Балалық шаққа хат

Блог - ademi_alem: Балалық шаққа хат

Сәлем, кішкентай Зарина! Сенімен сөйлеспегелі көп болды, өзіңді сағынып қалыппын… Соңғы рет қай жақта, қай жерде қоштасып едік? Тіпті ол да есімде қалмапты. Бірақ сені есіме алсам әкеміз еккен өрік ағашын тамашалап тұрған кезің елестейді...

Есіңде ме, сен алғаш мектеп табалдырығын аттайтын жылы әкеміз «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген бар деп, сенің құрметіңе алғаш өрік ағашын отырғызып еді ғой. Ол кезде салынғанына ұзақ уақыт өтпеген үйіміздің айналасында сол өрік ағашынан басқа ағаш жоқ еді. Араға екі жыл салып Сержан мектепке баратын жылы әкеміз оның да құрметіне ағаш отырғызды. Білесің бе, қазір содан бері әкеміз отырғызған әртүрлі жеміс ағаштары жетпістен асып кетті.

Есіңде ме, жауыннан кейінгі кемпірқосақтың үстіне шығам деп… Әне жетем, міне жетем дегенше ауылдан ұзап, зираттардың маңайынан бірақ шығып едің ғой. Үйіміз ауыл шетінде орналасқан еді. Қой бағып жүрген адам қайтар жолда сені көріп, кімнің қызы екеніңді сұрап, үйге әкеліп тастаған. Білесің бе, ол адасу түк емес екен! Ең бастысы – өмір жолында адаспауға тырысу керек.

Есіңде ме, анамыз сап-сары қолғап сатып беріп еді ғой. Сол қолғапты сен өте жақсы көретінсің. Көктем. Қар еріп жатқан. Сен анамызбен бірге нағашы апамыздың үйіне барып… Сол бір болған жиіркенішті жағдайды есіме алған сайын ішек-сілем қатып күліп алам. Үйден аулақта орналасқан дәретханаға барып, сол сары қолғаптың сыңарын дәретхана тесігіне түсіріп алып едің ғой. Алайын десең қолың жетпейді. Сосын… сосын аяғыммен алам деп шештің. Қандай ақымақ едің! )))))))))))))) Дәретхана тесігіне алдымен бір аяғыңды, сосын екінші аяғыңды салып… ақыры ішіне құлап кетіп едің ғой. «Мама! Мама!» деген жан дауысыңды жолда кетіп бара жатқан аға естімегенде не боларын кім білсін. Білесің бе, бір ақын айтқандай «боқ дүниеден безінгенде кейде осы» боқ сасыған балалық шағымды сағынып кетем!

Есіңде ме, анаңды көп ренжітуші едің ғой. Көбінесе нағашы ата мен апаның қасында жүргендіктен бе, өз ата-анаңды көп «мойындамадың». Анаңды бірінші болып сен ренжітсең де, ұйықтар алдында ол өзі бірінші болып келіп сенен кешірім сұрап, маңдайыңнан иіскеп кетуші еді. Сен сонда да өтірік ұйықтаған болып жатып алатынсың. Неткен қырсықтық! Оны да құшақтап, қалай қатты жақсы көретініңді айтсаң болмас па еді?! Білесің бе, өзім ана болған сәтте ғана өзімнің қаншалықты ақымақ болғанымды түсіндім, өкіндім. Менің балам да маған солай етсе, мен қандай күйде болар екем?!..

Есіңде ме, Думан, Бақытжан деген екі көрші досың бар еді ғой. Сен қасыңа бауырың Сержанды да ертіп алып, төртеуің «сары топырақ» деп аталып кеткен төмпешіктің артына барып, саршұнақ «аулаушы» едіңдер. Інге су құйып, тып-тыныш жатқан саршұнақтардың мазасын алатынсыңдар. Білесің бе, мен тұрмысқа шығарда Думанның үйіне шақырту билетін беріп жібердім. Сөйтсем, ол да маған тойға шақыру билетін беріп жіберіпті. Сөйтіп менің ұзату тойым болған күні оның үйлену тойы болды. Ал Бақытжан Ресейде магистратурада оқып жүр. Ғаламторда хабарласып тұрамыз. Қазір доссыз емеспін, Аллаға шүкір! Бірақ сол екі досыма деген сағынышым ерекше!

Білесің бе, қазір біз тұрып жатқан үй де қаланың шетінде орналасқан. Ас үйде отырып терезеге қараймын. Көретінім: екі-үш қабатты үйлер мен «ақ шашты» таулар. Тауды көргенде ішкі үнім «Алда асар асу, бағындырар белес көп» дейді. Қолда барыма қанағаттанбай, одан да көбін, одан да зорын қалаймын. Кейде жататын бөлмедегі терезеден далаға қараймын. Көретінім: шексіз жазық дала. Көзіме одан басқа түсетін бір нәрсе болса, ол – қаз-қатар тізілген мазарлар. Ондай кезде ішкі ойым «Дүниенің түбіне жете алмайсың. Қандай мақсатқа жетсең де, қандай белесті бағындырсаң да, қандай дүние-мүлік жинасаң да, түбінде баратын жерің бір. Ол – қара жердің қойнауы» дейді.

