"ҚАЙ БЕТПЕРДЕМДІ ШЫМШИЫН?!" Жасанды кейіп: реалда һәм интернетте

Оcылай екен...: ҚАЙ БЕТПЕРДЕМДІ ШЫМШИЫН?! Жасанды кейіп: реалда һәм интернеттеӘлдекімдердің әлеуметтік желідегі парақшасын мұқият қарап, суреттері арқылы оның болмысы жайлы пікір тудыруға тырыссаңыз, кілең патиден патиге, отырыстан отырысқа, жетістіктен жетістікке, марапаттаудан саябаққа, саябақтан саяхатқа секіріп жүруден қолы бір сәт босамайтын, бақытты жанды көрер едіңіз. Кім терезе бетін тозығы жеткен дамбалымен жапсын, оюлы перде қоямыз да көбіміз. Ол бізге тиісті ортаға тиісті әсер тудыруға көмектеседі. Біреуге жасқаншақтықты бүркеуге, алғашқы қадам жасауға мүмкіндік береді, ал біреуді бетпердесінің құлына айналдырады.


«МЕН ОЛ ЕДІМ, ОЛ ЕДІМ!»


Бір кездері Solai.De- форумдарында 6 түрлі аккаунттан, жалғыз басты анасы бар, орысша өскен бойжеткені бар, қызы тастап кеткен әлжуазы бар, жүріп қалған 40 жасар бойдағы бар, бас-аяғы 6 персона болып пікір жазушы едім. Онлайн «театрда» алты рөлді бір мезетте сомдау шығармашылық дағдыларыңды дамыту тұрғысында қаншалықты қызық болғанымен, кейін ондай тірлікке уақытым да, жүйкем де «Гастарбайтер» деген жалғыз кейіпкердің құлқынын қандырудан артылмайтын болды.
Оcылай екен...: ҚАЙ БЕТПЕРДЕМДІ ШЫМШИЫН?! Жасанды кейіп: реалда һәм интернетте
Бетпердемді «тағып алып», осы жолы да әлеуметтік желілердегі жалған патриоттардың, дүмше селебритилердің, дивани қарусыз күштердің маскарады жайлы бәдігімді сапырмақ едім. Алайда, есіме түскен мына бір эпизод, өзімнің жыртығымды жамауым қажеттігіне назарымды бұрды:


Бірде 4 жасар қызым Айана құрастырғыштан зымыран жасап, менің қасыма жақындады. Балам қолындағысын маған көрсетіп: «Папа-а, папа-а! Қарашы, мен зымыран жасадым!» деп бір емес, екі емес, бес мәрте қайталады. Әр қайталаған сайын, даусы қаттырақ шықты. Ал мен болсам, монитордан бас көтермедім. Шамасы алтыншы рет айтқанда, мен Айанаға қарамастан, «Иә, жарайсың, анау мамаңа көрсетші» — дедім. Балам менің тап қазір не істеп жатқанымнан хабарсыз еді. Бірақ бір нәрсені түсінгені анық — әкесі байланыс аясынан тыс жерде. Айананың көзіндегі ынта оты өшіп, басы салбыраған күйі, аяғын сүйрете басып өз жайына кетті.
Өзімді біраз сыбап алып, «әлі де кеш емес шығар» деген оймен, «Айана, қане зымыраның?» — деуім сол-ақ екен, қызымның еңсесі көтеріліп, кері бұрылып, жанары жадырап маған қарай қайта жүгірді.
Енді қараңыз, өзіне тап қазір, бәлкім, ең маңызды адам болып есептелетін әкесінің назарын осынша шырмаған не еді?
Таяу Шығыстағы жағдай ма? Әлде, қазақ тілінің бүгінгі күйі ме? Ол жағы қазір менің де есімде жоқ. Тіпті, бәлкім, өз масқарама орай, тап сол мезет бала тәрбиесі жайлы эссе жазып жатуым да мүмкін еді. Бастысы ол емес. Онда не?
Э-г-о.
Ашқарақ эгоны „тамақтандыру“.
Дәлірегі альтер-эго, яғни виртуал бетпердемді.
Себебі, сол жазба лайктың астына көмілсе де, бергі жақтағы Асқардың, тап сол мезет бала тәрбиесін жарытып жатқаны шамалы еді ғой.
Ендеше, құрсауында жүргенімізді өзіміз де байқамай қалатын, бейсаналы бетперденің табиғатына үңілсек қайтеді?!


БЕТПЕРДЕНІҢ АРТЫНДА

Оcылай екен...: ҚАЙ БЕТПЕРДЕМДІ ШЫМШИЫН?! Жасанды кейіп: реалда һәм интернеттеЕгер, Жандос Құсайын, өзінің мен туралы материалында, әлеуметтік бетпердемді сәл төмендеу түсіріп, оның арғы жағындағы оғаш деректерді суреттеуді мақсат қылса, материал мазмұны шамамен мынадай бөлімдерден тұрар ма еді?

