініштісі, бала шешесімен кетті. Бұл әрине, бір тараптың ғана өкініші болар. Дегенмен, туғандары әлгі баланы жиі көре алмайды. Құрдасымыздың баласын біз де бір иіскеп қайта алмаймыз. «Ат тұяғын тай басар» деп ол бала ержеткен соң бір қызығында көзімізге жас алып сөйлеп те қалармыз Алла қаласа, бірақ…
Бөлісу:

5 пікір

qonyrbai
Мұқановтың "Әмеңгерлік азабы" әңгімесін оқып көрдіңіз бе?
Kuathan
Құдай басқа салмасын, бірақ бақилыққа аттанып кеткен ағаңның ақ төсегіне қалай жатасың деген ой келеді.
merekeee
Қазіргі заманда бірен-саран болса да бары рас. Менің сыныптасым марқұм әкесінің інісін ұзақ күйзелісте жүріп барып «Папа» деп кеткен екен…
"Қазақтың бір жаманы -үйленіп жеңгесіне, Бір жақсысы — жетімін жылатпаған" © Қ. Мырзалиев
Basic
негізі баланың қаңғымай өз шаңырағында қалғаны дұрыс деп ойлаймын. Меніңше қазақ салттарының ішіндегі ең дұрысы осы әмеңгерлік.
bake
тағдырда не жазылса содан қашып құтылмайсың. Жас ұлғайған сайын соған көз жеткізіп келемін.