Үлестік инвестициялық қорлар
Сәйкестікті қараңыз. Әдетте спам хаттарды ашпаймын ғой. Бірақ, Усман ханымнан (өзі ханым, бірақ үйленген) келген хаттың тақырыбы блогиаданың осы аптадағы тапсырмасымен үндесе қалғаны соншалық, көз салмай кете алмадым. Марам апам біздің елдегі дайын бизнеске инвестиция құймақшы екен. «Пішту» деп миығымнан күліп қойып отырсам да, «ЭКСПО-2017» көрмесіне келетін қонақтарды жатқызатын отель-мотельдердің әлі де жетпей жатқанын білетін жазған басым, «Жөн-ау» деп те ойлап қалды. Идея тамаша. Бірақ, қонақ үй салмақ түгіл, пәтер сатып алуға ақшам жетпей жүргені ойға түсіп, мұңайып та алдым. Бірақ, бұл енді бос сөз болып кетті…
Негізі, барлық адам баласы инвестор. Ұғымды мейілінше кең қарастыратын болсақ, бұл тұжырымыма қарсы аргумент табуыңыз неғайбіл. Оқу, денсаулығыңды күту, бала туу, оны оқыту мұның бәрі болашаққа салған инвестиция. Бірақ, мұндай пафосты қоя тұрып, нақты ақша «жасау» мүмкіндіктеріне тоқталайық.
_______________________________________________________________________________________________________
_____________________________________________ИНВЕСТОР____________________________________________________________________
Хижра бойынша 1425 жылдан бері Қазақстанның барлық азаматы инвестор атана алады. Сол бір мешін жылы Парламент аты дардай «Инвестициялық қорлар туралы» заңды қабылдады. Бұл құжаттың арқасында Қазақстанда үлестік инвестициялық қорлар (ҮИҚ) пайда болды.
Адами тілмен айтсақ, сіз ақшаңызды арнайы басқарушы компанияға бересіз, олар қаржыны белгілі бір активтерді сатып алуға, сатуға жұмсап, сізге пайда әкелуге тырысады. Идеал сценарий бойынша, сіз төбеге шырт түкіріп жата бересіз, ал ақша өз бетімен өсе береді. Пайдаңыз жан-жаққа шашыраған түкіріктеріңізді жинайтын адамдарға жалақы төлеуге жетуі тиіс.
Дегенмен, бәрі осылай оңай болса баяғыдан бері бәріміз неге байып кетпей жүрміз? Оған жауап бермес бұрын, үлестік инвестициялық қорлардың түрлеріне тоқталайық. Мейілінше қарапайым түсіндіруге тырыссам, ҮИҚ-лар үш түрге бөлінеді: ашық, интервалдық және жабық. Ашық қордың инвесторы болғысы келген адам кез-келген уақытта қордан үлес сатып алып, ұнамай бара жатса сатып жіберуге құқылы. Интервалдық қорларда мұндай операцияны нақты белгіленген уақыттарда ғана жүзеге асыра аласыз. Ал, үшіншісіне қор құрылып жатқанда ғана кіріп, нақты белгіленген уақыт мәресіне жеткенде ғана шығып кете аласыз. Оның үстіне интервалдық және жабық қордан үлес сатып алу тым қымбат. Менің орта есепті оқырманымның оған ақшасы жетпейтіні анық. Ал, ашық үлестік инвестициялық қордың инвесторы атану оңайлау. Қолыңызда кемі 10 мың қазақ теңгесі болса жетіп жатыр.
_______________________________________________________________________________________________________
_______________________________________________ҮИҚ_________________________________________________________
ҮИҚ-лар банк депозиттерінен көрі көбірек үстеме ұсынады. Мысалға, банктер депозиттінің пайыздық өсімі максимум 10 пайыз болса, ҮИҚ 17 (шартты түрде) пайыз уәде етуі мүмкін. Алайда, депозиттің үстемесі ешқандай форс-мажорларға қарамай төленуі тиіс болса, инвестициялық қор мұндай тұрақтылықты уәде ете алмайды. Демек, басқарушы компания қарық қылмаса, түк пайда таппауыңыз да мүмкін. Ал, олар сіздің ақшаңыздан жалақысын алып отыра береді.
Тым жақсы жұмыс істеп келе жатқан қазақстандық ҮИҚ-лар 2007-2008 жылдардағы дағдарыс кезінде қаңғырып кетті. 2007 жылдың 1 тамызында елімізде барлығы 155 ҮИҚ болған. Оның 15-і ашық, 17-сі интервалдық, 123-і жабық. Ал, қазір investfunds.kz/ порталының ақпаратынша барлығы 23 ҮИҚ қалған, 2 ашық, 8 интервалдық, 13 жабық. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, ҮИҚ-лардың тәуекелі көп. Бірақ, АҚШ-та бір ғасыр бұрын пайда болған бұл құрал өміршеңдігін де дәлелдеп келеді. Біздің елде депозиттер де тұрақтылықтың қайнары еместігіне жыл басында куә болдық қой. Жинаулы тұрған ақша девальвацияның кесірінен «жанып» кетті. Тіпті девальвация болмағанның өзінде де инфляция деген пәле бар. Ендеше, «тәуекел деп, тас жұтып» үлескер атанып көрмейміз бе?
Үлестік инвестициялық қорлар туралы алғаш рет Генрих Эрдманның «Инвестируй и богатей» деген кітабынан білген едім. Қызыл түсті, мұқабасы жұқа кітап, мен оқып болам дегенше түте-түте болды. Ол кезде инвестицияларға қойып кетуге ақшам жоқ, кейін дағдарыс келіп, тағы шайқалтты. Қысқасы ҮИҚ жайына қалды. Блогиаданың арқасында қызығушылығым қайта оянып отыр.
_______________________________________________________________________________________________________
______________________________________________ХАТ_________________________________________________________
Ох, ұмытып бара жатырмын. Усман ханымға хат жаздым. Жауап берер ме екен?
Gastarbaiter айтчы, қай сервис ед