Қайырымдылықтың ең ізгі амалы - Садақа
Эпилог ретінде:
"Садақа" тақырыбына жазба жазу тапсырмасы берілген алғашқы 5 күн бойына білім базамда бұл ұғым жайында дерек-
тердің, қатысты материалдардың жоқтығына көзім жетті. Тіпті - мүлдем идеясыздық... Бірақ, шегінерге жол жоқ
еді: артымда - тар жолдың тайғағын кешкен "тағдырым", алдымда - абырой мен жауапкершілік тұрды...
Асыл дініміз Ислам әлемінде «Садақа» ұғымы:
Садақа — Алла Тағаланың ашуына ұшырауынан сақтаушы, қателіктерді өшіруші, тозақ отынан сақтаушы, қиямет күні әркім өз теріне малшынатын аптап ыстықта иесіне саюшы, мейірімділік сезімді оятушы, жүректі жұмсартушы ең ізгі амал;деп келеді екен… «”Садақа және зекет” кітабы, 19 бет (авт. Нұрлан Анарбеков) »
Қайырымдылық жасаудың садақа мен зекет атты түрлері жайлы тіпті жалпылай базалық түсініктің аздығы мен «бір бастаған істің қыр-сырын толық меңгеріп алу» принципімнің себебінен, Астана қаласындағы: «Нұр Астана» және "Әзірет Сұлтан" мешіттеріне арнайы осы тақырыппен бас сұқтым.
«Нұр Астана» орталық мешіті
Орналасуы: Астана қаласы, Қабанбай батыр көшесі, 36 | Ауданы: 3930 ш.м. | Сыйымдылығы: ≈10 000 адам | web сайты: Үммет.кз |
Осы мешіттің наиб имамы Төлеби Оспан ағамызбен сұқбаттасудың сәті түсті.
Ассалаумағалейкум Аға.«Садақа» тақырыбында жазба жазу үшін блоггерлік сараптама жасап жүр едім. Жалпы, осы тақырып жайында не айта аласыз? Дінімізде садақа жайлы не делінген?
Уағалейкум ассалам уа рахматуллахи уа баракатух.
Дінімізде садақа жайлы көптеген аяттар риуаят етілген:
«Жасырын не ашық түрде көп садақа беріңдер, ризықтарың көбейеді, көмекке ашық болыңдар дұғаларың қабыл болады.» (Ибн Мажә);
«Ілімділер ілімінен, мал-мүлкі барлар мүлкінен садақа берсін.» (Ибни Сүнни);
«Бір дана құрма да болса садақа ретінде беріңдер, өйткені ол аз да болса аштықты кетіреді және судың отты сөндіргені секілді күнәларды жояды.» (Ибни Мүбәрәк);
«Садақа нәпіл ораза тұтудан да құнды.» (Байхаки);
«Садақа ретінде берілген бір үзім нан Аллаһу та’аланың алдында Ухуд тауындай үлкейеді.» (Табарани).
Садақа беру — жүрегінде иманы бар нағыз мұсылманның, оның пайдасы мен Алла Тағаланың берер мол ризығы мен берер абыройынан үміт еткеннің ісі. Қандай да бір жағдай болмасын садақа беру міндет. Тіпті, Құдайға шүкір, қазір кез-келген жанның ең болмаса жарты келі бидай бере алатындай жағдайы бар. Сондықтан оны жүрек пен ардың жағына қалдырдық.
Аға, Сіздердің мешіттеріңіз тарапынан мұқтаж жандарға қандай садақалар беріліп жатыр? Қандай шаралар ұйымдастырылуда?
Біздің мешітке Астана қаласының Есіл ауданына қарасты материалдық жағдайы төмен, көмекке мұқтаж жандарды қамтамасыз ету (бейресми) міндет етілген. Әрине, мешітіміздің есігі — оны шынайы көмекке зәру боп қаққан жанның әрбіріне ашық.
Бізде, аудандағы сондай көмекке зәру жандардың, оның ішінде нақты мектеп жасындағы 250 баланың тізімі бар. Мойнымызға сол балаларды мектепке дайындау жүктелген. Мешіттің кіреберісінде орналастырылған «Мектепке жол» атты акциясынан және жекелей тұлғалардан түскен қаржылар — тура осы балалардың несібесіне бұйырғалы тұр. Керек-жарақты бәрін алып, сақадай сай дайын отырмыз.