1. Үй шаруасына соншалық пысық емес.
2. Уәдесіне үнемі берік емес.
3. Салауатты өмір салтына соншалықты адал емес.
4. Естелік жазбаларына қиял қосып жіберетіні бар.
5. Жігер жетіспеушілігінен жиі зардап шегеді.
6. 30-ға келсе де, видео ойын ойнайтыны бар.
7. „Жайдарманның“, Туканың арзан әзілдеріне шалқалап тұрып күледі екен.
8. Кейде пікір жазбас бұрын гуглдетіп, викилетіп алады.


Бұдан басқа да толып жатқан сырларым бар ғой, бірақ бетпердемнің амандығы үшін, әрине, оларды бұл жолы да сіздің сұлу жанарыңыздан жасырып қалар ма едім. Әйтпегенде, Қайрат Нұртастың әндеріне жетісіп билегенімді де, «Келін» сериалының бір құсық эпизодына боркемік болып, көзім дымданып қала бергенін де өз алдына пункт қылуға тура келер ме еді?!


ПЕРСОНА

Оcылай екен...: ҚАЙ БЕТПЕРДЕМДІ ШЫМШИЫН?! Жасанды кейіп: реалда һәм интернетте
Бір кездері реалдағы бетперделерімді шешіп тастап, еркін жазуға көмектескен, кей ортада «галстук» кимей жүруге болатынын үйреткен лақап есім, енді маған «ресми отырыстарға да трико киіп бара бер» дейді.
Жындының сандырағы сияқты.
Алайда бұл құбылыстың еш сиқыры жоқ екенін атақты психиатр Карл Густав Юнг айқындап өткен болатын:

»Персона — (лат. реrsōnа — бетперде) жекелеген адамның санасы мен қоғам арасындағы күрделі қарым-қатынас жүйесі… Бір жағынан сізге бөтен ортаға белгілі бір әсер тудыруға, екінші жағынан өз болмысыңызды жасыруға арналған бетперде". (Юнг 1953, 192-бет).

Юнгқа сәйкес, бірнеше персонамыздың болуы — барлығымызға тән қалыпты дүние. Тек, өзіңіздің бар болмысыңызды бір бетпердемен шектеп не шатастырып алмаңыз.


Интернет-бетперденің ерекшелігі

Оcылай екен...: ҚАЙ БЕТПЕРДЕМДІ ШЫМШИЫН?! Жасанды кейіп: реалда һәм интернетте
Сіздің интернет көмегінсіз де, күнделікті ойнайтын түрлі рөлдеріңіз бар ғой: оқушы, әке, дос, құрбы, ана, әріптес т.б. — бұлардың барлығы да сізге ауадай қажет. Бірақ, сізге «осының біреуін ғана таңдап, өмір бақи сол рөлден шықпауға тырысып көр» десем қайтер едіңіз?
Интернет-бетперденің қиын тұсы — болмысынан күрделі келетін, тіпті кейде қарама-қайшы қасиеттер бір бойынан табылатын тұлғаның бір ғана бетперде шеңберінен шыға алмай қалуы. Себебі, мұндағы әрекетіңді бір мезетте ағаң да, анаң да, құрбы-құрдастарың да көріп отырады. Біреуіне көрсеткен қырыңды, әдетте, екінші таныстар тобына көрсеткің келмейді ғой. Орынсыз.
Ал күнделікті өмірде қалай? Асханаға кірдіңіз, «хоп» сіз әйеліңіздің сүйікті күйеуісіз. Телефон шыр етті — анаңыз соғып тұр, «хоп» сіз — мамасының ерке-тотайы. Далада бабылдатып боқсорушы келіп тұр. Сіз аяқ киіміңізді іле сала сыртқа шықтыңыз. «Хоп» сіз енді талапшыл да сараң клиентсіз. Әлқисса, бетперделеріңіздің ауысуы реалда өзінен-өзі, шартсыз рефлекс түрінде жүзеге аса береді. Ал интернет туралы ондайды айта алмаймыз.

Әрине, «Аналар», "Әкелер", "Қазақтар", «Пәлендер мен Түгендер» деген үй ішінен үй тіккен қауымдастықтар, жақын достар мен алыс достарыңның арасын бөлу қызметі әр топпен қалауыңызға қарай қарым-қатынас режимін таңдауға аз да болса мүмкіндік береді. Дегенмен, әлеуметтік желіде бір қалыптасқан рөлден, екіншісіне секіріп отыру қиын.
Содан ба, виртуал кейіпкерлердің көбі өзін басқа амплуада көрсете алмайды. Оны жергілікті «комьюнити» де басқаша қабылдай алмайтын күйге жетеді. Тұлғасының басқа қырын қанағаттандыру үшін кейбіреулер тағы бір қосымша аккаунт ашуға мәжбүр болады. Жеке мені алты аккаунт пен алты түрлі кейіпкерді бірдей алып жүру қатты шаршататын.


