Дезинформация немесе халық неге сенгіш?

Блог - aikarakoz: Дезинформация немесе халық неге сенгіш?
Instagram желісін бірден шарлап кеткен құрттаған KFC өнімі естеріңізде ме? Одан кейін әлеуметтік желінің бәрі «шулап» жатты. «Ойбай, Астанадағы KFC дәмінен құрт табылыпты, құрысын, фастфудтан аулақ жүрейік!» деп ұрандатқан халық ақпараттың рас-өтірігі жайлы ойланған да жоқ, әйтеуір «халықты алдап-соққан» киэфсиліктерді жек көре берді.
Негізі ол фотоның әу бастағы мақсаты сол болатын — танымал KFC брендінің репутациясына нұқсан келтіру, тұтынушылар санын азайту. Қыркүйек айының басында шетелдік сайттардың бірінде қасақана пайда болған бұл фото бізге бір айдан соң жетті. KFC өніміне жасалған қастандық шетелдегі халықты да сендірген сияқты. Алайда, аталған фастфудтың Фейсбуктегі ресми парақшасы «суреттегі тағамның өз өнімдеріне түк қатысы жоқ екенін, әдейі таратылған жалған ақпарат» екенін хабарлады.
Әрине бұл шу арқылы қанша зардап шегіп, табыс пайызы нешеге азайғаны тек өздеріне ғана аян. Әйтеуір Астанадағы Керуен мен Хан шатырдың футкордына келген халықтың жартысы KFC алдында тұрушы еді, "құрттаған" фото шыққалы бері 4-5 адам қарасын ғана көретін болыппын. Мүмкін халық аз жүретін уақытқа тап келген шығармын, кім біледі…

Мұны несіне есіме алдым? Бұл әрекет — дезинформация деп аталады. Яғни, қандай да бір арам пиғылмен, біреуге (немесе тауарға, т.б.) зиян тудырып, репутациясына нұқсан келтіру үшін, халықтың ойын теріске бұру үшін таратылған жалған ақпарат.
Дезинформация — [ фр. des — теріс, фр. information- ақпарат] — қоғамдық сананы жаңылыстырып, онда қандай да бір реакция тудыру мақсатын көздеп, ақиқат ретінде таратылатын жалған ақпарат. (Википедия)

Дезинформация саясатта да, тұрмыста да, бизнесте де, барлық салада кездесе береді. Оны таратушының журналист болуы шарт емес. Дезаны сіз де, ол да, тіпті, мына біз — блогерлер де тарата аламыз.

Блогер демекші… өзіміздің Ернар Бекенов пен Дінмұхамед Зиядиннің 1 сәуір қарсаңында жасаған "әзілін" де ұмыта қойған жоқ шығарсыз? Kinostan.kz сайтына «Шақан-шері» киносының түсірілетінін, оның Голливудта экранизацияланатынын жазған еді. Әп-сәтте жаңалық таратушы «алып» сайттарымыз көшіріп басып, халықтан «сүйінші» сұрап жатты. Артынан дезинформация екенін айтқанда, дереккөзін тәптіштеп тексеріп алмағанына талай редактор өкініп қалды-ау. Қайта сабақ болды десек те, халықтың сенімін арқалаған журналистер жауапкершілікті әлі де сезінбейтін секілді ме, қалай?

Жалған ақпаратты жеткізушіні жазғырмай қоя тұрайық, жалған ақпаратты қабылдап алушы біздің халық кез келген инфоның бәрін жұта бере ме? Неліктен сенімді кейіппен жазылған жазбаның бәрін шын деп ойлайды? Өмірде де солай ма екен әлде бұрмаланған жаңалыққа сендіру қиын бола ма?

Осы сәтте төбемдегі «лампочка» жана қалсын! Адамдардың ақпаратты виртуал мен өмірде қалай қабылдайтынын тексеріп көргім келді. «Ақпаратты растауымды талап етіп, қандай да бір сұрақ қояр ма екен» деген оймен аз-маз эксперимент жасадым.

Блог - aikarakoz: Дезинформация немесе халық неге сенгіш?

Әпкемнің «той саған да жұғысты болсын» деп сыйлаған жүзігін атсыз саусағыма тағып алдым да, суретін Фейсбукке жариялап жібердім. Ал, ақ батасын жаудырсын жұрт. Әрине, бақытты болуымды тілеген виртурал достарыма алғысым шексіз. Бірақ, басылған 346 лайк пен жазылған 75 пікірдің арасынан 1-2 ғана «менің күйеуге шығатыныма» күмән келтіріп, жекеде 1 адам ғана тұрмыс құратынымның рас-өтірігін нақтылады. Неге шылдыр шүмегіме жүзік тақсам, той болуы керек? Жүзік сол саусағыма ғана шақ болса ше? Неге адамдар өзінің қабылдағанын шындық деп ойлайды? Өзімнен неге нақтылап сұрамасқа? :)

Мүмкін экраннан «есіткен» ақпараттың астындағы пікір басқа адамның қабылдауына әсер ететін шығар?! Бәлкім, қасына келіп, «жаңалық» айтқанда ғана оған күмәнмен қарап, ақпараттың «шығу тегін» сұрайтын болар?! Соны анықтамаққа камераны алып, көшеге шықтық.