Орташа есеппен 1 баланы киіндіріп жарақтауға кеткен қаржының шамасы қандай болды?
(қолына сатып алынған заттардың есеп-фактурасын алды) Әр баланың жас шамасына қарай, сыныбына қарай — оған жұмсалған қаражаттың да орташа соммасы әрқалай. Атап айтар болсақ:
1 балаға:Міне, осындай дайындықпен алдағы тамыз айының 26 күні, тізімдегі барлық жандарды осы мешітке шақыртып, арнайы табыстайтын боламыз.
Дәптер/қалам және т.б.с.с. жарақтар — 2000 мен 2600 теңгенің шамасында;
Дорба (сөмке) — 1300 бен 4400 теңгенің арасында;
Мектеп формасы (ақшасы қолына беріледі) — 13000 мен 30000 теңге көлемінде қаржы жұмсалды.
Әңгімеңізге рақмет. Алла істеріңізге береке берсін.
"Әзірет Сұлтан" мешіті
Орналасуы: Астана қаласы, Р. Қошқарбаев даңғылы мен Тәуелсіздік даңғылының қиылысы, нөмірсіз | Ауданы: 17 700 ш.м. | Сыйымдылығы: ≥ 12 000 адам | web сайты: Мүсілім.кз |
"Әзірет Сұлтан" мешітінің наиб имамы Қуат Ерғалиұлы өзінің жеке кабинетіне қабылдап, барлық сұрақтарыма толық жауап берді.
Аға, қайырымдылық жасаудың ізгі амалдары деп садақа мен зекетті білеміз. Осылар жайлы айтып беріңізші.Дініміз Исламда садақа мен зекеттің екеуінің орны бөлек. Садақаны — міндет, зекетті — парыз деп білгеніміз жөн. Зекетті арнайы жандар ғана бере алады, ал садақаны кез-келген жанның беруіне болады. Зекет жылына бір рет, садақа көңілдің қалауымен беріледі.
"Әзірет Сұлтан" мешітіне қойылған садақа жәшіктері жайлы сұрайын деп едім.
Мешітке бас иіп кірген әрбір адам осы садақа жәшігіне азын аулақ болса да тиын тебен тастамай шықпаса керек. Осы жәшіктер қалай бақыланады, қорғалады, кімнің назарында? Сол сұрақтарға жауап берсеңіз.
Мешітімізде жалпы саны әр жайға орналастырылған 10 садақа жәшігі бар. Аптасына бір бет ондағы түскен қаржыны мешіттен жалпы саны 7 адамнан кем емес құрылатын арнайы комиссия шешіп отырады. Ол комиссияның құрамына: мешіт имамы, бухгалтері, және міндетті түрде ерікті жамағаттан 2 адам кіреді. Жәшіктің аузын жабарда әр жолы комиссия мүшелерінің қолы қойылған қағаз жабыстырылып, мөрленіп отырылады.
«Мешіттен садақа жәшігі ұрланыпты» дегенді жиі естіп жатамыз. Ол жәшіктердің қауіпсіздігі қаншалықты қамтамасыз етілген?
Меніңше, қауіпсіздік шаралары жоғарғы деңгейде қамтамасыз етілген. Мешітте барлығы 76 камера орналастырылған. 3 ауысымда күзетшілер қызмет етеді, әр ауысымда — 7 адамнан. Ол жәшіктердің салмағы да біршама ауыр, тіпті 2-3 адамның орнынан қозғалтуға шамасы келмесе керек.
Жауап бергеніңіз үшін рақмет айтамын. Алла разы болсын!
Сонымен -
Садақа — әрбір жанның жүрек қалауы мен арына қалдырылған игі шаралардың бірі. Дініміз — садақа берушілерге аса бір құрметпен қарайды. Садақа берудің де түр-түрі бар: қаржылай, біліммен, көңілмен, заттай т.б.Бастысы — жүректе тап-таза ниет пен Алланың адал жолын танитын иманның болуы.
Осы жазбамды оқып отырған әрбір адамнан ертең мектепке барар дайындығы жоқ мектеп балаларына көмектесулерін сұраймын. Астанада болсаңыз жүріп жатқан «Мектепке жол» акцияның телефон нөмірлерін ашық қалдырдым. Сіздің де қалаңызда/ауылыңызда осы тектес шаралар жүріп жатқан болар. Қолыңыздан келсе көмектессеңіздер екен. Алла разы болсын!
4 пікір