Виртуал бетперде - шығармашылық қайнары

Өмірдің өзі театр болса, жұрттың бәрі бетперде киіп жүруі заңды емес пе? Мысалға, мені көп жұрт сыпайы, сабырлы адам деп ойлайды. Оған, сірә, жазбаларым себеп болса керек. Ендеше, рөлде отырғанда қасымда болып көріңіз — боғауыздар коллекцияңыз байып қалар мүмкін.

Мүмкін, әсіре скептик шығармын, бірақ, виртуалда бетпердесіз адам жоқ деп есептеймін. Жаманмын деп кім мойындай қойсын. Ал мойындағандар табылып жатса, олар да өз образын әлдеқайда қатаң, қайсар, қаһарлы көрсетуге тырысқан біреулер деп білемін. Әрине бұл гипотезамды аксиома ретінде қабылдаңыз деуден аулақпын. Тіпті, теорема дәлелдемек ойым да жоқ. Сондықтан, Интернетте өз атымен жүрген, тек образына аз-кем түзетулер енгізіп, тез шешілетін маска кигендерді жайына қалдырып (оларды қалған үшеуі жазсын :) ), таза ойдан шығарылған, кім екені басым жұртқа беймәлім виртуалда қайталанбас тұлғаға айналғандар туралы әңгіме өрбітейік. Өйткені, осы сайттың үздік ондығының өзінде ондайлардың екеуі бар.
_______________________________________________________________________________________________________
Виртуал бетперде – журналистикада кеңінен таралған псевдоним секілді. Әдетте менің әріптестерім әлдебір даулы мәселені қозғағанда немесе жазғанына өз көңілі толмағанда туындысын лақап атпен жариялағанды жақсы көреді. Виртуал бетперденің де мақсаты осы. Бір үлкен айырмасы – олар жаратушысынан да танымал, өткір әрі белсенді болып кетуі мүмкін.

Блог - Marco: Виртуал бетперде - шығармашылық қайнарыМұның несі жаман? Жаратушы тұлғасының екіге бөлінуінен психологиялық ауруға душар болып жүрмесе, басқа ешқандай жамандығы жоқ. Керісінше, шығармашылыққа, аясын тарылтып айтсақ, әдебиетке елеулі үлес қосып жатыр. Дәлел ретінде, Қазнетте жүрген екі виртуал тұлғаны атайын: Сатыбалды Кербабаев және Уродец Құбыжық.

Виртуал бетперде әлдебір мақсатты көздеген болса ғұмыры ұзақ болмайды. Ал егер, нақты нысанасыз, тек өз кайфы үшін жазса ұзаққа шабады. Жоғарыда аталған екеудің күн сайын бірдеңе жазып жүргенінің себебі осы. Тағы бір танымал бетперделі тұлға – Рафаэлло. Бұл өз кезегінде жалған ақпарат таратып, журналистердің ізденбейтінін дәледеу үшін жаратылған кейіпкер. Оның соңғы жазбасы тамызда жарияланыпты. Белгілі бір мақсат үшін жаратылған бейненің шығармашылығы тұрақты болмайтынының бұл да бір дәлелі.

Блог - Marco: Виртуал бетперде - шығармашылық қайнарыТарихи контексте қарасақ, виртуал бетперделі тұлғалардың прототиптері — анонимдердің нақты мақсаты болды. Айталық, біреудің үстінен арыз жазу, сақтандыру немесе қорқыту. Мұны қазақтар да тамаша меңгерген. Репрессия жылдарында бір жігіт көршісінің үстінен арыз жазып, жапон тыңшысы ретінде абақтыға қаматыпты. Алайда, бір күні өзінің үстінен басқа біреу арызданып, жапон тыңшысын совет түрмесіне әдейі қаматқан ағылшын жансызы ретінде итжеккенге айдатып жіберіпті. Бірақ, бұл анонимдер немесе бетперделі тұлғалар бірінші кезекте өзінің артын жабу үшін ұзақ өмір сүре алмайтыны түсінікті.

Қалай десек те, виртуал бетперде адамның потенциалын ашу құралы болып тұр. Мәселен, осыдан үш жыл бұрын керекинфо сайтында новеллалар байқауы өтті. Басты талап, нәтиже шықпайынша авторлар құпия сақталуы тиіс еді. Бас аяғы екі күнде 10 материал түсті. Енді, биылғы блогиаданы қараңыз. Басында қатысушылар көп болғанмен, алғашқы айналымда-ақ, түрлі нәрсені желеу етіп, көп адам жарыстан шығып қалды. Әрине, сылтауларының жаны бар да шығар. Алайда, бұл жерде де бетперде кию талап етілгенде ақырына дейін жанталасатындардың саны көп болар еді деген күдігім бар.