(Астанада күн суық, осылай бүрсеңдеп жүрдік. Ол жалған емес енді :) )

Дезинформацияны қалай анықтауға болады?


Виртуалда қандай да бір ақпаратты көзіңіз шалса, оны таратпастан бұрын:
— алғашқы дереккөзін немесе ақпаратты ресми сайттардан іздеңіз;
— оқиға орын алған жерде түсірілген фото не видеоны іздеңіз;
— ақпарат жарияланған сайттың салмағына қараңыз. Жақында ғана ашылған, жазбасы аз сайттарға күмәнмен қараңыз;
— митинг, апат, шабуыл, тағы сол сияқты шаралар орын ала қалса, сол жерде смартфоны бар кез келген адам фото не видео түсіріп, жүктейді. Бірнеше адамнан фото/видео іздеңіз;
— ақпаратты шет тілінде іздеп көріңіз;
— фотоны URL-ы арқылы тексеріңіз.
Осы әрекеттердің бәрі ақпаратты расқа шығарса, ойланбастан халыққа тарата беруіңізге болады :)

Өмірде біреу сізге келіп, қандай да бір ақпарат айтып жатса:
— алдымен оның аты-жөнін, мамандығын сұраңыз;
— журналист болса, қай баспа, арна, сайттан келгенін сұрап, оны растайтын құжатын талап етуіңізге де болады;
— сізге ақпаратты жеткізгендегі мақсатын сұраңыз;
— сізді қандай да бір шараға шақырса, бірден келіспеңіз, интернеттен сол шара туралы ақпарат іздеңіз. Арнайы ұйымдастырылған бүліктің құрбаны болып шығуыңыз да мүмкін;
— бөтен жандар ұсынатын тегін нәрсеге, себепсіз сыйлыққа күмәнмен қараңыз.

Сақтанғанды Құдай сақтайды, жалған ақпарат жолықпасын!
Бөлісу:

9 пікір

MickThatsMyNick
Шындықты айту-айтпау да, сену-сенбеу де жеке құқық қо. Бірақ менің визуалды жадым дамып кеткені соншалық ҚыФыСы-ны шынымен де жегім келмей кетті. Міне саған антижарнама.))
asaubota
Астанадағы Керуен мен Хан шатырдың футкордына келген халықтың жартысы KFC алдында тұрушы еді, "құрттаған" фото шыққалы бері 4-5 адам қарасын ғана көретін болыппын. Мүмкін халық аз жүретін уақытқа тап келген шығармын, кім біледі…

KFC-дегілерден блиц-сұхбат алғаныңда күшті болар еді. тақырыпты соның өзі алып шығар еді
aikarakoz
Керуен мен Хан шатыр ғимараттың ішінде видео түсіртпей пәлі бола қалды ғой(((
zholantai
посттың қаралымы салыстыра қарағанда сұмдық енді, превьюдағы сурет тартып алды-ау дейм :)
zholantai
@aidyn_nury деген аккаунт иесі Айнұр Тұрсынбаева ма? Құрттаған тауық еті суретінің қазақ аудиториясында кеңінен таралуы осы аккаунтта жарияланған посттан кейін болды-ау дейм. Солай ма? Әлде мен өзім осы аккаунттағы посттың фейске шыққанын көріп барып, хабардар болған соң, маған солай көрініп отыр ма?
aikarakoz
Ия, Айнұр Тұрсынбаева. Фейсбукте кездескен суретті ала салған едім, негізі танымал тұлғалардың біразы жариялап үлгерді бұл суретті.
zholantai
демек, Гастаның постындағы
2. Атақты адамдардың айтқаны — ақиқат
деген болыпты ғо, біздегі атақтыларды алдымен ақпаратты тексеріп барып, жариялау туралы әбден сауаттандыру керек
ken
Тақырыпқа қатысы бар ма жоқ па білмейм, бірақ кеше туәлетке кіріп бара жатып, қолыма бір гәзетті іле салғанмын. Содан ең соңғы бетін оқи бастадым. Бір қыздың (әлде әйелдің) хаты екен. Гәзеттің алдыңғы санында да бұл әйелдің хаты жарияланыпты. Мына санында сол үшін рахметін айтып жатыр екен. Бұл жолы да адамға қажетті — баюға, жартысын табуға тб көмектесетін — мантра деп аталатын дұғалармен бөліспекші екен. Әлгі мантраларының бБірнешеуін жазыпты — УМ ШРИ КРИШНАЙА бірдеңе-бірдеңе деген секілді мантралар. Соларды күніне 10-15 реттен оқу керек екен. Хатының соңында келесі жолы басқа мантралармен бөлісетінін айтып, «Дәмелінің хатынан. Алматы облысы» деп жазыпты. Қандай гәзет өзі деп қарасам, Алтын босаға деген гәзет екен.