Дәл осындай сәттерде бойымды қорқыныш билеп, балалық шағыма қайтып оралғым кеп кетеді. Бәрін-бәрін қайтадан, таза парақтан бастағым келеді. Бірақ ол мүмкін емес, әрине.

Кішкентай Зарина, сені қатты сағындым! Қанша есейіп кетсем де ерекше мейірімге, еркелікке мұқтаж болып тұрамын. Соған қарағанда мен сенімен қоштаспағанмын-ау деймін. Сен әлі де менің жүрегімнің бір түкпірін мекендеп жүргендейсің!
Бөбегім оянды, сау бол, кішкентай Заринам!
Бөлісу:

33 пікір

ademi_alem
Бәріміздің балалық шағымызда есте қалған әртүрлі оқиғалар бар. Кейде соны мұңая, кейде қуана еске аламыз. Өзіміз ғана еске алумен шектелмей, бөлісе отырайық. Балалық шаққа саяхат жасап қайтайық, достар! ))
Gastarbaiter
Мен өзімді балаларымнан көремін. )))
ademi_alem
Ондай жауап қабылданбайды. ))))))) Мінез ұқсастығы, сырт бейне ұқсастығы болатын шығар, бірақ оқиға желісі әртүрлі ғой әрбір адамда(балалық шақта).
Gastarbaiter
Бұндай нәрселерді жазу үшін сәйкес көңіл күй мен сана әлемінен алшақтап, сезімдер әлеміне тереңдеу керек шығар. Әйтпесе, әдейілеп балалық шағыма психотерапевттың алдында да бара алмағанмын.
ademi_alem
Демек, эстафетаны қабылдай алмайсыз. ))) VKM сезімдер әлеміне тереңдеп келді. ))))) Пікіріңізді ескеріп, тақырыптан «эстафета» деген сөзді алып тастайын. Сіздің қиялыңыз шексіз болып көрінетін, өткен емес болашаққа да «саяхат» жасай алатындай болып көрінетінсіз. Басқа ешкімге ұсынбай қояйын, шынымен қиындау шығар жоқ жерден саяхаттау. ))))))
Gastarbaiter
Эстафетаға жарайтын тақырып қой, тек ұзақтау күтіп қаласыз ба деймін.
ademi_alem
Күте береміз. Сәті түскенде жазып көріңіз.
qonyrbai
Мен балалық шағымда бала болыппын. :)
VKM
Зарина жақсы жазыпсың,ұнады.Менде жазғым келіп кетті, балалық шақ-ең бақытты кез. Кішкене Маликамен сөйлесетін уақыт келген сияқты)))
ademi_alem
Менде жазғым келіп кетті. Кішкене Маликамен сөйлесетін уақыт келген сияқты.
Мархабат! Асыға күтем! )))
qonyrbai
Қартайған соң өсиетхатыңды кімге тастайтыныңды айтайын дедің бе?
merekeee
Мына қыздың сүйкімдісін-ай! ) Мен де нағашымдыкіне а4-ке көшіріп салғызуға апарған суретім ( шымшықтың суреті ) түсіп кетіп, біраз әбігер әрі күлкі болғам. Балалықтан қалған естеліктер тәтті-ау…
ademi_alem
Қазір ойлап отырсам дәретхана тесігіне бір емес, екі рет түсіп кетіппін. ))))))))) Қазір бәрі күлкілі сол кездер.
qonyrbai
Балақай Мерекені де оқиық.
qonyrbai
Мини Блогиадаға ертең жазасың ба? Уақыт жоқ деп. :)))
ademi_alem
Фотоға түсіруге ертең барам бұйыртса.
qonyrbai
Сәттілік! Дегенмен, Айдостан қорық. :)))
satibaldi
Бұдан — кезінде сізді де бала болған деген қорытынды шығарсам бола ма?
Adiletshu
Туалеттерің толайын деп қалып па еді )
ademi_alem
Сол толық есімде жоқ, бірақ тесігі үлкен болатын. Мен бүкіл денеммен құлап кетіп, бір қолыммен ғана асылып қалып, ақыры ақтарым бата бастады. ))))))))))))) Сосын дауысымды естіген бір аға қорщаудан секіріп кіріп, мені алып шықты…
zholantai
балалық шағымда екі жұртымда қатар өстім,
ademi_alem
Менде де солай болды негізі, бірақ қазір өз ата, апам өмірде жоқ. (( Сағынып жүрмін.
007
Бақытжан магистратураны бітіріп келдіғой
ademi_alem
Қазір қайда ол? Күзде қайтып келем деген, ужас күздің соңы болып қойыпты ғой.
007
Астанада жұмыста
Adiletshu
Бақытжан дегенің осындағы bake ма?
ademi_alem
Жо-жоқ. ))))) Бақытжан мен Думан өзіммен жасты. Кейін Думан басқа мектепте, ал Бақытжан екеуміз бір сыныпта оқитын кездеріміз болды. Ол әрі көршім, әрі туысым болып келеді. Ал bake, яғни Бақытжан ағамен агентте, кейін Керекинфода көрдім. Ол Өскеменде тұрады.