Блог - Marco: Виртуал бетперде - шығармашылық қайнарыОрыстарда «Тенета» деген әдеби конкурс болған. Оған тек виртуал тұлғалар қатыса алатын. Жеңімпаздардың шығармалары тіпті кітап болып та жарияланыпты. Тамаша идея. Жоғарыда сөз болған новеллалар конкурсы көрсеткендей бізге де осындай байқау жариялап көруге болады. Авторлардың аты-жөні тек өз қалауымен және сайыс аяқталған соң ғана жарияланады десек, қатысушылар көп болатын секілді. Ендеше, өз теориямды дәлелдеп көру үшін конкурс жариялаймын.

Жанрға шектеу жоқ. Шығармаңыздың көлемі 1000 сөзден аспасын. Қабылдау уақыты 20 қазанда бітеді және материалдардың бәрі сол күні бір мезетте жарияланады. Жүлде қоры мен бағалану жолдарын пікірлерде талқылап алайық, сосын қосымша хабарлаймын. Шығармаларыңызды менің электронды поштама жіберіңіздер. Іске сәт, виртуал бетперделі жазушылар!
Бөлісу:

17 пікір

Rafaello
Мақсатсыздықтан өліп қалмасам енді :)
Gastarbaiter
Солай.Де- нағыз көтперделер ордасы еді. Таза қиял әлемі. Сонысымен жақсы еді. Барлығы бала сияқты боп кететін. Керекшілер галстуксыз жүрміз десе, Солай, Дешілер тырдай жалаңаш, әуретін аватармен жауып зыр жүгіріп жүруші ед, қаннен қаперсіз ептібайымайыдтар.
Бүлдіршін кезде кешқұрым войнушкі ойнауға шығып, біріміз неміс, біріміз совет боп бөлініп ойнағандағы ләззатты сол форумнан алушы едім.
zholantai
Уродец Құбыжықтың авасына тәнтімін
VKM
Уродец Құбыжық, ол кім? Сатыпалды ма орысша жазатын?
zholantai
емес деп ойлайм, кім екені көпке белгісіз болғандықтан да атақты виртуал болып отыр ғо,
орыс тілінде сауатты жаза білетін қазақ деп ойлайм, бірақ сатыбалды болуы неғайбіл
Gastarbaiter
Уродец Құбыжықты таныстырғаныңа тағы да рахмет, амиго. Біраз жақұйттарын жіберіп алыппын ғой.
VKM
Уродец Құбыжықты гугл да, яндекс те таппады.сілтеме бере салыңыздаршы,қиын болмаса
Rafaello
Пост ішінде бар сілтемесі. Постқа көтеріл қайтадан, Уродец деген сөзді тауып ал да басып қал
VKM
рахмет.Сатыпалды емес,өлең жазады екен
zholantai
аноним болудың ең басты артықшылығы, өз ойыңа құрсау салынбайды, самоцензура болмайды, яғни ойлаудың өзі сапаланып кетеді ме сондай бірдеңе болады әйтеуір
Gastarbaiter
Ну, ол енді бәрібір аноним артындағы тұлғаға байланысты. Кейбіреулер ішіп алып шедевр жазады, кейбіреулер ішіп алып, есігіңнің алдына отырып кетеді.
zholantai
иә ол да бар.
десе де аноним болу — ойды құрсаудан құтқарады ма дейм.
бір жағынан анонимнің жазғанын аудитория қабылдар алдын оның анонимдігіне баса мән беріп, жазғанының мәнділігін екіншігі ысырып тастайтындай көрінеді.
Gastarbaiter
қой, қудың осы жерде, Жәнібек)))
Құрсаудан құтқаратыны рас, оны Маралбек те меңзеп отыр, бірақ Құрсаудың артында қандай қойлар шіріп жатқанын бір қой біледі. Қалың анонимдердің ордасында бірер жылдық тәжірибем бар. Сиырға маска кигізсең де, кигізбесең де мөңіреуден әрі аса алмайды. Бірдеңе бар болса, әлбетте маска бір тылсымдық эффектісін береді.
zholantai
иә, аздап қуып бастағанымды өзім де жазып болғаннан кейін байқадым
Zhan
«Пятая власть» деген фильмде «адамға маска бер, ол шындықты айтады» деген сөз бар еді, сенің жазғаның осыған саяды екен)))))
Фб-ға үйреніп қалғанмын ба, мына жерде лайк деген батырманы автоматический іздеп кете жаздадым ғой, Рефлексссссс)))))
Marco
Не ғой, өзім ұмытып кеттім, әрі қол да тимей қалды. Бөрібай айтпағанда еске де түспейді екен.))) Конкурс туралы қосымша жазам. Ертең)