ЖАЛҒАН КЕЙІП КҮШЕЙСЕ

Оcылай екен...: ҚАЙ БЕТПЕРДЕМДІ ШЫМШИЫН?! Жасанды кейіп: реалда һәм интернетте
Бала жанының маманы Дональд Винникот бетпердені «жалған кейіп» деген терминмен атайды. Винекеңнің пайымында, жалған кейпіміз керек жерінде сыпайы болып, орынды сөйлеп, адамдармен ортақ тіл табу арқылы шын кейпіміз оғаш не ерсі қылық көрсетпеуі үшін «аузымызды жауып, қолымызды байлап», ортаның сын-табасына ұшыраудан қорғайды.
Бірақ, Винникот, біздің оғаш та болса, өз шынайы сезімдерімізді, азғын да болса хақ ниеттеріміз бен арам ойларымызды ең болмаса сөз жүзінде білдіруге, ашық айтуға қысылмауымызды қалайды.
Әрі-беріден соң, ұдайы көрсетілген әлімжеттіктен ішкі «меніңіздің» сағы сынып, жабырқап, жетімсіреп қалады екен ғой. Сондықтан, шын өміріңізде объективті не басқа себеппен жүзеге асыра алмайтын, дауыстап айта алмайтын, қоғамда ұятты, «табу» саналатын ойыңызды интернеттегі бетперде арқылы білдіру алғашында психолог сеансынан өткендей әсер береді. Әлдебір оғаш ойлар мен ұятты қылықтарға қоғамның қалай жауап қайыратынын реалдағы бетпердеңізді былғамай-ақ анықтай аласыз.

Тек, уақыт өте келе, бетпердеңнің тым күшейіп кеткені себепті, сен үнемі сыртқы мотивацияға, біреудің қолдап-қолпаштауына тәуелді боласың. Оны өзімнен де, өзгеден де анық байқап жүрмін.
Демек, виртуал бетпердені болмысыңызға бағындырудың бір жолы — эмоцияңызды жасырмау және ішкі көңіл-күйіңізге қайшы дүниелерді жазбау. Виртуал бетпердеміздің психологиялық механизмін жете түсініп, болмысымызды шын күйінде, әспеттемей қабылдауды үйренсек, жалған, екіжүзді өмір мен соның салдарынан туатын депрессияның құрсауынан да аулақ боламыз.

UPD. «Отака куня, малята!» ал сендер «бетперде» дейсіңдер. :-)
Бөлісу:

33 пікір

DiasBisengali
ЭГО дегенің дәл тиді енді. Тура 10 дыққа
Rafaello
Күшті басталып келе жатты да соңында қалғып кеттім
zholantai
ауыр жазып кеттің бе, әлде менің өзімнің қабылдай алуға танымым жетпеді ме, әйтеуір не айтқың келгенін ұқпай отырмын,
VKM
Асқар көрінген тақырыпты гүлдендіріп жазады!
ken
VKM, бастан аяқ оқып шықтың ба?
VKM
әрине, кен.
Бәрін ұқтым)
zholantai
Далада бабылдатып боқсорушы келіп тұр.
басқа мысал таппағандай, осыған ұрынғаны нес екен, сатыбалдының жазбасы бар еді, иә
nurbergen_makym
Очм, амигос, виртуалдағы бейнеміз – "әке", «көрші», «көңілдес» деген «рөлдер» сияқты, кезекті ғана «бетпердеміз» дейсің ғой?!
Gastarbaiter
Сондай болғаны дұрыс, әйтпесе, мынау Фейсбуктағы Гастаның профайлы лайктарына мастанып, өткенде маған реалда дікеңдеп тұр, бицепстері бүлк етпей, ептібайымайыд, кімнің қолынан туғанымен шаруас жоқ, щегол, туғанына үш жыл да болған жоқ ғой. Анда санда теуіп, теуіп, аккаунтыңның жай ғана фотокарточкалар жинағы екенін есіне салып, орнын көрсетіп тұру керек просто, өзін тұлға сезінбеуі үшін.
zholantai
Тек, уақыт өте келе бетпердеңнің тым күшейіп кеткені себепті, сен үнемі сыртқы мотивацияға, біреудің қолдап-қолпаштауына тәуелді боласың. Оны өзімнен де, өзгеден анық байқап жүрмін.
сыртқы мотивация түсінікті енді, керек етіледі ал біреудің қолдап-қолпаштауына сені мәжбүр болады деп ойламаппын
Gastarbaiter
Мәжбүрлік емес, zholantai, тәуелділік деймін. Араққа ешкім мәжбүр емес қой.
Бірақ, іше берсең, тәуелділік пайда болады. Әлдебір ситуацияға жеке позициямды білдіру кездегі емес, көбінесе қызық болады-ау деп бөліскен дүниелер, басымнан өткен әңгіме, не қалжың не қандай да бір шығармашылығыңмен бөлісіп болғандағы және оның "өткен" кездегі кайфын айтамын. Аудиторияның овациясына бөленіп, кураж ұстап алғандағы сезімді айтамын.
zholantai
мәжбүр болудан келіп тәуелділік пайда болмайды ма?
Gastarbaiter
Психология тұрғысында мәжбүрлік — объективті жағдай.
Тәуелділік — шын мәжбүрліксіз байлану… Кешірерсің, барынша қарапайым түсіндіруге тырыстым.
zholantai
мда, түсінген бола салайынш, бірақ түсіне алмадым
Gastarbaiter
«Тым көп теңеу, шендестірулер келтіріп кетесің» деп сын айтатындар осыны диалогты көрсе ғой, менің аналогиялар тирадасын жетіскеннен жазбайтынымды түсінер еді.
araika
Қазір виртуал бетперделер азайып бара жатқан сияқты)
Rafaello
Превьюге кез келген бір сурет қойсаң посттың рейтингін, оқылым санын алғашқы беттен көре алар едік
GALEKE
Қабылдай алмадым. Әке, іні, күйеу және т.б. бетперде деп қарайтын болсақ бүкіл өміріміз бетпердеден тұратын болып шыға ма? Онда шынайы, бетпердесіз кейпіміз қандай болғаны? Әлде мүлдем мүмкін емес па? Әлде бетперде ұғымын реал, шынайы деп қабылдасақ бола ма?
Gastarbaiter
Бетпердесіз кейпің шамамен 1 жастағы балаға келіңкірейтін сияқты.
Қой дегенді түсінбейді, этикетке ұрып қол қойғаны бар, бұтына тыша да, сие де салады, боғын аяғымен езгілейді, ұят жоқ, қарны ашса, қолын емшекке қарай соза салады. Тыртай жалаңаш жүгіріп жүре береді қонақ келсе. Міндет, борыш дегенді білмейді. Тек өзінің тап қазір не қалайтнын ғана біледі. Және соны талап етеді.
AKY
Психолог епт))) ПОциенттікке жазылсам бола ма? :)))
MeihuaZheng
болмаған нәрсе болды деп қияли нәрсе жазбайм өзім туралы, бірақ айтылмайтын, ешқашан ешкімге айтпаған, айтпайтын какбе сырларым бар. сондықтан я без бетперде. а просто недоговариваю )
AKY
Недоговаривать — тож бетперде, меніңше)
MeihuaZheng
патилетіп, бақытты көрінуге тырыспайм да афтордың симптомындағыдай ))
AKY
поқуист көрінуге тырысасыз )))
MeihuaZheng
поқуиспін ғой енді… :(
Gastarbaiter
Сол недоговариватьқа қарама-қарсы переговаривать деген бетперде бар ғой сендерде. Просто, кнопкасы басылмай жүреді.
VKM
блогиада бітуге қанша уақыт қалды?
AKY
6 апта — 6 тур.
Zhan
Шамасы алтыншы рет айтқанда, мен Айанаға қарамастан, «Иә, жарайсың, анау мамаңа көрсетші» — дедім. Балам менің тап қазір не істеп жатқанымнан хабарсыз еді. Бірақ бір нәрсені түсінгені анық — әкесі байланыс аясынан тыс жерде. Айананың көзіндегі ынта оты өшіп, басы салбыраған күйі, аяғын сүйрете басып өз жайына кетті.
мына жағдай менде де кей-кейде болып тұрады
bizbike
Әнуарбекқызы, сонда кімді алдайсыңдар?? Лібә-ә-ә осындай екіжүзділіктің не керегі бар?
деген пікіріңізден кейін ойлап едім бұл бәрібір біржақты бола алмайды ғой бәріне, күйеу, ұл, күйеу бала, әке, дос ретінде өзін әр түрлі ұстайды ғой деп, соны өзіңіз жазыпсыз ғой қанша уақыттан кейін.
Gastarbaiter
Контекстіден жұлып алыпсыз ғой. Ренжігеніңізді білгенім жоқ. Бірақ, мен секси хиджаптарды бәрібір түсінбеймін. Секси киінгің келсе, оны хиджап деп әспеттемей кие беру керек. Әйелдің сұлулыққа талпынуы қалыпты нәрсе.
bizbike
Ренжімедім. Тек ойлап қойдым адам әр түрлі ұстайды деп өзін әр адаммен.