Түкке тұрғысыз тоғыз талас (жалғасы)
«Тақырып тоғыз деп тұр, бірақ бесеуін ғана жазып қойыпсыз, қалғаны қайда? Блиин, күшті жазыпсыз, тағы оқығым келеді» деген оқырмандарымның сұрауы бойынша қалғанын жазып отырмын… деееп қыртсам)) Құрысын, ешкім сұраған жоқ, аса қатты мақтаған да жоқ, ақыры бастап қойғасын, аяқтау міндет болар деп кірісуге тура келді)
Әлиқисса, қазақ әлеуметтік желілерінің белсенді талқылайтын тізесі шыққан таластың бірі —
Қазақстанның жауы Ресей ме, Батыс па?
Менің тізімім бойынша төртінші орынға табан тіреген бұл тақырып соңғы кезде үдеп-ақ тұр. Әсіресе Украинадағы дағдарыста ушығып кетті. Оған кешегі Франциядағы террор мен исламға қарсылықты қосыңыз. Ия, онсыз да сыныққа сылтау таппай, үрит-соқпен әрең отырған жұртқа жақсы болды. Бәлкім біреулер «ел қауіпсіздігіне әр азаматтың алаңдағаны дұрыс емес пе?!» деп қарсы дау айтуы да мүмкін. Бірақ бір демократиясынан жемократиясы мықты, елінің сыңайынан бағалы мұнайын артық көрер шенеунігі бар, айналасындағы елге қарсы азу көрсетуден танбайтын елмен одаққа билігі халықпен санаспастан кіріп кетіп отырған мемлекетте отырып, ӘЖ-де дау айтқаннан іс өнер ме? Бұл бір.
Екіншіден, «Англияның мәңгілік досы да, мәңгілік жауы да жоқ, мәңгілік мүддесі бар» деген Черчилльдің сөзінен аса алмаспыз. Ешқайсысы да қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтамасы хақ. «Бізге қайсы жау?» деген дауды қуғаннан гөрі, «Олардан қалай пайда көріп қалуымыз керек?» деген ой мазалау керек сияқты. Ал жауласуға келсек, Абылайдың Бұқар жырауға айтқанындай «Шапқалы тұрған жолбарыстың қай жақын келгеніне шоқпар сілтейміз». Ендеше бос әңгімемен бас қатырғанша, «жұмыртқадан жүн қырқып» көрсек деген ниет бар.
Қай мәзхабты ұстану керек?
Үздік үштіктен ойып тұрып орын алған осы талас былайғы жұрттың миына түсінікті жетіп жатыр дегенге өз басым илана қоймадым. Неге?
Біріншіден осы таласқа қатысқандардың бәрі, ия, бәрі ҚМДБ-ны мойындайтынын айтады. Ал діни басқарма Ханафи мәзхабы бойынша жұмыс жасайтынын жасырған емес. Ендеше немізді шатып, айтысамыз? Парадокс.
Негізі бұл жөнінде кеңірек қаузауға болар еді. Бірақ діни жазба болмағандықтан, бұл постта қысқа қайыруға тура келіп отыр.
Әйтпесе тізімде бірінші орынға шығуға әбден «лайықты» таластың бірі болатын.
Кім мықты? Қайрат Нұртас па, әлде Мейрамбек Бесбаев па?
Бұл айтыс негізінен Қайра Нұртасты жамандаудан басталады. Әбден құмарынан шыға даттап болған соң, Мейрамбекпен міндетті түрде салыстырып өтетіні қызық болып отыр. Содан соң пікірлер кетті дейсің. Қазақ қоғамында «Месси мықты ма, Рональду ма?» деген әлемдік тақырыптан кем түспесі анық. Сол дау секілді, бұл тартыс та өнерде жүрген мамандардың да пікір алшақтығына апарып отыр. Ойлап көрейікші, даудың шетіне жетіп, арнайы мамандар Мейрамбектің немесе Қайраттың мықтылығын түпкілікті дәлелдеп берді дейік. Қандай пайда?
Олай болмайтыны белгілі де ғой. Екеуінің де Ла Скалада өнер көрсетердей дауысын көріп тұрғаным жоқ. Екеуінің де халыққа сүйкімі жоғары. Ендеше несіне таласамыз? Меніңше бұл талас арнайы кімнің мықтылығын тексеретін тартыс емес, жай ғана екі әншінің тыңдармандарының арасындағы дау деп тоқтамға келгеніміз дұрыс секілді.
Сонымен ең соңғы таласқа келдік. Әлеуметтік желі қолданушыларының да, тарихшылардың да, тіпті зиялылардың да арасында үлкен ор боп жатқан нағыз тартысқа бірінші орынды бердім.
Шыңғыс хан қазақ па, жоқ па?
Құдай салмасын, дәл осылай ӘЖ-де пост жазар болсаң, келген ескертулерден компьютерің жарылып кетердей боларына күмән жоқ. Жайлап айтсақ бетжыртыс, қатты айтсақ көтжыртыстың көкесі осы тақырып аясында болады. Соңы екі френдтің бір-бірін банға қоюмен аяқталатыны аян.
Қазақ пен моңғолға емес, күллі әлемдік тұлғаға айналған Шыңғысханға тартыс өзектілігін жоғалтқан емес. Өзекті болғанда айтыс-тартыстың дейм де. Әйтпесе қазақ болып шықса да, есеміз түгелденіп шыға келетініне күмәнім бар. Расында да, Шыңғыс хан қазақ болсын, моңғол болсын, біздің бас-көзге ұрысқан таласымызға берер пайдасы бар ма? Құрысыншы, біраз айтатын сөзім бар еді. Бірақ соларды айтқан сайын невірім қозатын бопты. Болдым.
Міне, тоғыз таласқа өзімше шолу жасап көрдім. Әлеуметтік желілерде осындай талаc-тартыстарға уақыт құртуға мәстірміз. Ең болмаса ақшаны қалай сақтаған дұрыс, қалай ақша табудың жолы бар деген таластарға бас ауыртсақ қой)
Айтпақшы мен постты мынаған көз жеткіздім. Дәл осы тақырыптарда пікір талас жасасаң, сенің біліміңнің таяздығы аса көп көрінбей қалады екен де, керісінше шешендігіңді жұртқа көрсетуге таптырмас мүмкіндік екен)) Әдемі тәсіл) За то эгоң қанағаттанады…
Суреттер интернеттен алынды
Мына пікіріңді сен каспи банкке жағымпазданып айттың :)
Бір кездегі "Қыз бен жігіт дос бола ма?", «Неше жаста үйлену/тұрмыс құру керек?», «күйеудің фамилиясына өту-өтпеу», «университет vs колледж» сияқтылар тоғыздыққа енбегеніне қарағанда, бұлар да қалады әлі.
Сіздікі дұрыс екен ғой.
Ал мен пікірлерге қашан лайк баса алам? )